ҚК-нің 72-бабына сәйкес, егер сот адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеуі қажет етілмейді деп танитын болса, сот бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамды осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.
Бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, қылмысымен келтірілген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады.
Сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхаттарын сот ҚР Қылмыстық кодексінің 72-бабында көзделген ережелердің, ҚПК-нің 51-тарауы 476-480-баптарының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы № 6 «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының негізінде қарайды.
Талдау көрсеткендей, бірінші сатыдағы соттың өтінішхаттарды қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулыларының көп бөлігі шағымдалмайды және прокурордың өтінішхаты негізінде қайта қаралмайды. Бұл жағдайларда процеске қатысушылар соттың жоғарыда аталған заңнама талаптарын қолдануының дұрыстығын дауламайды.
Көп жағдайда қайта қарау кезінде апелляциялық сатыдағы соттың қарауының нәтижелері бойынша бірінші сатыдағы соттың қаулылары заңды деп танылады және өзгеріссіз қалдырылады.
Соттың қаулысымен ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігі бойынша сотталған К.-ның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартылған.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 31 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың сотталғанның өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартуы қолданыстағы заңнамаға сәйкес келетінін анықтаған, себебі материалдарға сәйкес К. үкім бойынша азаматтық талаптарды толығымен өтемеген, сот сотталғанның өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартуды сұраған жәбірленушілердің пікірін дұрыс ескерген.
Соттың қаулысымен ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотталған А.-ның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартылған.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 02 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Сот алқасы анықтағандай, бірінші сатыдағы сот сотталғанның жазаның белгіленген мерзімін өтегеніне, жазалар жоқтығына және жақсы жағынан мінезделгеніне, сотталғанның жеңілдетілген жағдайларда ұсталып отырғанына, бірінші оң мінез-құлық дәрежесіне қарамастан, А. адам өлімі түріндегі орны толмас салдарларға әкеп соққан қылмыс жасағаны үшін сотталған және ол жәбірленуші тарапқа келтірілген материалдық залалды өтеу үшін жеткілікті шаралар қолданбаған деген негізді тұжырымға келген.
Сонымен қатар апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қаулысын қайта қарау нәтижесінде басқа шешім қабылдаған кездер де бар.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы № 6 «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысына сәйкес, сотталған адамның ҚК-нің 72-бабының бірінші бөлігіне, 73-бабының екінші бөлігіне, 86-бабының бірінші бөлігіне және 87-бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңмен көзделген жаза мерзімінің бір бөлігін нақтылы өтеуі шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру үшін сөзсіз негіз бола алмайды.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы мәселені шешу кезінде соттар жеке көзқараспен қарауды қамтамасыз етіп, өтінішхатта және өзге де материалдарда келтірілген мәліметтердің жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру үшін жеткіліктілігін әрбір талқылау кезінде анықтауға, яғни сотталған адамның тәртібіндегі оң өзгерістерді бағалауға тиіс.
Соттар сотталған адамның тәртібіне баға беру кезінде олардың ішкі тәртіп қағидасын сақтауын, Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің (бұдан әрі – Мекеме) талаптарын орындауын, тәрбиелік сипаттағы іс-шараларға және мекеменің қоғамдық өміріне қатысуын, көтермелеулерді, жазаларды, туған-туыстарымен және сотталған адамдармен қарым-қатынасты сақтауын, оқуға көзқарасының оң немесе теріс бағытын, залалды өтеуін, жеңіл тұрмыстық жағдайға ауыстыруды және сотталған адамның түзелгенін айғақтайтын басқа да мән-жайларды ескеруге тиіс.
Соттың сотталған адамның түзелгені туралы тұжырымы өтінішхатты дәл қарау алдындағы уақыт ішіндегі ғана емес, сонымен бірге үкім шығарылғанға дейін қамауда ұсталған уақытын қоса есептегенде оның мекемеде болған бүкіл кезең ішіндегі тәртібі туралы деректерді жан-жақты ескеріп, зерделеуге негізделуі тиіс.
Соттың қаулысымен ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотталған С.-ның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартылған. Соттың қаулысы апелляциялық тәртіппен қайта қаралған. Бірінші сатыдағы сот қаулысының күшін жойған, себебі сотталған С. жақсы жағынан мінезделген, еңбекке адал көзқараспен қарайды, бір көтермелеуі бар, тәртіптік жазалар қолданылмаған, талап арыздар ішінара өтелген және сотталған залалды толығымен өтеу үшін мүмкіндігінше қолынан келетін нақты шаралар қабылдауда. Сонымен қатар сотталғанның жазаны өтеу кезінде өндірістік жарақат алғаны, бұның мүгедектікке алып келгені назарға алынған. С.-ны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қарсы болмаған жәбірленуші тараптың да пікірі ескерілген.
ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің екінші абзацына сай, егер сот сотталғанның заңмен белгіленген жаза мерзімін іс жүзінде өтегенімен қатар, оның жазаны өтеудің режимін қаскөйлікпен бұзбағанын және қылмыспен келтірілген залалды толық өтегенін анықтаса, онда ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес, ол қандай да болмасын қосымша шарттарсыз шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады.
