Медиация институтын әкімшілік сот ісін жүргізуде қолдану

Қолданыстағы әкімшіліқ құқық бұзушылықтар туралы кодексінде келісім жасасу кезінде тараптарды медиация тәртібімен татуластыру рәсімі қарастырылмаған, алайда іс жүзінде «Медиация туралы» Заң нормаларын қолдану әкімшілік сот ісін жүргізуде ӘҚБтК-нің қағидаттарына қайшы келмейді және процеске қатысушылардың құқықтарын бұзбайды.
Медиация туралы» Заңның 1-бабына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.
Мәселен, әкімшілік кодекстің 73-бабындағы ескертпеге сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар деп ерлi-зайыптылар, бұрынғы ерлi-зайыптылар, бiрге тұратын немесе бiрге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасындағы қатынастар түсiнiледi. Яғни, отбасылық құқықтық қатынастардан туындайтын отбасылық-тұрмыстық қатынастар жоғарыда көрсетілген әкімшілік істер бойынша медиацияны қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Көбінесе, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың құрбандары болып әйелдер, яғни құқық бұзушылардың әйелдері немесе азаматтық жұбайлары болып табылатыны құпия емес; кейбір кездерде, отбасылық дебоширдің жәбірленуші ретінде қарт ата-аналары, апа-қарындастары, ағалары мен отбасылық дебоширдің балалары табылады.
ӘҚБтК-нің 64-бабының нормаларына сәйкес, ӘҚБтК-нің 73-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жәбірленушінің өтініші бойынша ғана қозғалып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адаммен татуласуына байланысты қысқартылуға жатады. Өзара татуласу жәбiрленушi мен әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам қол қойған жазбаша келiсiм негiзiнде жүзеге асырылады; медиация қолданылған жағдайларда дауды шешу туралы келісім қажет.
Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданының №2 аудандық сотының статистикасына сәйкес, 2019 жылдың 8 айында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-ші бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің жалпы санының 30 әкімшілік іс қаралды, оның 20-ы отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер болып табылады, сол бап бойынша 10 тұлғаға қатысты ӘҚБтК-нің 64-бабы негізінде құқық бұзушы мен жәбірленуші арасында медиативтік келісім жасауына байланысты істер тоқтатылды.
ӘҚБтК-нің 73-1 бабы бойынша (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) алты іс қаралды, оның төртеуі медиация тәртібімен қысқартылды; кодекстің 73-2 бабы бойынша (ұрып-соғу) он сегіз әкімшілік іс аяқталып, оның 12-і бойынша медиативтік келісімдердің жасалуына байланысты әкімшілік істер тоқтатылды.
Осылайша, медиация институты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді медиация тәртібімен тоқтату мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Бисенова А.А.
БҚО, Казталов ауданының
№2 аудандық сотының кеңсе
меңгерушісі