Жағымсыз әдеттен арылайық

Ұят деген-адамның өз бойындағы адамшылдығы… Абай
Бұл мәселеге қозғау салу – менің азаматтық парызым. Мақаланың тақырыбын қамтитын бұл жәйт тұрмысымыз бен тіршілігіміздің көрінісі ретінде келеңсіз үрдіске айналып бара жатқандықтан көңіл бөлуді, салмақты талдау жасауды талап етіп отырғандығы анық. Тақырыбымызды талдаудың алдында, оған «бас ұруға» не себеп болғанын айта кету жөн деген ойдамын. Сонымен, көбіне қазақи болмысымызды айқындайтын «ақылы ерен, түсінігі терең» ұлтжанды азаматтың өмір жолындағы ұстанатын мақсат-парызы мына халыққа кең тараған мақалдарға саяды: «Ел намысы — ер намысы», «Ер жігітке өлімнен ұят күшті», «Жігітке намыс пен ар қымбат», «Ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы», «Ер аштан өлмейді, намыстан өледі», «Атты қамшы айдайды, ерді намыс айдайды». Сондықтан, саналы азамат тек өз басын ғана күйттемейді, ол Елдің, халықтың жағдайын ойлайды, абыройын көтереді, намысын жыртады.
Осы мақалдардың ой-пайымын күнделікті ұран етіп ұстайтындардың бірі болғандықтан, Еліміздің, халықымыздың ар-намысына тиетін, келеке-күлкіге ұрындыратын орынсыздық, жөнсіздік, оғаштық жәйттарді көре тұра, «көзжұмбай» жасауға арым жібермейді. Оларға түрткі болған нелер екенін түсіну үшін мына мысалдардан бастаған дұрыс болар. Сонымен, бірде белгілі Ресей кино және теледидар актері, тележүргізуші Сергей Светлаковтың Астанадағы ресторанының (өз басым ресторанды жөн-жосықсыз қазақиландырылған қазіргі «тойхана», «мейрамхана» деген атауларды мүлдем қабылдамаймын: бұрындары осыған қарсы жазылған мақалам жарық көрген) қонағы ретінде әлеуметтік желідегі танымал, атышулы Анастасия Ивлеева болғандығын қалың жұртшылық көрген болатын. Даяшы үлкен қазақи оюланған астауға салынған қазақтың тағамы — етті оның алдына қойған бетте, А.Ивлеева оны жейтін шанышқы мен пышақты талап етеді, бірақ даяшы: Бұл ұлттық тағамды қолмен жейді — деп жауап берді. Бұған әсіре таңырқаған Ресей мейманы тағамды тыжырына қолмен жеуге мәжбүр болды. Ал басқа бір видеороликте ресторанда Ресейден келген орыс әйелі етті қолмен жеуден бас тартқаны көрсетілген.
Қазіргі кезде Қазақстанда өте танымал болып кеткен Ресейлік блогер, «Алға» Петербург» жобасының авторы Иван Червинский, өзінің «Ночной Бешбармак — Если Захотелось Мяса по-Казахски в месяц Рамазан видеоролигінде (сілтеме -https://www.youtube.com/watch?v=mFZjiHgs2LY) қазақтың дәстүрлі тағамын дайындап, оны қолымен жегенді қалың көрермендерге ұсынған. Әрине бұны оған біздің «ой-пайымы шолақ, намыстан жұрдай» жерлестеріміздің біреуі үйреткеніне дау жоқ. Бұндай хабар-жарнаманы дұрыс деуге болмайды.
Келесі мысалдың қысқаша мазмұны: Бір қазақтың жігіті мен орыс қызы бір-біріне ғашық болады. Бірақ екі жақтың да ата-аналары бұған қарсылықтарын білдіреді. Бірақ екіара махаббат жеңіп, жастар бас қосады. Үйленердің алдында күйеужігіт қалыңдығынан қазақ салт-дәстүрін, тілін құрметтеуді талап етеді. Қалыңдық оның талабын қабыл алады. Екеуі үйленіп, жақсы жанұя құрады. Үш бала дүниеге келеді. Хош делік, махаббаттары баянды, жанұя берік болсын! Көрініс барысында қазақи ет дастарқанға келеді. Етті бәрі де қолдарымен жейді (Лучший Бешбармак. Сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=U_JPjaWdSc4). Қазақтың салт-дәстүрлерін ұстанған дұрыс, бірақ міндетті түрде етті қолмен жеу және оны көрсету дұрыс па? Жоқ әрине. Салттың озығы да бар, тозығы да бар. Ерте заманнан бұл дәмді ата-бабаларымыз «бешбармак» деп атамаған: «ет» деп атап келген. «Бешбармак» атауын орыстар башқұрттардан алған. Дәміміздің бұл жөнсіз атауы елімізге кең таралып бара жатыр. Ертеректе жарық көрген мақалаларымда бұл қазақи құрметті дәмді дастарқан мәзірі тізіміне (менюге) кіргізу үшін «Бастағам» деп атауды ұсынған едім. Өкінішке орай, бұл ұсынысым тіл мамандары мен қалың жұршылық тарапынан әлі қолдау таппай жатыр.
