Нұр-Сұлтан қалалық соты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына Жолдауындағы мемлекеттік тілдің рөлін күшейту аясындағы тапсырмасын іске асыру мақсатында сот төрелігін мемлекеттік тілде жүргізу мәселелеріне арнап конференция өткізді.
Іс-шараға Жоғарғы Соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков, қалалық соттың төрағасы Тілектес Бәрпібаев, судьялар, Жоғарғы Сот Департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина, жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубаев, Назарбаев Университетінің профессоры Гүлтас Құрманбай, педагогика ғылымдарының докторы Несібелі Құрман, прокуратура, құқық қорғау органдарының өкілдері және т. б. қатысты.
Конференцияда сот ісін жүргізу тілінің қағидаттары мен мемлекеттік тілдің рөлін нығайту мәселесі, сотқа дейінгі материалдар мен істерді дайындау барысында тіл заңын сақтау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, сондай-ақ тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Қалалық сот төрағасы Тлектес Бәрпібаев жергілікті халықтың өсіп-өркендеуіне және мемлекеттік тілдің қолданылуын дамытуға деген құштарлығымен бірге ұлттық рухтың өсуіне тоқталды. Бұл ретте іс жүргізудегі қазақ тілін жетілдіру уақыт талабына байланысты екені де айтылды.
Жоғарғы Соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков еліміздің тіл саясатының негізгі принциптерін атап өтіп, мемлекеттік тілді дамыту мен нығайтуға, соның ішінде сот ісін жүргізу тілі қағидаттарына әсер ететін бірқатар факторларды атап өтті. Ол сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының іс жүргізу құжаттарын дайындау кезінде тілдік қағидаттарды іске асыруды реттейтін құқықтық нормаларды қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Олардың мазмұны мен лингвистикалық ережелеріне, іске қатысушы, сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарды сапалы аудармамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуға шақырды.
Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану деңгейі тым төмен екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұған тергеу органдары қызметкерлері мен адвокаттардың қазақ тілін меңгеру деңгейі әсер етеді. Н. Қарағойшина сот процесі кезінде азаматтардың бастапқыда іс материалдары ресімделген орыс тілінде өз ойларын жеткізе алмайтыны жайлы кейбір фактілерді атады.
Ювеналды соттың судьясы Жанаргүл Алпысбаева қазақ тілін еліміздің қоғамдық өмірінің барлық саласына енгізу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл оны қолдану мен жетілдіруге мейлінше ықпал етеді.
Еңбек сіңірген қайраткер Смағұл Елубаев пен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының профессоры Несібелі Құрман мемлекеттік тілдің рөлі туралы айта келе, оның мәртебесіне назар аударды және оны іс жүргізуде қолданудың күрделі мәселелерін тілге тиек етті.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев конференция жұмысын қорытындылай келе, елордалық соттардың сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу сапасын арттыру жұмысының алға қойылатынын тілге тиек етті.
Конференцияға қатысушылардың атынан Смағұл Елубаев пен Тлеулес Махметов өткізілген іс-шара мемлекеттің саясаты – тіл саясаты қағидасын қолдау, оны тәжірибеге берік ендіруге бағытталған жақсы бастама екендігін атап, өз алғыстарын білдірді.
Конференция барысында қазақ тілін дамытуға мүдделі сарапшылардың сындарлы диалогы өтіп, арнайы ұсыныстар әзірленді.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының
баспасөз қызметі