«Конституция» — латын тілінен аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді. Яғни, өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың айғағы болып табылады.
1995 жылдың 30 тамызында Республикалық референдумда қабылданған Конституция еліміздің стратегиялық мақсатын айқындаған және дәйекті түрде жүзеге асырған, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игі-лігін көздейтін экономикалық даму, қоғамды демократияландыру мен белсенді саяси өмір саласындағы қол жеткізген табыстардың қайнар көзі болып отыр.
Конституция Қазақстанда демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекетті орнықтырумен қатар мемлекеттің басты мақсаттарын, яғни мемлекетіміздің ең жоғарғы құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын белгілейді. Мемлекеттік биліктің үш буыны – заң шығарушы, атқарушы және сот билігін заңдастырды.
Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығы және оның үш тармаққа бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау принципін белгілейді. Бұл конституциялық тетік қазіргі кезде іс жүзінде қолданылып, билік тармақтарының бір-біріне әсер етіп, тиімді шешімдер қабылдауына септігін тигізіп отыр.
Конституция талаптарын орындай отырып, соның негізінде бірнеше конституциялық және басқа да заңдар қабылданып, олар барлық мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесін жан-жақты анықтады.
Тоқтала кететін бір жайт, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады екен. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 25 жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық.
Мемлекетіміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін саяси жүйені жаңаландыру қажеттілігі туындап, Елбасының ұсынысымен еліміздің Парламенті 2007 жылы мамыр айының 21-де «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Бұл еліміздің экономикасы, саясаты және халықтың санасында түбегейлі бетбұрыс жасаған өзгерістер мен толықтырулар болды.
Ал 2017 жылдың ақпан айының 25 жұлдызында Ақорданың баспасөз қызметі Президенттің Үндеуін жеткізді. Онда Н.Назарбаев «Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, осындай байлам жасадым» — деген болатын. Елбасының осы жарияланған үндеуінен кейін, яғни сол жылдың 10 наурыз күні Ата Заңымызға өзгерістер енгізілді.
Республиканың көпұлтты халқының достастығын нығайту мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде Конституцияның ролі зор. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар, терроризм мен діни экстремизмнің қанды салдары өршіп тұрған мезгілде, тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық сақталып отыр. Мұның бәрі Конституцияда бекітілген республика қызметінің түбегейлі принциптерін қоғамдық және саяси өмірде нық ұстанудың нәтижесі.
Жалпы халық, жеке тұлға немесе азаматтар өздерінің заңмен көзделген құқықтарын тек сот арқылы қорғайды және сот төрелігімен ғана әділдікке қол жеткізе алады. Елімізде жүргізіліп отырған құқықтық реформалар-құқықтық мемлекет құруға, азаматтарды сот арқылы қорғауға, ұлттық заңдарымызды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.
Еліміздің негізгі құқықтық құжаты бола тұра Конституция сонымен бірге бір уақытта Қазақстан өзін жария еткендей демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекеттің жетістігі болып қала бермек.
Конституция күні барлық қазақстандықтар үшін қасиетті мереке. Әрбір Қазақстан азаматы тәуелсіз мемлекетіміздің шаңырағын көкке көтеру үшін Конституцияны құрметтегені абзал және өмір бойғы басты міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап — Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.
Т.С. Ғұмарова
Батыс Қазақстан облысы
Ақжайық ауданының
№2 аудандық сотының төрағасы