Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының бастамасымен қолға алынып отырған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы отбасылық қатынастар саласындағы кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Жобаның жүзеге асырылуында тек судьялар мен медиаторлар ғана емес, уәкілетті мемлекеттік органдар мен прокуратура, адвокаттар және түрлі қоғамдық ұйымдар ат салысуда.
Аталмыш тақырыпқа осыншалық көңіл бөлу, мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты болып отырған – отбасы құндылықтары мен кәмелет жасқа толмаған балаларды қорғау болып отыр.
Пилоттық жоба Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотымен 2019 жылдың қаңтар айынан жүзеге асырылуда. Өткен кезеңдегі 9 ай ішінде сотқа некені бұзу туралы 1646 талап арыз келіп түсті, оның 897-і қанағаттандырылған шешім шығарылды, 186 іс бойынша дау медиация тәртібімен реттеліп тоқтатылса, 165-і бойынша талап арыздан бас тартылған және 216-ы тараптардың арызы бойынша қараусыз қалдырылған.
Неке – жеке отбасылық мәселе болып көрінгенімен, мемлекеттік маңызға ие екені сөзсіз. Бүгінде отбасылық құндылықтардың әлсіреп, «жанұя – шағын мемлекет» дегенді жастардың жеңіл түсінетіндігі қоғамды алаңдатып отыр. Осы бағыттағы шаралардың бірі — Оралдағы Салтанат сарайында жас жұбайларға арналған семинар. Некеге тұруға өтініш беруге келген жастармен жұмыс мұнда жүйелі түрде жүргізіледі. Психолог мамандар дәріс оқып, түрлі тренингтер өткізеді және қорытындысы бойынша сертификат табысталады. Бұл жолы семинар жұмысына он жұп қатысты.
Орал қаласының демографиялық жағдайына сәйкес, 2019 жылы қала тұрғындарының саны 350,0 жетіп отыр. Соның ішінде 14-29 жас аралығындағыжастардың саны 63 207 адамды құрап отыр.
2019 жылдың 20 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Орал қаласында некеге тұрғандар саны – 2290 жұп, ал ажырасқандар саны – 1020, яғни 44,2 пайызды құрайды. Ажырасушылар арасындағы себептері де түрлі, десек те басым түсіп отырғандары ішімдікке салыну, өмірге деген көзқарастардың сәйкес келмеуі, тұрмыстық зомбылық және бедеулік.
Жоғарыда көрсетілген пилоттық жобаның мақсаты — осы көрсеткіштерді төмендетіп, еліміздегі орын алып отырған бұл бағыттағы дағдарыстық жағдайды жою, ажырасу факторын болдырмау. «Жұмыла көтерген, жүк жеңіл» дегендей, тек бірлескен шаралардың арқасында ғана бұл мәселе өз нәтижесін береді.
Нигметова Н.
Орал қаласының
№2 сотының судьясы