Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемінің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді, ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді.
Қазақстанда экономиканы жандандыру және ауқымды әлеуметтік түрлендіру жағдайында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған замануи әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланысқан бүтіндей стратегияның қажеттілігіне анық көз жеткізілді.
Осыған байланысты 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітілді.
Стратегиянын мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа кез-келген жемқорлықтың туындауына «нөлдік» төзімділік таныту атмосферасын құру жолын қолдану арқылы барлық қоғамды тарту, сондай-ақ Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жоюға бағытталған, жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру және алдын алу шараларын күшейту қажеттілігін түсіне отырып, елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейі қалыптасып, қоғам мен мемлекет арасында тығыз байланыс орнаған жағдайда ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелі болады.
Қорытындылап айтқанда, жемқорлықпен күрес ең алдымен адами факторлардың таным-түсінігіне, рухани кемелділігіне байланысты. Сондықтан жемқорлықпен күрес жүйелі әрі тиімді тетіктерді іске қосқанда ғана оң нәтиже бермек.
А.Турсынбекова
Ақмола гарнизоны әскери
сотының жетекші маманы