Қылмыстық істер бойынша сот актілері, яғни үкім мен қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi негізінде, сотталған не ақталған адамға, қорғаушыларға, оның ішінде үкім жария етілгенен кейін іс бойынша оны жүргізуге кіріскен қорғаушыларға, өкілдерге, жәбірлеушіге тиесілі.
Сонымен қатар, егер сот қаулысы басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне де қатысты болса, онда олар осы қаулыға шағым жасауға құқылы. Жергілікті бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енбеген бұл үкімдерге түскен осы апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, тиісті облыстық соттардың апелляциялық сатысы қарайды.
Апелляциялық шағымдар не өтінішхаттар осы үкімді шығарған сот арқылы беріледі. Апелляциялық сатыға тікелей түскен апелляциялық шағымдар бірінші сатылы сотқа жіберіледі. Үкім жария етілген күннен бастап 15 тәулік ішінде апелляциялық шағымдар беріледі не прокурордың өтінішхаттары келтіріледі, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам, үкімнің көшірмесін алған күннен бастап, сол мерзімде беруге құқылы.
Сот өндірісіндегі азаматтық істер бойынша заңды күшіне енбеген шешімдеріне де апелляциялық тәртіппен апелляциялық шағым берілуі немесе прокурор тарапынан апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, басқа да тұлғаларға, апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады. Іске қатыспаған, бірақ сот, олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым жасай алады.
Бірінші сатыдағы соттар шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы үш құрамда қарайды. Ал осы, аудандық соттардың оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарған шешімдерге түскен апелляциялық шағымды немесе прокурордың өтінішхатын облыстық сот судьясы жеке-дара қарайды. Апелляциялық шағым немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты шешім шығарған сот арқылы беріледі. Тікелей апелляция сатысына келіп түскен шағым немесе өтінішхат шешім шығарған сотқа жіберілуге жатады. Апелляциялық шағым немесе өтінішхат түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап, бір ай ішінде беріледі.
Сот ұйғарымына да жеке шағым берілуі немесе өтінішхат келтірілуі мүмкін. Егер ұйғарым, іске қатыспаған адамдардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты болса, онда олар да ұйғарымға шағым жасауға құқылы.
Жеке шағым не прокурордың өтінішхаты, ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі. Бірінші сатыдағы соттың басқа қалған ұйғарымдарына, оның ішінде сот отырысының хаттамасына енгізіле отырып шығарылған ұйғарымдарға жеке шағым немесе өтінішхат берілмейді, бірақ оларға байланысты тараптардың қарсылықтары апелляциялық шағымға не өтінішхатқа енгізілуі мүмкін. Апелляциялық сатыдағы сот іске қатысатын адамдарға жеке шағымды немесе прокурордың өтінішхатын қарау уақыты мен орны туралы тараптарға хабарлайды.
А.У.Кожина
Ақтөбе гарнизоны әскери
сотының кеңсе меңгерушісі