Халық Қаһарманын еске алу митингі өтті

2019 жылғы 3 сәуірде Жамбыл облысының Полиция департаментінде Халық Қаhарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың туған күніне орай еске алу іс-шарасы өткізілді.

Іс-шара Ғазиздің әріптестері – Жол-патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің 2011 жылдың 12 қарашасы күні террористі ұстау кезінде Ғ.Байтасовтың ерлікпен қаза болған орнына гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Содан соң Полиция департаментінің жеке құрамы, Ғ.Байтасовтың туыстары, ІІО ардагерлері, Тараз қаласының Полиция басқармасы, Жол-патрульдік полиция батальоны және БАҚ өкілдері ПД жанындағы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне жиналды.

Митингте Жамбыл облысы ПД бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиев, ПД басшылығы, Ғазиз Байтасовтың отбасы және ІІО ардагерлері мен жас полиция қызметкерлері батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып,  бір минут үнсіздікпен еске алды.

Алғаш болып Жамбыл облысы ПД Ардагерлер кеңесі атынан ішкі істер органдарының ардагерлер ұйымының төрағасы запастағы полиция полковнигі Өрнекбай Смаилов сөз сөйледі. Келесі кезекте Халық Қаhарманының жұбайы Тажиева Гүлжамал Махамбетқызы: — Ғазиз Байтасовтың ерлігіне құрмет көрсетіп, туған күніне жұртшылық жиналып отыр, бүгін ол ортамызда болғанда 48 жасқа келер еді. Жасаған ерлігі полиция қызметкерлеріне үлгі болды, оның есімі ұмытылмайды. Ол  Отанын, халқын, жерлестерін қорғап, жастай өмірімен қош айтысты – дей келе, ПД басшылығы мен жеке құрамға Ғазизді ұмытпағандары үшін ризашылығын жеткізіп, Ғазиздің әріптестеріне денсаулық, қызметтеріне тыныштық тіледі.

Іс-шара соңында қатысушылар ПД мұражайындағы Ғ.Байтасовқа арналған бұрышпен танысты.

Атап өту керек, Тараз қаласындағы орта және жоғарғы оқу орындарында, жалпы білім беретін орта мектептерде Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігіне байланысты «Ерлік сағаттары» өткізілуде.

Жамбыл облысының ПД Баспасөз қызметі