Біздің республика соттарының цифрлық сервистері әлемдегі ең озық сервистердің бірі болып табылады (ресми рейтингтерге сәйкес).
Сот жүйесіне заманауи жаңа ақпараттық технологиялар енгізіліп, олар одан әрі жетілдіріліп жатқанына ерекше мақтанамыз.
Электрондық үкіметтің жаһандық даму индексінде 2023 жылы еліміз БҰҰ мониторингіне кіретін 193 елдің ішінде 28-орынды, ал онлайн-қызметтерді, оның ішінде сот саласына байланысты қызметтерді дамыту деңгейі бойынша 8-орынды иеленді.
Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттердің 2020-2022 жылдардағы соттардың IT-технологияларды қолдануы жөніндегі сот жүйелері туралы CEPEJ шолуларында Қазақстан 47 елдің ішінде 4-орын алды.
Негізгі бағдар — кез келген уақытта соттармен барынша ыңғайлы байланыс орнатуға мүмкіндік беретін, халық үшін ыңғайлы, қарапайым және түсінікті құралдарды жасау.
Бүгінгі таңда сот жүйесіндегі барлық өтініштердің 95% сот кабинеті арқылы беріледі. Бұл өз кезегінде тараптарға әлемнің кез келген нүктесінен сотқа қашықтықтан жүгіну мүмкіндігін береді.
Бейнеконференц байланысын белсенді қолдану, процеске қатысушыларға электрондық хабарламаларды енгізу, сондай-ақ істерді қараудың қағазсыз форматына көшу іс жүргізу шығындарын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.
2016 жылдан бастап еліміздің барлық соттарында 60-тан астам ақпараттық деректер базасымен интеграцияланған «Төрелік» ақпараттық жүйесі жұмыс жасауда. Қазіргі таңда «Төрелік» 2.0 жобасы жүзеге асырылуда.
Ақпараттандырумен барлық кезеңдер: құжаттарды қабылдау, істерді автоматтандырылған бөлу, сот талқылауы мен шешімдерді беру қамтылған.
Егер пандемияға дейін барлық сот отырыстарының жартысына жуығы онлайн өткізілсе, пандемия кезінде бұл көрсеткіш 94% — ға жетті.
2023 жылдың желтоқсан айынан бастап жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, «Сот практикасының цифрлық талдауы» іске қосылды.
Бағдарлама сот шешімдерінің мәнін түсінуге, оларды бір-бірімен салыстыруға, даудың белгілі бір түрі бойынша кемшіліктерді анықтауға бағытталған.
Бұл жаңашылдықтың тағы бір жағымды тұсы: сервис азаматтарға дауды қарау нәтижелерінен қандай қорытынды күтуге болады деген болжамды алдын ала білуге мүмкіндік береді. Жүйе қалыптастырған сот актілері банкі судьяларға республикада бұрын шығарылған бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот актілерін табуға, оның іс жүргізуіндегі даудың санаты бойынша сот практикасын білуге көмектеседі және бірыңғай сот практикасына сәйкес дұрыс шешім қабылдауға септігін тигізеді.
Үнемі өсіп келе жатқан ақпараттың үлкен қарқынын басқару үшін Жоғарғы Сотта Ахуалдық орталық құрылды.
850 көрсеткіш бойынша деректер жалпы республика бойынша да, өңірлер және тіпті ең алыс соттар бойынша да қолжетімді.
Ахуалдық орталықтың бағдарламалық қамтамасыз етуі:
- сот отырыстарының уақытында басталмауын;
- істерді автоматтандырылған бөлу рәсіміне араласуын;
- аудио-, бейнежазбаларды қолданбауды;
- істерді қарау мерзімдерін бұзуды және тағы басқа ықтимал фактілерді анықтайды және белгі береді.
Сонымен қатар, Ахуалдық орталық республиканың 1479 сот залының кез келгенінде процестердің барысын бақылауға мүмкіндік береді.