Қылмыспен келтірілген материалдық залалды өндіру туралы өзіне қатысты талап арыз қойылмаған сотталған қаскөйлікпен бұзушылықтар болмаған жағдайда, жаза мерзімінің белгіленген бөлігін өтегеннен кейін міндетті түрде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға жатады.
Көп жағдайда сотталғандар өздеріне қатысты гуманистік актілерді қолдану туралы өтінішхатпен сотқа жүгінген кезде оң нәтиже күтеді және қылмыспен келтірілген залалды өтеуден құтылып кетемін деп үміттенеді.
Өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартылғаннан кейін ғана олар залалды өтеу бойынша нақты шаралар қабылдай бастайды.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотталған Н.-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың қаулысы күшін жойған, өйткені ол жазаны өтеу уақыты ішінде режимді бұзбаған, тәртіптік жауаптылыққа тартылмаған, заңмен белгіленген жазаның бөлігін өтеген, жақсы жағынан мінезделеді, ішкі тәртіп ережелерін және мекеме әкімшілігінің талаптарын орындаған, жұмысқа тұрған, істі апелляциялық сатыдағы сотта қарағанға дейін материалдық залалды толығымен өтеген, бұл жөнінде жәбірленушінің өкілі арыз ұсынған.
Тұжырымдайтын болсақ, егер сотталған жазаны өтеу кезінде қолданыстағы заңнаманың нормаларын тиісінше сақтаса, жақсы жағынан мінезделсе, жақсы мінез-құлық танытса және көтермелеулері болса, жеңілдетілген жағдайларда ұсталып отырған және залалды өтеген жағдайда сотталғанның өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады, ал кері жағдайда қанағаттандырудан сөзсіз бас тартылады.
Практика көрсеткендей, сотталғандардың өтінішхаттарын қараған кезде өтінішхатқа қоса тіркелген материалды және сотталғанның жеке ісін сотталғанның мінездемесінің жеке істің материалдарына сәйкес келетінін-келмейтінін және оның объективтілігін мұқият зерделеу қажет.
Соттың қаулысымен сотталған Ж.-ның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхаты қанағаттандырылған.
Алайда апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы күшін жойған, себебі сотталғанға қатысты берілген оң мінездеме объективті болмаған.
Сотталғандарды сипаттайтын деректерді зерделеу кезінде жеке көзқараспен қарауды жүзеге асыра отырып, соттар жоғарыда аталған негіздерді, сондай-ақ сотталған жасаған қылмыстың сипатын, қоғамға қауіптілігін және салдарларын, қылмыспен келтірілген материалдық залалдың және моральдық зиянның өтелгенін назарға ала отырып, жәбірленушілердің пікірін ескеруі қажет. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхаттарды қараған кезде жазаның мақсатына және әлеуметтік әділеттікке жетуге объективті тұрғыда баға берілуі тиіс.
Аталған принциптерге абайсызда қылмыс жасағаны үшін сотталған, жол жүру ережесін өрескел бұзудың нәтижесінде жол-көлік оқиғасын жасаған тұлғалардың, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, жыныстық бостандыққа қарсы қылмыстар, педофилия, күш қолданумен және өлтірумен байланысты және т.б. қылмыстар жасағаны үшін сотталған тұлғалардың өтінішхаттарын қарау кезінде ерекше көңіл бөлінеді.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қарау барысында соттар сотталғандардың әрқайсысына қатаң жеке көзқараспен қарауды қамтамасыз етеді және формализмге жол бермейді.
Сотталғандар жәбірленушілерге қарызын өтеместен өздеріне қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану туралы өтінішхатты сотқа жолдайтын кездері де бар.
Мұндай жағдайларда соттар өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартуға мәжбүр, себебі қылмыспен келтірілген залалды өтеу шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін қарауда басты критерийлердің бірі болып табылады.
Бірінші сатыдағы соттың қаулысына берілген апелляциялық шағымды қарау үстінде сотталғандардың барлық қарызды өтеу арқылы жәбірленушілермен татуласу жолын тапқан сәттер де жиі кездеседі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысынның 10-тармағына сай, қылмыспен келтірілген зиян (материалдық залал және моральдық зиян) сотталған адамның мүгедектігі немесе оның ауырғаны жұмысқа орналасуға кедергі болуы және т.б. сияқты объективті себептерге байланысты азаматтық талап бойынша өтелмеген жағдайларда, соттың тек осы негіздер бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудан бас тартуына негіз болмайды.
Соттың қаулысымен ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша сотталған К.-ның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартылған.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысының күші жойылды және сотталғанның өтінішхатын қанағаттандыру туралы жаңа қаулы шығарылған.
Бұл ретте сот алқасы сотталғанның жақсы жағынан мінезделгенін, залалды өтеуден жалтарып жүрмегенін, алайда бұған объективті тұрғыда мүмкіндігі жоқ екенін, жұмысқа орналасқанын, екі жас баласының бар екенін, олардың бірі мүгедек екенін анықтаған.
Осылайша шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхаттарды қарау кезінде соттар осы мәселе бойынша қолданыстағы заңнаманың талаптарын толығымен орындауда деп есептеуге болады.
Нурлан Баяхметов
Нұр-Сұлтан қаласы
Байқоңыр ауданының
№2 аудандық сотының судьясы