Бұл тақырыпқа жазу өте ауыр болып тұр. Ол түсінікті де. Бірақ бұл қазақ халықының абыройы мен намысына тиіп тұрған жағдай болғандықтан, жазуға мәжбүр болып отырмын. Сонымен… Бұрыңғы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың 2023 жылғы 9 қараша айында жұбайы Салтанат Нукенованы ауыр соққыға жығып өлтіргені жан түршігерлік жағдай екені анық. Қазақтың беткеұстар қызы іспеттес, тәні де жаны да сұлу, гауһартастай жарқырап, құлпырып жүрген Салтанатты жер қойнауы түгіл, титтей де жамандыққа қиатын жан емес еді. Ішімізді от шалып, қайғырып тебіренеміз. Оның әке-шешесі мен туған — туыстары, жора-жолдастарына шын қайғылы сезімізбен көңіл айтамыз. Болған жағдайды сараптап, төрелік айтудан аулақпыз. Сот әділ шешімін шығарар деген үміттеміз.
Менің мақсатым Ел намысын қорғау, халық абыройын түсірмеу… Бишімбаевтың ісіне байланысты 2024 жылғы науырыз айының соңынан, сәуір айы бойы жүргізіліп келе жатқан сот отырысы Қазақстан жұртшылығы мен қоса бүкіл дүние жүзі қауымының назарына ілікті. Оны ғаламтор желілерінде қаптап кеткен жүздеген бейнежазбалар мен миллиондаған көрермендер, онымен қоса ой-пайымдарын жеткізіп жатқандар, пікірлерін айтушылар мен көзқарастарын жазбаша білдірушілер айғақтайды. Әлемдік денгейде талқыланып жатқан бұл сот процессі соншалықты аса кең аудиторияны неге жаулап алды? Өйткені, бұл процесске қатысушылары барлықтары дерлік – сот төрағасы, сотталушылар, жәбірленушілер, қорғаушылар мен тағы басқалары қазақ ұлтының өкілдерін құрап тұрса да – бүкіл әлемге кең таратылып жатқан ашық сот процессі мемлекеттік қазақ тілінде емес, үлкен өкінішке орай, ауқымы кең орыс тілінде жүріп жатыр. Неге? Түсіну қиын.
Жұмыр жер бетінің барлық түкпіріне телехабар желісі арқылы жедел түрде орыс тілінде мүлтіксіз жетіп жатқан сот процессі көріністерінен қалың қазақтың абройы түсіп, оның табиғи адамгершілік болмысына нұқсан келіп жатқаны айдан анық, оның «қара бояуы» қанық. Орыс тіліне жетік миллиондаған халықтар мен орыс тілінен аудармалар арқылы сот процессін үзбей көріп отырған әлем халықтарының өздерінің әсерлері мен түйген пайымдарынан туындаған — «қазақтар жексұрын-ау» — деген жағымсыз ұғым қалыптасып жатқаны құпия болмаса керек.
Дұшпаның тіліңді білсе — сырыңды біледі (аталған жағдайда — қауіп орыс тілінен келіп тұр емес пе?!). Кім де болсын саф алтындай сақтап жүрген сырыңды білсе, оның сені құрдымға жіберуі, немесе, масқара етуі өте оңай. Тіпті ең жақын досыңнан да қауіп төнуі мүмкін, өйткені, мынадай мақал тегін айтылмаған: «Ең қауіпті жауың – сенің бұрынғы ең жақын досың».
Сонымен қоса, әлем жұртшылығының сот процессіне байланысты туындаған тағы бір ойы бойынша, Қазақстан мемлекеті азаматтары Конституцияның, Ата Заңның қасиетті 7 бабында – «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі» — деп айқындалған мемлекеттік тілін, былайша, өзінің ана тілі — қазақ тілін неге ауыздарына алмайды деген үлкен сұрақ коюы заңды құбылыс. Олар: — Намыстарың қайда, қазақтар? Ата Заңның 7 бабын неге құрметтемейсіңдер? – деген сұрақтар коюы әбден мүмкін. Бұл сұрақтар төл кұжаттарында ұлты қазақ деп жазылған азаматтардың намысына аса қатты тиері сөзсіз! Осыдан қазақ халқының болашағына ұтымды қортынды шығар ма екен? Тіл адамзаттың басты құндылығына жатады. Қазақтың ұлттық мүддесі үшін жанын пида еткен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» — деп бекер айтпаған. Тілімізді құрметтейік, із-түзсіз жоғалып кетпейік, ағайын!
Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы,
публицист