Жария-құқықтық даулар бойынша медиация дауды шешудің ең жақсы тәсілі

2021 жылдың шілде айынан бастап қолданысқа енгізілген, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануына байланысты бүгінгі күні жария құқықтық қатынастардан туындаған даулар бойынша татуластыру рәсімдерін қолдану іс жұзінде жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Жалпыға, оқырмандарға түсінікті болу үшін, айтата кететін жай, қазіргі кезде әкімшілік сотта мемлекеттік орган мен заңды тұлғалар, азаматтар арасындағы әкімшілік даулар қаралады.
Яғни, мемлекеттік органның шешімімен келіспеген азаматтар, заңды тұлғалар әкімшілік сотқа әкімшілік талап арызбен жүгіне алады.
Сонымен қатар,өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi шешiмiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына әкімшілік сотқа шағым жасауы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданға дейін тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын болса, оған Медиация туралы заң қолданылмайтын.
Ал қазіргі кезде әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте арнайы 120,121-бабтарында, татуластыру рәсімдері, сотта медиация жүргізу тәртіптері қарастырылған.
Нұр-Сұлтана қаласының ауданаралық әкімшілік сотында жаңа қолданысқа енгізілген мемлекеттік органдармен татуласу рәсімдерін жүргізу үшін, білімі мен біліктілік тәжірибесі мол, арнайы судья- медиатрлар бекітілген. Судья-медиатрдың негізгі міндеті туындаған дауды шешу кезінде екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады.
Қазіргі таңда әкімшілік сотта мемлекеттік органдар мен сот орындаушылардың іс-әрекетіне берген шағымдар бойынша даулар медиация рәсімімен реттеліп жатыр.
Статистикаға сүйенетін болсақ 2021 жылдың екінші тоқсанында, қаралған істердің 44,9%, 2022 жылдың 1 тоқсанында 24 % медиациялық тәртіппен аяқталған.
Әкімшілік іс сотқа келіп түскеннен бастап Сот (судья) тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, оларға дауды медиациялық тәртіппен шешу үшін негізгі сот талқылауы басталмай жатып сотқа шақырылады.
Судья-Медиатор, тараптардың арасында туындаған дауларды реттеп, оларды өзара келісім арқылы бітімгершілікке шақырады, тараптардың тілектері мен мүдделерін ескеріп және бірігіп іздену туралы ұсыныс келтіреді.
Соттың белсенді рөлі қағидаты шеңберінде тараптардың құқықтық позициялары бойынша алдын ала пікір білдіру арқылы жүргізілген түсіндіру шараларының нәтижесінде, тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерге келуде.
Бірақ бүгінгі таңда мемлекеттік органдармен татуласу рәсімдерін жүргізу мүмкіндігі толық қалыптаспаған, медиацияга мемлекеттік мекеме өте сирек жүгініп отыр. Оның басты себептерінің бірі, сот жүйесіндегі бұл оң бағыттан, әлі де мемлекеттің мекемелердің соның ішінде басшылардың жеткілікті түрде хабардар бола алмай отырғаны себеп болып отыр.
Ортақ шешімге келетін тиімді баламалы әдістердің бірі болып табылатын медиацияны мемлекет басшылары үреймен қолдануда. Мемлекеттің органдарының өкілдерінің пікірінде, ескі ұғым- медиациялық келісімге қол қойса дауды, заң бұзушылықты мойындағаны деп қабылдайды. Жіберген қателіктер мен олқылықтарды дер кезінде жойып, дауды әріге апармай, жылдам аяқталуына себеп болсақ, мұның өзі адамға, қоғамға құрмет, заң талабының сақталуын қамтамасыз етудегі үлкен жетістік емес пе? Туындаған дау бойынша мемлекет тарапынан ғана емес жеке тұлғалар тарапынан да түсінбеушілік туындап жатады.
Сот осындай кезде, қарапайым тілде, белсенді рөлі қағидасы шеңберінде медиацияның тиімділігін, тараптың пайдасына заңды шешімнің шықпай қалу мұмкіндігін түсіндіреді. Осындай жағдайда қөбінесе, тараптар дауды бейбіт жолмен шешуге келісіп жатады.
Осылайша, ымырамен аяқталған дауда талап қоюшылар өздеріне қолайлы шешімге қол жеткізсе, жауапкерлер жағы, оның бейбіт жолмен шешілуіне мүмкіндік алады.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Қорыта келгенде, жаңа Қазақстан Республикасында жария-құқықтық даулар бойынша медиация –тәсілін қолданылуы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі. Сот жүйесінде болып жатқан медиацияның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз.

Бағдагүл Бияхметова
Нұр-Сұлтан қаласы
мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік
сотының судьясы