Халық арасы дастарқан басында әркім өзін әртүрлі ұстайтынына да тоқтала кетейік. Ертеде, ауылда бәрі етті ортақ табақтан қолмен жейтін. Ол кезде бұның сөке яки денсаулыққа қауіпті екеніне ой жүгірткен жоқ едік. 20 ғасыр, Кеңес заманында жоғары білім алып келген дәрігерлердің клубтағы кино көрсетілімінің алдында лекция оқып, қолмен ет жеудің денсаулыққа қауіпті болатынын, бұдан жұқпалы аурулардың таралуы мүмкін екендігін түсіндіретін. Бірақ жұрт сол әдеттен бастарта қойған жоқ. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген мақал бекер айтылмаса керек. Ғасырлар бойғы әдет әп сәтте қала қоя ма?! Содан есте қалғаны, көбінесе тойдан немесе күнделікті қонақтардан желінбей қалған табақтағы еттің қызығын ауылдың қаңғып жүрген иттері көретін. Өйткені, сол қалған ет-нанды «түсінікті себептермен» ешкім қайта жемейтін: ол малқора сыртындағы күресінге төгілетін. Бұл қалдық дәмнің обал және ысырап болғандығын ержете ғана түсіндік. Ал қазір ше? Ресторандарда өтетін той немесе аста ортақ табаққа салынып келген етті даяшы әркімнің табақшаларына мол етіп салып береді. Сонда, біреудің: Қалқам, маған бір-екі түйір ет, аздаған ғана нанын сал — деген қанағатшыл пендені кездестірмедім. Даяшылар ет-нанды табақшаларға толтырып салады, ал дастарқан басында отырғандар көбісі оның жартысын ғана тауысыды. Кейбіреудің етті қолымен жегенін, ал қалдығын ортақ табаққа салып жатқанын да көзіміз көрді. Дұрыс па? Әрине дұрыс емес. Біреудің қалдығын ешкім жемейді, сондықтан ол тасталатыны анық. Ысырап па? Ысырап. Ал бірен-сарандары әйдік салынған тағамды толығымен таусады. Арамызда тамақсаулар да кезігеді. Бұл да ысыраптың бір түрі деуге болады. Тіпті мынадай теріс ұғымды мақал да айтылып қалады: «Досыңның асын жауыңдай же!». Халықымыздың денсаулығына маңызды болғандықтан, мына жәйтті айта кеткеніміз артық болмас: Ғалымдардың пікірінше адамдар қазір шамадан тыс тамақтану дәуірінде өмір сүріп жатыр. Семіздік — әлемдегі ең көп таралған созылмалы аурулардың бірі болып саналады. Қазір толып кеткен жас буын балалар көбейіп кеткен. Ал кейбір жастардың қарындары шығып, тіпті салбырап жүргені әсте жараспайды және бұл олардың ағзасына зиянды екендігін диетолог ғалымдар жақсы біледі. Әлемдік статистика бойынша Жапония халықы ең көп өмір сүретіндер қатарына жатады. Бұл жетістіктің бір себебі — Жапонияда артық салмақ заңсыз болып табылады, сондықтан онда артық салмақпен күрес әлемде бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерілген. Заңнамада ел азаматтарына мынадай талап қойылған: ерлер белі 90 см-ден аспауы, ал әйелдер белі 85 см-ден жоғары болмауы қаралған. Бұл өлшемнен артық болса, кінәліге айыппұл салынады. Жапонияда семіздік деңгейі өте төмен, артық салмақпен ауыратын адамдар әртүрлі деректер бойынша тек 3% құрайды. Ал, бұл көрсеткішті салыстыра қарасақ, артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққандар саны Германияда – 22%, АҚШ-та – 36%. Жапондықтардың пікірінше, егер адамда артық салмақ болса, бұл жалпы қоғам үшін жағымсыз және экономика саласының талабы бойнша тиімсіз. Семіздікке шалдыққан адамдар денсаулыққа қатысты мәселелерге көбірек бейім, бұл денсаулық сақтау мемлекет бюджетін айтарлықтай арттырады. Мысалы, АҚШ-та семіздікпен байланысты проблемаларға жыл сайын шамамен 150 миллиард доллар жұмсалады.
