АНТИКОРДЫҢ «ПАРАСАТ ЖОЛЫ» ЖАҢА ЖОБАСЫ» ПАРАСАТТЫЛЫҚҚА ШАҚЫРАДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Парасат жолы» жобасы салтанатты түрде таныстырылды.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев, мәдениет және спорт Министрі Ақтоты Райымқұлова, профессор, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Баянғали Әлімжанов, Көпен Әмірбек, Ерік Жолжақсынов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Астаналық филиалының директоры Дәулеткерей Қапұлы және т.б. қатысты.
«Парасат жолы» – адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған тағы бір жоба.
Өткен жылдың тамыз айында Антикор Ұлттық академиялық кітапхана базасында ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлерімен тікелей эфирлер ашты, онда олар адалдық, әділеттілік және парасаттылық қағидаттарын ілгерілетудің маңыздылығы туралы айтты. Халық арасында кеңінен таралған мұндай кездесулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық бастамалардың өзіндік «фабрикасы», жастардың белгілі ақындармен, жазушылармен, ғалымдармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесу орнына айналды.
Парасаттылық идеологиясын насихаттау мен ілгерілетудің маңыздылығын ескере отырып, кітапханалар базасында «Парасат жолы» филиалдарын жаппай ашып, елордалық тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріне тарату туралы шешім қабылданды.
Кездесуге қатысқан ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері бүгінде ашық орталықтар ел игілігі үшін игі идеялар мен бастамалардың тартылыс нүктелеріне айналатынына зор үміт білдірді.
Іс-шара барысында Алик Шпекбаев пен Ақтоты Райымқұлова екі ведомство арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Тараптар азаматтық қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, ел азаматтары арасында парасаттылық пен адалдық қағидаттарын нығайту бойынша жедел өзара іс-қимыл жасау үшін өз әлеуетін біріктіруге ниетті.
Бұл жұмысқа ақпараттық-түсіндіру, әлеуметтік-тәрбиелік және волонтерлік жобаларға қатысатын кітапхана қызметкерлері, ғалымдар, жазушылар, ақындар, теологтар, дін өкілдері мен танымал тұлғалар тартылатын болады.
Өзара түсіністік, құрмет пен сенім – «Парасат жолы» жобасының үш тірегі.

Қазақстан Республикасының
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі