Қазақстанда жолбарыстарды еркін жіберу қауіпті және олардыжерсіндіру экономикаға тиімсіз іс-шара

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мынадай мәліметтерге назар аударайық: «Қазақстан үкіметі елде жолбарысты қайта енгізу жұмыстарының басталғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі». Сонымен Тұран жолбарысын қалпына келтіру үшін ең қолайлы орын ретінде Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы, Ертіс өзенінің шығыс жағалауы таңдалған. Балхаш өңірінде кемінде 100 жолбарыс популяциясын құру мүмкіндігі жоспарланған. Жуырда екі жолбарыс Нидерланд елінен жеткізіліп, олар «Іле-Балқаш» резерватын мекендейтіні көзделген. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша келесі жылы Ресейден тағы 4 жолбарыс алынып, олардың жерсінуі, өсіп-жетілуі мен көбеюі жіті бақылауда болады. Кейін жыртқыштар біртіндеп табиғатқа еркін жіберіле бастайды. Аңдардың азық қоры дайындалды. 7 жылдың ішінде 200 бас тоғай бұғысы, 60 бастай құлан алып келінеді. Одан тыс сол жерде табиғи қабанның популяциясы, еліктің популяциясын көбейтуге біраз жұмыс жасалады екен.
Сонымен жолбарысты Қазақстанда жерсіндіруге қыруар қаржы бөлінетіні айдан айқын. Ол шығын ақтала ма, немсе құмға сіңген судай жоқ бола ма? Менің ойымша, бұл іс-әрекет бекер шығындыққа соқтырары анық. Егер «жыртқыштар біртіндеп табиғатқа еркін жіберіле» бастаса Қазақстан тұрғындарының өміріне шынайы қауіп-атер төнетіні анық. Сонымен қоса халықтың көпшілігінің үрейге душар болатыны сөзсіз. Жолбарыс мысық тұқымдасының ішіндегі ең ірісі болып саналады. Бірақ, жолбарыс мысық тұқымдас болса да, оның басынан сипап, алдыға салып, еркелету мүмкін емес. Олардың кейбір түрлерінің салмағы 300 килоға дейін жетеді. Жолбарыстар адамдарға жиі шабуыл жасайтыны белгілі. Ол адамға шабуыл жасаса, пенденің тірі қалуы екіталай. Өйткені жолбарыстар асыра қатыгез жыртқыштар қатарына жатаді. Жолбарыс алдыңғы аяғымен салып қалса, зор денелі аюдың өзі де сеспей қатады екен. Мысалы, Үндістандағы адам жегіш ең әйгілі жолбарыс шамамен 430 адамды өлтірген. Көршіміз Ресейде жолбарыстың адамға шабуыл жасауы өліммен аяқталатын жағдайлары кезігеді. Жалпы әлемде жолбарыстардың шабуылынан 373 мың адам ажалға душар болған деген мәлімет бар. Жан түшігерлік дерек. Жолбарыстар зообақ қызметкерлеріне, жаттықтырушыларға, хайуанаттар бағы мен циркке келушілерге, туристерге шабуыл жасайтыны орын алады. Ал Еліміздегі жолбарыстарды жерсіндіруге тікелей қатысатын жұмыскерлердің бас амандығы қандай болары белгісіз. Билік аталған жағдайларға баса көңіл аударуға міндетті. Осы себепті Қазақстанға жолбарыстарды қоныстандырудың пайдасынан залалы басым екені айдан айқын. Қазақстан Республикасының Конституциясының 1 бабында Қазақстанның «ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айырықша аталып жазылған. Ал Ата Заңымыздың 15 бабында : «1. Әркімнің өмір сүруге құқығы бар. 2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ…» делінген. Бұл мызғымас ақиқат!
Аталған жағдайларды еске ала отырсақ, «Іле-Балқаш» резерватын мекендейтін жолбарыстардың адамдарға шабуыл жасамайтынына кім кепілдік бере алады? Ешкім де ондай кепілдік бере алмайтындығы анық. Беті аулақ әрине, бірақ, әгәрки, жыртқышқа таланған пенденің сұрауын кімнен талап етуге болады? Кім жауапты болады? Мен жауаптымын!- деп суырылып шығар мемлекетіміздің жоғары лауазымды қызметкері табылмасы анық. Басты мәселе осында.
Енді мына мәселелерге де назар аударайық. Мысалы, ересек жолбарыс жылына үш тоннаға дейін ет жейді екен. Мемлекеттік жоспарға байланысты Елімізде 100 -дей жолбарыс жерсіндірілсе оларға жылына 300 мың тонна етті кім қамтамасыз етеді? Сондықтан бұғылар, құландар мен қабандардың саны мыңдаған болуы керек емес пе? Олардың ондай санға жетуі мүмкін бе?! Күмәнді жәйт. Және ну орманынан ада, тек табиғи жазық құмтақ даламен сипатталатын Балхаш өңірі жолбарыстың өз бетімен қоректену аңшылығына қолайсыз екені анық. Ресей және Үнді жолбарыстары қалың ну ормандарының жыртқышы болып саналатыны мәлім.
Ал жолбарыс резерваты қоршала ма? Қоршалса, қоршаудың биіктігі 6 метрден төмен болмауы тиіс, өйткені жолбарыс жоғарыға қарай бес метрге дейін секіре алады. Сондықтан ол жапан дала еркіндікке шықса, адам мен жеке меншік малдарға қауіп төнеді. Жолбарысты жерсіндіруді әсірелі қолдайтын кейбір мамандардың айтуынша, осы жыртқыш иемденген жер теліміне мал шаруашылығына нұқсан келтіреді-міс саналатын қасқырлар жоламайды деген желеуге масаттанады. Оған қуанудың ешқандай негізі жоқ. Өйткені қасқырлар табиғаттағы хайуандар санитарлары болып саналады. Олар жоқ жерлерде хайуандар мен малдардың жұқпалы аурулары өршігетіні дәлелді факт. Ал ата-бабаларымыз, түркі халқы өздерінің ата-тегін қасқыр деп санап, оны аса қадір тұтып, табынған. Сонымен қасқыр немесе «көк бөрі» түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі екенін ұмытпаған жөн.
Туран жолбарысы Қазақстанда болса болған да шығар. Бірақ олардың Балхаш пен Сыр бойының табиғи ортасына бейімділігі хайуандар эволюциясына сай заңдылық. Әрине, олар Амур және Үнді жолбарыстарынан айырмашылықтары едәуір болған. Болжамға сай олар кішірек типтегі жыртқыш болуы ықтимал. Туран жолбарысы адамның шаруашылық әрекетінен жойылып кеткен делінеді. Оның ізі қалмаса да, ең болмаса сол жолбарыстардың бірінің қаңқасы табылды ма? Жоққа ұқсайды.
Аталған жағдайаттарды бүтіндей таразыға салсақ, Амур немесе Үнді жолбарыстырын Қазақстанда өсіріп, жетілдіру адам өміріне қауіпті және экономикалық тұрғыдан мүлдем тиімсіз екені анық. Аталған шалағай іс-әрекеттерден ертерек бас тартқан дұрыс болады.

Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы,
публицист