Ағымдағы жылғы 4 маусым күні, яғни Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеуге бағытталған осы семинарлық сабақты өз Отанымызға сүйіспеншіліктен еске салып бастау жөн.
Патриот — бұл өз елін сүйетін, елінің ұлтын, тілін, тарихын, ежелден келе жатқан ата-баба салт-дәстүрлерін, дінің, ділін құрметтеп, өз елі үшін қызмет ететін тұлға. Сондықтан, әрбір қазақпын деген азамат, өз елінің патриоты болуға тиіс. Патриотизм ең алдымен адамның отбасына деген сүйіспеншілігінен басталады. Қазақ халқында «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Біздің еліміздегі әрбір азамат өзі өсіп-өніп, өмір сүріп, қызмет етіп жатқан өз еліне құрметпен қарауға тиісті.
Патриотизм – кез келген адам баласына тән қасиет болуы қажет. Адам бойындағы патриотизмдік бала-күнінен бастау алады. Кішкентай кезінен отаның сүйіп өскен бала, болашақта да өз елі үшін қызмет етері анық. Сондықтан, әрбір адам өз баласын, келешек ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуі керек. Өкініштісі, қазіргі жасөспірімдер бұл сезімді сезіне алмайды. Өздерінің қазақ екенінен ұялып, бөтен тілде сөйлейді, ойлайды. Бұл қазақ тіліне деген құрметсіздік деп білемін. Әрбір қазақ қазақ тілінде жетік сөйлесе, қазақ тілі қазіргі таңда жақсы деңгейге жетер еді. Біз бұлай өз ұлтымыз бен тіліміздің жоғалуына жол бермеуіміз қажет. Сол себептен, қазақ тілінің елімізде күшейтілуі, дамуы керек. Өз халқының патриоты болу үшін алдымен ана тілде сөйлеп, сол тілді мәртебе тұтуы қажет.
Патриотизмді дамытудың басты шарты — бірлік пен татулықты сақтау. Алайда, патриотизм жасанды болмаған жағдайда ғана өз жемісін береді. Патриотизмнің объектісі, қайнар көзі — Отан. Ал оның мазмұны табиғаты, оның байлықтары, жері, тарихы, тілі. Сондықтан патриотизмде ұлттық мазмұн болуы шарт. Мысалы, елімізде өмір сүріп жатқан өзге диаспоралар Абылайхан, Бөгенбай, Қабанбайды, Ахмет, Әлихан, Мұстафаны Отанын қорғаған батырлар ретінде тануы және өз қаһармандары ретінде қабылдаулары керек. Себебі өзге диаспоралар өмір сүріп жатқан Отан үшін құрбан болғандар, олардың да батырлары болып қабылдануы қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Өйткені, оларға Отан болған жер үшін, өмір сүрулеріне жасалған жағдай үшін құрбан болғандарға құрмет көрсетуі азаматтық парызы болып есептелуі керек. Қаншама қазақ жастары өз өмірлерімен құрбан етіп, қазақ елі тәуелсіз ел болуына, қойған мақсаттарына жетуі үшін ерен еңбек еткендігін құрметтеуі қажет. Осы сынды оқиғаларға қарап, әрбір қазақ азаматы туған жерін мен халқын құрметтеуі керек. Мысалыға, ұлттық табиғатымызға жат коммунистік патриотизмнің қандай жарға жыққанын тарихтан сабақ алғанымыз жөн болар. Осыған себеп кешегі Желтоқсан көтерілісінің пайда болуы. Бір-ақ қандай жағдай болмасын қазақ ешқашан бір үйде құл болып қызмет етпеген. Өз намысын, елін, жерін әрқашанда қорғауға дайын. Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру әрбір азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады. Өз тәуелсіздігімізге аяқ басқан кезеңде төл рәміздер дүниеге келді. Тәуелсіз Қазақстанның рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы да кездейсоқ жайт емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділікке жол ашты. Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Кез келген қазақ азаматы рәміздерге қарап, қазақ баласының жүрегінде мақтаныш сезімі пайда болуы қажет. Бұл Қазақстанның қаншама ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздігін алғандығын паш ететін киелі қазына, белгі іспеттес. Алаш жұртына осы рәміздер киелі болғанымен, оларға қарап қандай болмасын туған жерге деген мақтаныш сезімі келгенімен, олар біздің ата-бабаларымыз өткен қиын кезеңдерді бейнелейді.
Патриоттық сезім шын жүректен шығуы керек деп есептеймін. Отанға адал еңбек етіп, көмегін көрсете білу керек. Туған елімізді, жерімізді құрмет тұтпасақ оның болашағы жоқ дегені.
Елбасы Қазақстан халқына жолдауында «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс»,– деп атап өткен болатын. Ел Президентінің бұл сөзі жастарға серпіліс беріп және оларға үлкен сенім артатынының дәлелі екені сөзсіз. Елім, жерім, тілім, дінім деген әрбір қазақты патриот дейміз. Патриоттық ұғымының мағынасы тым терең. Ол еліне, туған жеріне деген ғана сүйіспеншілікпен ғана шектеліп қоймайды, ол қазақ халқына тән барлық құндылықтарды құрметтеу болып табылады. Мен өзімді Қазақстанның азаматы болғаным үшін, қазақ жерінде өмір сүргенім үшін бақытты сезінемін. Бұл менің бойымдағы асқақ патриоттық сезімді оятады. Өзімді қазақ екенімді, қазақ болып туғанымды мақтан етемін. Патриоттық қасиет белгілі бір уақытқа, кезеңге бөлінбейді. Ол әрқашанда өзінің ұлтына деген ыстық сезімнен тұрады. Патриоттық қасиет – отбасынан бастау алады. Елі мен жеріне құрметпен қараған азамат, сол елдің өсіп-өркендеуіне, дамуына ықпал етеді. Білім мен еңбекқорлық қасиеті арқылы, елінің бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына қосылуына ықпал етеді. Патриоттық қасиетін бүгінде ұлтжандылық қасиетімен теңестіреді. Ұлтжандылық ұлтының ұлт болып қалыптасуындағы кезеңдерге деген көзқарастың жиынтығы. Мен барша қазақстандықтарды, жалпы адамзат баласын өзінің елінің, жерінің, туған отанының патриоты болуға шақырамын.
Дамир Әбдіғали
Есіл ауданың №2 аудандық
сотының бас маманы