Жеңіс күніне қалай қол жеткіздік…

9 мамыр 2022 жылы, яғни 77 жыл бұрын, Совет Халқының Жеңісімен Ұлы Отан Соғысы аяқталды.
Адамзат тарихында, бұл ең сұрапыл соғыс болды.
Соғыста ондаған миллион адам қайтыс болды. Сан жағынан әлі де дәл деректер жоқ.
Біздің Қазақстан мемлекетінде осы соғыста адам шығыны болмаған от басы жоқ.
Менің от басымнан, Ұлы Отан Соғысында Ұлы шешем Төлеу Аухадиеваның әкесі Закария Аухадиев қайтыс болды.
Атам Сәмен Амиргалиев 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, соғыс басталғанда, бірден майданның бірінші эшалонына барып түскен. Ол кісі балалар үйінде (детдомда) тәрбиеленген, он класс білімі бар, орысша жақсы білген.
Соғыста взвод командирі болған. 1943 жылы ауыр жарақат алып, елге қайтқан, 1 группадағы Отан Соғысының мүгедегі. Атам Соғыс туралы киноларды қарамайтын. Соғыс іс жүзінде кинодағыдай емес дейтін.
Соғыстан кейін атам Сәмен Семей қаласындағы қаржы техникумын бітіріп, өзі тәрбиеленген балалар үйінде (детдомда) бас бухгалтер болған.
Семей қаласында соғыста атамның взводында болған Мурин Михаил Алексеевич деген кісі тұрды, ұлты орыс, (әйелі тетя Люба ). Әкелеріміз ол кісіні дядя Миша дейтін. Ол кісі атам үшін туған бауырындай болды.
Соғыста бірге болған майдандастар, бірі үшін бірі жандарын беруге дайын болатын. Тетя Люба мектепте сабақ басталар алдында менің әкемді ертіп алып, Семей қаласының магазиндерін аралап, аяқ киім, бас киім, тіпті мектеп формасына дейін сатып алып беретін. Орыстар «балаң ба?» деп сұраса, «иә балам» деп, ауыздарын жауып тастайтын.
Соғыстан мүгедек болып елге келген соң атам үйленеді, он баласы болды. От басы үлкен болған соң, үй салайын десе, құрылыс материалдары тапшы, жоқ. Соғыста өзінің взводында пулеметчик болған Александр деген орыс (фамилиясы есімде жоқ), Семей қаласындағы пристаньда құрылыс материалдары складының меңгерушісі екен. Атама үй салуға қажет барлық құрылыс материалдарын, ақшасына, тауып, жеткізіп береді. Сөйтіп атам үй салады.
Сұрапыл соғыстың зардабы миллиондаған балаларды жетім етті. Атамның үйіне, соғыс кезінде (детдомда ) өскен Незнамов, Орлов деген жігіттер бала-шағаларымен жиі келетін. Незнамовты балалар үйіне әкеліп тапсырғанда «атың кім?» деп, жөнін сұраса «незнам» дейтін көрінеді, содан оның фамилиясын Незнамов деп қойған екен. Орловты детдомға Орлов қаласынан әкелген, ол аты жөнін білмейді, фамилиясын Орлов деп жазған көрінеді. Ал, солардың балалары, немерелері әлі осы күнге дейін атамыз салған үйге жиі келіп тұрады, «бұл үй, біздің атамыздың үйі», дейді. Ол үйде кәзір әкемнің туған бауыры тұрады.
Ұлы шешем Аухадиева Төлеу, Отан Соғысы басталғанда он үш жаста екен. Жастығына қарамай, ол кісіге екі дөңгелекті, түйе жеккен арба беріп, колхоздың сүтін таситын және есебін жүргізетін есепші қылып «учетчик» тағайындайды. Әкемнің үйінде шешесінің «ветеран тыла» деген медалы бар.
Ұлы шешеміз Төлеудің шешесі Нұрғайша, менің әкемнің қолында тұрды да мені, қарындасымды және бауырымды тәрбиеледі. Ол кісі 104 жасқа келіп қайтыс болды.
Соғыс кезінде Нұрғайша апамыз және күйеулері соғысқа кеткен төрт әйел, жеке тұрсақ, көмектесетін кісіміз жоқ бізге, бала шағамызбен өліп қаламыз деп, бес отбасы бірігіп бір үйге көшіп алады.
Біреуінің бір, екі ешкісі, біреуінің он шақты тауығы, біреуінің бір сиыры бар дегендей. Ересек адамдарының барлығы колхозда жұмыс істеп, еңбек күнге күзде астық алады екен. Соның арқасында, соғыс кезінде аштық көрмей, бала шағаларымен аман есен қалыпты.
Осы бес отбасының басын біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығартып, баларына бас көз болған (шешелері колхоздың жұмысында), Нұрғайша апамыздың енесі екен. Ол кісінің талабы: «Кешке жұмыстан келгенде, қабақтарыңды ашып, үйге жарқылдап кіріңдер», дейді екен жарықтық.
Апам Төлеу, кешке үйге келіп, түйені шегергенде, түйе түкірігін көпіршітіп айналасына шашады екен де апамның да усті-басын былғайды екен. Апам қыстың күні үйдің алдындағы өзенге барып, жылап жүріп, беті қолын жуып, сүртініп, жылауын басып, үйге күліп кіреді екен. (түйені бағып-қағу да Төлеу апамның міндеті екен).
Жаз шыға, әйелдер, соқаға сиырларын жегіп, алты-жеті жастағы балаларына сиырды жетелетіп, жер жыртып, колхоздың астығын егеді екен.
Ал осы бес әйелдің үрім — бұтағы, әлі осы күнге дейін, бір бірімен, жақсы туыстардай араласады, бірін бірі қуаныш, той, қайғысынан тастамайда. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген осы шығар деп ойлаймын.
Бұл жағдайларды, егжей — текжейлеп жазып отырғаным, осындай, миллиондаған от басының аналары мен балаларының, бағасын айтып жеткізуге тіл жетпейтін ерліктерінің арқасында, Совет мемлекетінің халқы, оның ішінде біздің Қазақ халқы Ұлы Жеңіске жетті.
Мұны біз ешқашанда ұмытпаймыз.
9 мамыр, Ұлы Жеңіс Күні мәңгі жасасын!!!

Айбек Әмірғалиев
Нұр-Сұлтан қаласы
Алматы ауданының №2
аудандық сотының судьясы