Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатын нақтылап, бүгінде бүкіл әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналып келеді. 2015 жылдың 18 қарашасында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданды.
Бұл Заңның мақсаты- азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу. Бұл заңның ерекшелігі сол, билік басындағы лауазым иелерінің қызмет бабын жеке басының мақсаттарына пайдалануына, келеңсіз әрекеттеріне тосқауыл қою болып табылады.
Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу- бұл мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты. «Коррупция» термині латын тілінің «corrutpere» деген сөзінен шығып, мағынасы жағынан «мемлекет организмін, қоғамдық қарым-қатынастарды бұзу» дегенді білдіреді.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Мысалы, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытындысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік- экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.
Сыбайлас жемқорлық қоғамға тек зиянын тигізіп қоймай, сонымен бірге оң нәтижеге жеткізбейтінін естен шығармауымыз керек. Өйткені сыбайлас жемқорлықта тек параны көбірек беруші ғана жеңіске жетеді. Бір қорқыныштысы- сыбайлас жемқорлықпен айналысу сол тұлға мен оның жақындарының сана-сезіміне залал келтіріп, дүниетанымдарын бұзады. Сыбайлас жемқорлық әрекеттер әдетте кәсіби емес адамның тексеріп қарауына қиын соғатын күрделі өзіндік және құпия мемлекеттік қызмет түрлерінде жасалады. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік аппаратқа деген шынайы сенімді жойдырады, оның беделін түсіреді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тек жасырын сипатта ғана емес, сонымен қоса келісімді түрде жасалады, қағида бойынша ол өз артынан шағым тудырмайды, өйткені кінәлі тараптар заңсыз жасалған мәміледен өзара тиімді пайдаға ие болады.
Қорытындылай келе, «Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние –байлық неге керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз сот саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің бағдары іспеттес. Шынында да, біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу- барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Т.Кафезов
БҚО қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының
сот приставы