Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін»,- деп, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру үшін жұмыла жұмыс жүргізуге шақырды.
Атақты жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандай мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады», — деген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Казақстан Республикасындагы мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», — делінсе, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі және Қазақстан Республикасының Азаматтық-процестік кодексінің баптарында «Сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады», — делінген. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында тайға таңба басқандай жазылған осы баптары бола тұра, шын мәнінде қазақ тілінің өрісі тарылып, құлашын кең жаямай отыр. Өйткені, қазіргі сот ісін жүргізуде жүргізілетін істердің әлі де болса жартысынан көбі орыс тілінде өтеді. Сол орыс тілінде іс жүргізетін өзіміздің қазақ тергеушілері, адвокаттары, прокурорлары және соттары. Іске қатысушы қылмыстық іс жүргізу бойынша жәбірленуші, сотталушы, азаматтық іс жүргізу бойынша азаматтық талап қоюшы мен жауапкер және тағы басқа қатысушылар қазақ болса да іс орыс тілінде жүреді.
Оның басты себебі бізде орыс тілінде барлық іс қағаздары дайын, қазақ тілінде жоқтың қасы не аудармасы сын көтермейді. Сондықтан жауапты қызметкерлер іс қағаздарын қазақ тілінде толтырудан қашады.
Қылмыстық іс бойынша жәбірленушіден орыс тілінде арыз қабылдаса, адвокаттар талап қоюшының талап арызын орыс тілінде жазып береді. Осы жағдайда, дүниежүзіне белгілі ақын Расул Гамзатовтың: «Егер менің тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлемін»,-деген қанатты сөздері еске келеді.
Қазақ тілінің мәртебесін арттыру тек Ел Президентінің немесе ғалымдардың ғана міндеті емес, барлық қазақстандықтардың міндеті, ал мемлекеттік қызметткерлерге мемлекеттік тілді білу басты мақсат болуы керек.
Ана тілі дегеніміз — сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәселесі ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді — делінген сөздер бар. Шындығында, тек ресми жиын-кеңестерде ғана емес, жай қарым-қатынас құралы ретінде де біз, қазақ азаматтары отырып, көбіне орыс тілін пайдаланамыз.
1989 жылғы Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы бойынша қазақ тілі республикамыздағы негізгі тіл — мемлекеттік тіл болуына орай оның қолданылу аясын, бедел-мерейін мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық қатынастар деңгейіне көтеру тек қазақтардың емес, барлық қазақстандықтардың міндеті және бұл міндеттің ешқандай да қиындығы жоқ, тек азаматтардың шын жүректен мемлекеттік тілді үйренейін деген талабы ғана керек. Бір ғана мысал, орыс халқымен бір туысқан украиндықтар, небәрі бес жылда толықтай мемлекеттік тілге көшті, қазіргі кезде ол елде қарапайым жұмысшыдан бастап Президентке дейін тек өз тілдерінде сөйлеседі және барлық ресми жиын-кеңестер тек өз тілдерінде ғана өтеді. Одан басқа, елімізге жұмыс бабымен келіп жатқан шет елдердің азаматтары қазақ тілін бір-екі жылда толық меңгеріп алады, бұның өзі қазақ тілін үйренудің ешқандай да қиындық туғызбайтынын көрсетеді және елімізде қазақ тілін үйренуге барлық жағдай жасалған. Тіпті материалдық стимул да бар.
Осы арада өзін туған елінің перзентімін деп санайтын әрбір азаматтың ана тілін құрметтеуі, әрі сол тілде сөйлеуі аса маңызды және көкейтесті мәселе болып шығады. Әсіресе, барлық саладағы мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі алғы шарттардың бірі болуы керек. Ана тілі дегеніміз — сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәселесі ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді — делінген сөздер бар. Шындығында, тек ресми жиын-кеңестерде ғана емес, қарапайым қарым-қатынас құралы ретінде де біз, қазақ азаматтары отырып, көбіне орыс тілін пайдаланамыз.
«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Қазақтың тілі — қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да — тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі — ең таза, әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстарытын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз»- деген Мемлекет басшысының сөзін ұран ретінде пайдаланғанымыз болмаса, шындықты айту керек қазіргі уақытта, оны іс жүзінде, ресми түрде жиын-кеңестерде қазақ тілін пайдаланып жатқандарымыз некен-саяқ.
Сондықтан, ана тілінде сөйлеу, оған деген көзқарас ана тіліне құқықтық мәртебе берілгеніне көп жыл асса да, әлі де өз дәрежесінде емес деп ойлаймын. Қазақ тілінің қолданылу аясы мен бедел- мерейін мемлекет ішінде көтере алмасақ, оны біз қалай халықаралық қатынастар деңгейіне көтере аламыз. Сондықтан, ұлтжанды азаматтар қазақ руханиятына өшпес із қалдырған тұғырлы тұлға, елімізге белгілі ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте» дегеніндей, тек өз қандастарымызға ғана емес, елімізде тұрып жатқан барлық қазақстандықтарға қазақ тілін білудің артықшылықтарын жатпай-тұрмай насихаттауымыз керек.
Л.А.Смагулова
Қазақстан Республикасы
Сот әкімшілігі Әскери соты
департаментінің құжат
айналымы бөлімінің
бас маманы — сот
отырысының хатшысы