ҚР Конституциясының 7 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі болып саналады. Қазақ тілі ғылыми, әдеби және саясы жазу нормалары қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілі батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады, бұл топқа қазақ тілінен басқа — қарақалпақ, ноғай, башқұрт, қырым татарлары, балқар, қырғыз құмық және тағы басқа тілдер кіреді.
Тілсіз халықтың тарихы мен болашағы жоқ, сондықтан тілге деген құрмет әр азаматтың санасында ерекше орын алуы тиіс. Ата-бабаларымыз қазақ тілін аманат етіп қалдырғаны бекер емес, себебі көптеген адамдардың қазақ тіліне деген құштарлығы мен құрметі сол бабаларымыздың үлесінің айқын көрінісі, бұл біздің құндылығымыз және мұрамыз.
Қазақ тілінің қолданысы кеңінен тарап, адамдардың сөйлеу мәдениеті жоғары, әдеби стильге лайық болса, бұл баға жетпес көрсеткіш. Тіл- ұлттық болмыстың көрінісі, тіл халыққа рух қосады, сондықтан қаншалықты тіліміз бай болса, соншалықты халықтың рухы жоғары болады.
Дегенмен, тілдің қолданылуы таза болуы тиіс. Қазіргі таңда қазақ тілінде кейбір ерекшеліктер байқалады. Мәселен, жастар арасында тілдің қолданысы мәз емес. Сонымен қатар, еліміздің әр аймағында тілдің қолданысы диалектикалық себептерге байланысты әр-түрлі болып келеді.
Қазіргі таңда қазақ тілінің әліпбиі латынға ауысуы қарқынды түрде жүріп жатқаны тіліміздің модернизациялануының бір жолы болмақ.
Егер тіл – бұл белгілер мен таңбалар жүйесі болса, ал сөйлеу – тілді қолдану, іске асыру үрдісі, тіл тек сөйлеу арқылы өз көрінісін алады.
Лингвистикада сөйлеу дегенді нақты сөйлеу, яғни дыбыс шығыру немесе жазбаша формасына айналған құбылыс деп таныйды.
Кез келген салада, әсіресе журналистердің, теле-радио эфир жүргізуші дикторларының, заңгерлердің, кәсіпкерлердің сөйлеу мәдениеті ең маңызды көрсеткіштің бірі. Неге десеңіз, адамадарға ақпарат тарату, адамдармен жұмыс жасау, олардың қызметтерін ұйымдастыру және басқару, тәрбиелеу, емдеу, іскерлік келіссөздер жүргізу үшін өз ойын анық, қысқа да нұсқа және дәл мағынада айтып, жеткізу білу керек, сондықтан сөйлеу шеберлігі бұл салаларда маңызды рөл атқарады.
Сөйлеу мәдениетіне біз сөздердің ережелерге сай дұрыс пайдалануын, граматикалық тұрғыдан дұрыс жазылуын, сөйлеудің анықтылығын, тазалығын, яғни паразит, арамшөп сөздердің жоқтығы, мәнерлілігін, және орындылығын жатқызамыз.
Адамның сөйлеуіне қарай, оның ішкі мәдениетінің дәрежесін, рухани өрісін анықтауға болады. Сөйлеу мәдениетінің негізгі ережелері:
- сөйлесер алдында не туралы сөз болатыны жайлы нақты мақсат қою;
- тыңдаушыға қандай да бір ойды қысқа да нұсқа жеткізу;
- сұхбаттасты мұқият тыңдау;
- кез-келген адаммен тіл табыса білу;
- дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермеу;
- өз беделіңіз бен дәрежеңізді түсірмеу.
Егемендік пен тіл жақын ұғым, яғни тілсіз тәуелсіздік, егемендіксіз тіл болмас. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни жастар, сол себептен, қазақ тілінің дамуына өз күш-жігерімізді, үлесімізді қосуымыз керек.
Мұхамеджан Д.
Қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған
ауаданаралық әскери
сотының жетекші маманы