Ахуалдық орталықтың маңызды функциясының бірі сот жүйесінің ақпараттық ресурстарын қорғау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезінде сот саласын цифрландыруды жалғастыру басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл жұмыстың маңызды кезеңдерінің бірі азаматтық процеске эксаумақтық соттылықты енгізу болды. Процеске қатысушыларға өздерінің географиялық тұрғылықты жерінде емес, роботтық бағдарлама анықтайтын кез келген басқа сотта істің қаралуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта осы тәжірибені әкімшілік істерде де қолдану жоспарлануда. Жаңашылдық қалыпты жағдайды және сот туралы түсінікті мүлдем өзгерте алады.
Азаматтық процесте эксаумақтық соттылық 2022 жылдың 1 тамызынан бастап жұмыс істеп келеді: осы уақыт аралығында эксаумақтық принцип бойынша 2022 жылы 455 іс, 2023 жылы 1647 іс, 2024 жылдың 9 айында 1562 іс бөлінген.
Бұл тәсіл азаматтық сот ісін жүргізудің негізгі қағидатын: тараптардың бәсекелестігі мен теңдігін іске асыруды қамтамасыз етеді. Эксаумақтық соттылықтың басты артықшылықтарына судьялардың жүктемесінің теңесуі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен судьяларға әсерді жою, қаржылық және адами ресурстарды айтарлықтай оңтайландыру кіреді. Талап қоюшының да, жауапкердің де бір-бірінен субъективті процестік артықшылықтары жоқ және соттылықпен қандай да бір манипуляциялар алынып тасталады.
Мұндай тәсіл аудандық соттардың штаттарын анықтауда, тіпті болашақта судьяның тұрғылықты жерін еркін таңдауға мүмкіндік береді, өйткені электрондық іс Қазақстанның кез келген жеріне жеткізілетін болады.
2023 жылы Астана мен Шымкентте бірінші сатыдағы азаматтық және қылмыстық соттарды біріктіру бойынша жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде елордада 8 соттың орнына 2 ірі ауданаралық сот (1 қылмыстық, 1 азаматтық), Шымкентте 4 соттың орнына 2 ауданаралық соты құрылды. Соттардың бірігіп нығайуы істерді тікелей қарайтын судьялардың бірліктерін аудандық соттар төрағаларының бос жұмыс орындарын беру жолымен ұлғайтуға мүмкіндік берді, олардың жүктемесі оларға әкімшілік өкілеттіктер жүктелуіне байланысты соттағы жалпы жүктеменің 30% құрады.
Басқа қалаларда, атап айтқанда: Алматы, Қарағанды, Ақтөбеде бірінші сатыдағы соттарды аумақтық бөлумен біріктіру жөнінде жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, кейіннен осы қалаларда жаңа аудандар ашылған кезінде жаңа соттарды ашу қажеттілігі болмайды.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі Әскери соты департаментінің жауапты мамандары сот саласына енгізілген ақпараттық технологиялардың, ол: «Төрелік» ақпараттық-талдау жүйесі, «Сот кабинеті» сервисі және оның мобильді қосымшасы, сот практикасының цифрлық аналитикасы, «БКБ» (бейнеконференц байланыс), МБКБ (мобильдік бейнеконференц байланыс), сот отырыстарын «АБЖ» (аудио-, бейнежазбасы) және тағы басқа сандық сервистердің үздіксіз сапалы жұмыс жасауын қадағалауда.
Әскери соттар қажетті техникалық жабдықтармен жабдықталған. Үнемі онлайн форматында өтетін сот процестерінде кедергілер мен техникалық ақауларды болдырмас үшін алдын алу шаралары өткізіледі. Сонымен қатар, әр сот маманы сотқа түсетін электронды құжаттармен жұмыс жасауды толық игерген.
Бүгінгі күні цифрлық технология жетістіктері сот саласының жұмысын жедел, ашық, қолжетімді етуде. Ал ашықтық пен қолжетімділік өз кезегінде халықтың сотқа деген сенімін нығайтады.
А.Қ.Әлиев
Қазақстан Республикасы
Сот әкімшілігі Әскери соты
департаментінің басшысы