Төраға Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы делегациясының Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің екі ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорындарында — «Маңғыстаумұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамдарында әлеуметтік әріптестермен кездесулер өтті.
«Қаражанбасмұнай» АҚ – Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны, оның акциялары «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы мен Қытайдың China International Trust and Investment Corporation (CITIC) компаниясына тең дәрежеде тиесілі. Инвесторлар арасындағы келісімшарт 2 035 жылға дейін есептелген. Кәсіпорын өндіретін мұнай көлемі 90 млн тонна, қалдық қоры 305 млн тоннаны құрайды. Кәсіпорында 4 608 адам жұмыс істейді, оның 2 896-сы екі жергілікті кәсіподақ ұйымының мүшелері. Қазақстанның ірі кәсіпорындарында бірнеше кәсіподақ ұйымының болуы сирек жағдай емес.
ҚРКФ делегациясымен кездесуде «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Ли Тецян кәсіпорынның қызметі туралы хабардар етіп, әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерге, атап айтқанда, кәсіподақ ұйымдарымен өзара қарым-қатынасқа кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпорын басшылығы әлеуметтік әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөледі.
«Бір жыл бұрын біз ұжымдық шарт жасастық, оның мазмұнды бөлігі – екі кәсіподақтың өкілдерімен жүйелі консультациялардың нәтижесі. Шартқа кәсіподақтармен келісілген 27 тармақ кірді, оның ішінде жұмыскерлерге шипажайлық сауықтыру, біліктілік семинарлары және басқа да әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған», — деді мұнай-газ өндіруші кәсіпорнының басшысы.
Өз кезегінде «Қаражанбасмұнай» АҚ кәсіподақ көшбасшылары Айтбай Кужухов пен Қуаныш Сейсенбаев кәсіподақтардың бастамасымен кәсіпорында төрт жылдан бері басшылық пен кәсіподақ активі арасынан құрылған комиссия жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«Тоқсанына бір рет комиссия кен орындарына барады, еңбек ұжымдарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылайды, кейін алқалы түрде шешім қабылдайды. Осылайша біз ақшалай есептегенде 4 млрд теңгені құрайтын жаңа ұжымдық шарт жобасын әзірледік. Қазір комиссия ұжымдық-шарттық міндеттемелердің орындалу нәтижесін де алқалы түрде бақылайды», — дейді кәсіподақ белсенділері.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Қаражанбасмұнай» АҚ әлеуметтік әріптестеріне үйлесімді жұмыс үшін алғыс айта отырып, жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдері арасындағы мұндай қарым-қатынастың бүкіл кәсіпорын үшін маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіпорынның болашағы жұмыс берушінің жұмыскерлермен диалогқа ашықтығына байланысты болады. Бұл жерде жұмыс беруші «Қаражанбасмұнай» АҚ дамуы мен табысты болуы мұнай өндірумен айналысатын адамдардың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей байланысты екенін түсінетінін көреміз», — деді ҚРКФ төрағасы.
Ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорын – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да әлеуметтік әріптестіктер әлеуметтік әріптестік саласындағы тығыз байланыстың үлгісін көрсетті, кәсіпорында жұмыс беруші және жұмыскерлер өкілдерімен мазмұнды әңгіме өрбіді. Мұндағы 3 886 жұмыскердің 3 022-сі кәсіподақ ұйымының мүшесі.
Атап айтқанда, бұл кәсіпорында ұжымдық шартты монетизациялау жылына 2,5 млрд теңгені құрады.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Мәди Кентановтың айтуынша, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап әлеуметтік әріптестіктердің келісімі бойынша кәсіпорынның кен орындарындағы жұмыскерлердің жұмыс ауысымы 10 сағаттан 12 сағатқа дейін ұлғайтылды, бұл жалақы мөлшеріне айтарлықтай әсер етеді.
«Биыл ұжымдық шартта бекітілген нормалардың арқасында 1 100 жұмыскер біліктілік разрядтарын арттырды. Сонымен қатар, норманы асыра орындағаны үшін үстемеақылар да енгізілді, мәселен, нормадан 25 мың тоннаға артық өнім – қосымша лауазымдық жалақы, 50 мыңға – екі жалақы, 75 мыңға – үш жалақы», – деді кәсіподақ комитетінің төрағасы.
Кәсіпорындағы ұжымдық-шарттық міндеттемелердің орындалу барысымен танысқан ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Маңғыстау облысында (ұжымдық даулар бойынша өткен жылдың «көшбасшысы») әлеуметтік әріптестіктің мұндай үлгілерінің болуы өзекті екенін атап өтті.
«Маңғыстаудың мұнай-газ өндіруші кәсіпорындарында ұжымдық шарттардың көрнекті үлгілерінің болуы әлеуметтік әріптестер арасындағы келіссөздер үдерісі еңбеккерлердің әл-ауқатын арттырудың ең тиімді әдісі екеніне тағы бір дәлел», — деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.
Жұмыс сапары аясында ҚРКФ делегациясы Жаңаөзенге барып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізеді.
ҚРКФ медиаорталығы