Мамандық таңдау, кейін еңбек ету саласын таңдау — адам өміріндегі ең басты мәселелердің бірі екендігі белгілі, сондықтан таңдаған кәсібі мен жұмыс бағдары өзіне ұнап, оның өмірлік ұстанымына айналуы әркім үшін аса маңызды.
Азаматтардың мемлекеттік қызметті таңдауына оның қабілеттері, дағдылары, қалыптасқан құндылықтары және басымдықтарымен қоса адами қаситеттері мен мінез-құлқы да әсер етеді. Мемлекеттік қызметке еңбек үрдісінің қарқындылығы мен жоғары жауапкершілік тән. Сондай-ақ, заманауи мемлекеттік қызмет үшін оның мақсаттары мен басымдықтары ерекше маңызды. Халыққа қызмет етуде кәсіби шеберлікпен қоса адамгершілік ұстанымның болуы өте маңызды. Адамгершілік — адам бойындағы әдептілік, ол — ізгілік, адалдық ұғымдарымен егіз.
Мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі – әдептілік. Мемлекеттік қызметті таңдаған адам қызмет бабында қойылатын талаптармен терең танысуы қажет. Ол Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексімен қарастырылған мінез-құлықтың жалпы стандарттарына сәйкес адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуы тиіс.
Бұл жерде мемлекеттік қызмет атқару мен адамгершілік қағидаттарын берік ұстана білу — біртұтас дүние екендігін түсіну қажет.
Яғни, мемлекеттік қызметті таңдау – заңмен қарастырылған шектеулерді қабылдауға, азаматтардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру үшін аянбай еңбек етуге бел буу деген сөз. Осы орайда, департамент тарапынан жастар арасында тиісті түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар, студент жастар үшін жас мемлекеттік қызметші мектебінің жұмысы ұйымдастырылған. Мектептің басты мақсаты — мемлекеттік қызметке мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптарды түсіндіре отырып, талантты, білімді, жауапты, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қасиеттері бар жастарды тарту.
Мемлекеттік органдарда әдеп нормаларының сақталуын, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бұзушылықтарының алдын алу үшін әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі қарастырылған. Бұл функциялар басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.
Әдеп жөніндегі уәкіл ұжымда әдеп нормаларының сақталуымен қатар ондағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін білу үшін кемінде жарты жылда бір рет анонимді сауалнама жүргізеді. Сауалнама қорытындылары ұжым қызметкерлері арасындағы өзара қарым-қатынаста әдеп нормаларының, еңбек пен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын бағалау және олардың бұзылуына жол бермеу шараларын қолдану мүмкіндігін береді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте орнаған тәлімгерлік институтының жаңа қызметкерлерді жылдам бейімдеп, кәсіби шеберліктерін ұштаудағы атқаратын рөлімен қатар, оларды адамгершілікке, әдептілікке тәрбиелеудегі мәні зор.
Р. Братаева,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Ақмола облысы
бойынша Департаменті
Мемлекеттік қызмет
басқармасының басшысы