Осыларды айта келе, қазақилықтың, оның дәстүрінің елеулі сипат-белгілерінің бірі ретінде ет тағамын қолмен жеу деп қарау ағаттық. Бұл ертеден қалған келеңсіз әдет. Оны атадан қалған бұзылмас салт деп қарауға болмайды. Бұл оғаш әдеттен арылмасақ әлем елдерінің жұртына жабайы сипаттағы халық қатарында көрінетініміз анық. Сонмен қатар, баса айтар болсақ, микроболог ғалымдардың зерттеуі бойынша, қол терісі көптеген микроорганизмдер үшін қолайлы орта болып табылады. Қолдарда орта есеппен 800 мың түрлі микроорганизмдер жасырын күнелтеді екен. Қолды үнемі жуу патогендік (жұқпалы) микроорганизмдерден мүлдем қорғап қалады деуге болмайды, бірақ бұл амал бірталай қауіптен сақтайды. Олардың көпшілігі тырнақ астында, алақанның бүйірлерінде және тері қатпарларында болады. Бактериялар сабында да тіршілік етеді екен. Микроорганизмдердің көбісі 100 градустан асқан ыстықта өлетіні белгілі. Бірақ қандай адам болсын ондай ыстық суға қолын жуа алмайды, өйткені күйіп қалады. Сондықтан ет пен басқа да сорпадан алынған тағамдарды қолмен жеу қауіпті, ал сырт көзге ерсі. Темір шанышқы, қасықтармен басқа да тағам бұйымдары ыстық су мен арнайы сабындармен жақсы жуылады. Сол себепті олардың беттерін микроорганизмдер «қоныстай алмайды». Әрбір адам қарапайым гигиеналық ережелерді сақтауға міндетті, ал халықтың медицина саласындағы сауаттылығының жалпы деңгейі биік болса, сол құрлым қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға рөлі зор болады. Әлемде үш жыл бойы ойран салған аса жұқпалы да қауіпті коронавирус миллиондаған адамның өмірін жалмады, ал Қазақстанда 1411831 адам ауруға шалдығып, 13848 адам өлімге душар болды. Бұл инфекцияның кең таралуының үлкен себебінің бірі — адамдардың жеке гигиена ережелерін сақтамағандығы болып табылдаы. Кайсібір жерлерде оның қайта бас көтерендігі білініп жатыр. Осыдан сақ болу керек.
Қазір оңды-солды топырлаған туристар заманы, сондықтан олар қазақтар мен олардың тағам қабылдау әдептілігі туралы оң пікір алып-қайтуы дұрыс болады. Меймандарға қазақша ет тағамын ұсынғанда, «ертедегі салт бойынша қолмен жеу міндетті» деп ұсыныс жасауға болмайды, оларға керсінше шанышқы, қасық және пышақ бірге берілуі керек. Аталған теріс әдеттке тастай қатып қалған пенделерімізге айтарым, көз жетпес бұрынғы өткен заманда жабайы адамдар үңгірлерді паналаған, тобырымен қиқулап аң аулаған, олардың етін тіпті шикідей де жеген және тағы басқадаай тұрпайы әдеттері болған. Ол уақыт сағымдай келмеске кеткен. Қазір әлемде жоғарғы денгейдегі өркениет (материалдық-техникалық дамудың жоғары деңгейі) өрлеген шақ, адамдардың білім-пайымы, жоғары түсінігі қалыптасқан, жан-жақты мәдениеті биіктеген озық заман. Тіпті осыдан оншақты жылдар бұрын әркімнің қалтасында кішкентай ғана телевизор (смартфондар) болады деп ешкім ойлаған да жоқ. Қазір оларды кішкентай балалардың бәрі де қолданып жүргенін көреміз. Әрине көне дәуірде ыдыс, табақ, табақшалар, шанышқылар және тағы басқа бұйымдар тапша болған. Қазір елімізде Қытай арзан бұйымдары мол. Кешелі-бүгін қолжетімді алуан түрлі табақ-табақшалар, үлкенді-кішілі қасықтар, шанышқылар басқа да бұйымдар дүкен сөрелерінде толып тұр. Сондықтан ресторандар мен жанұя дастарқандарында тағамдарды ортақ астау не табақтан жеке-жеке табақшаларға салып, қасық-шанышқыларды және басқа құралдарды пайдалануға барлық мүмкіншілік бар. Бұл халқымыздың жаппай гигиена (жайлы өмір салтын құру мен аурулардың алдын алуды, жоюды мақсат ететін медициналық білімнің бірі) талаптарын сақтауына, жұқпалы ауруларға ұшырамауына септігін тигізеді. Сонымен қоса, тағам пайдалану әдептілігін сақтау маңызды екенің естен шығармағанымыз, сырт көзге келеке-күлкі болмағанымыз, қай жағдайда болсын абыройымызды түсірмегеніміз жөн. Осы мақаладағы ой-пайымдарға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі назар аударар деген үмітім бар. Қазақстанда туризм саласын дамыту барысында туристерді дұрыс қарсы алу, мейлінше мақсат-тілектерінен оңтайлы шығу, биік дәрежедегі сервисті қаматамасыз ету — Еліміздің халықаралық беделін өсіре келе экономикасының денгейін серпінді көтерудің бірден-бір табысты тетігі екені анық.

Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы,
публицист