Жылан туралы не білеміз? Ғалам құпиялары. Жыланда аяқ жоқ па?

Егер адамдардан жыланда аяқ бар ма? деп сауал қойсақ көпшілігі «жоқ»
деп жауап берері сөзсіз. Өйткені Совет үкіметінен бері, қазіргі күнге дейін
І-ғасыр бойы мектептерде биология пәнінде «жыланда аяқ жоқ олардың аяғы жойылған, бауырмен ирелеңдеп қана қозғалады, егер ирелеңдеуіне мүмкіндік бермесе, ол орнынан қозғала алмайды»,- дейді және «жылан жан –жануарларды шаққанда тісімен тістеп шағады. Тістеген жеріне, тісіндегі уын жібереді»,- деп оқытып жүр. Бауырмен жорғалаушылар класын зерттейтін биология ғалымдары, ғасыр бойы «адасып» келеді. Өздерінің адасқанымен қоймай, қаншама ұрпақты қоса адастыруда. Мұны төменде өзіміз көзбен көрген нақты дәлелмен айтатын боламыз. Көпшіліктің «жыланда аяқ жоқ» деп ойлауына Асан-Қайғы бабамыздың:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтып күн көрер.
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтып күн көрер, — деген сөзіде әсер еткені даусыз. Асан-Қайғы бабамыздың данышпандығына, көрегендігіне ешкімніңде күмәні жоқ қой. Бірақ мына айтқан сөзі, ол кісінің жеке өз ойы, өзінің тұжырымы екенін ескергеніміз жөн болатын шығар. Асан бабамыз бірақ адам, жеке адамдардың қателесуі әбден мүмкін нәрсе. Ал халық оңайшылықпен қателеспейді. Халқымыз сан ғасырлық тәжірибесіне сүйеніп, жылан табиғатын, тіршілік жағдайын, мінез-құлқын, іс-әрекетін, одан сақтану жолдарын, оның уы мен арбауына қарсы күресудің амалдарын білген. Сондықтан да халқымыз жылан туралы көптеген мақал — мәтелдерді дүниеге әкелген. Осы айтқан мақал – мәтелдерінде ешқандай қателік жоқ екенін, қаншама мыңдаған жылдардың тәжірибесінен нақты дерекпен айтқандарын, өмірдің өзі көрсетіп келеді. Өйткені Атамыз қазақ: «Халық айтса қате айтпайды» деген. Мысалы: «Көп жортқан жылан аяғын көрсетеді» және «Жыланның аяғын көрген қу»,- деген мақалдарға анықтап зер салып үңілсеңіз, жыланда аяқ бар, бірақ аяғын оңайшылықпен көрсетпейді» деп айтып тұрған жоқ па. Бір ескеретін жәй жыланның аяғын зорлықпен көргенді және өлген жыланың аяғын көргендерді «Жыланның аяғын көрген қу» демеген. Тек жылан жортып бара жатқанда көре алатын, өте көреген, байқампаз, қырағы адамдарды ғана айтатын болған. Жалпы жыланның аяғын кез келген адамның көріуі екі талай нәрсе. Өйткені жылан аяқтарын жасырып өте құпия ұстайды, барынша көрсетпеуге тырысып, бойындағы қатпарлардың арасына жасырады. Осы әрекеті ұшақтың әуеге көтерілген соң дөңгелектерін бауырына жинап алып, люгін жауып алатынына өте ұқсас. Жыланның аяғының бар екеніне бірнеше дәлел келтіре кетейін.
1950 жылдардың басында Ворошилов колхозының сиыр фермасы, Шеткі Ласты өзенінің жағасындағы жұрттарға көшіп-қонып жүріп сиыр сауатын. Осы өзеннің екі жақ жағасында, ол кезде жылан қалың болушы еді. Ұзындығы 70-85 см болатын сұржыландар, қарашұбар жыландар, 25-35 см болатын оқ жыландар, басқа да түрлері баршылық еді. Осылардың бәрі улы және өте қауіпті болатын. Оқ жыландар кейде үйге кіріп, шаңырақа шығып кететін. Егер аяғы жоқ болса қалай керегеге шығып, одан уықты бойлап шаңыраққа жетеді. Ондайда шешем Шәйкен (Шайзада) қолына ұзын шыбық алып, сонымен жыланды қақпалап, амалдап жүріп жерге түсіріп, басына ақ құйып (сүт) үйден шығарып жіберетін. Бізге өлтіртпейтін,-«Ордалы жылан болса оңдырмайды ол өте қауіпті, олар өшін алмай қоймайды»,-дейтін. Шешемнің туған жылы «жылан» еді. Жыланның біздің отбасымызға тиіспейтініне қатты сенетін де еді жарықтық.
Екі сауынның арасындағы бос уақыттарда суға түсеміз, балық аулаймыз. Осы кездерде жылан кезікпей тұрмайды. Бізді көре сала қашады, іні жақын болса кіруге ұмтылады. Оның іні жерге қазық қағып, қайта суырып алғандағы орыны сияқты тіп-тік болады. Бізден қашып ініне кіріп бара жатқанда, құйрығынан қос қолдап ұстап тартқанда інінен суырып ала алмайтынбыз. Атам Қазақта: — «Ажалсыз адам өлмес» деп жыланның құйрығынан ұстама»,- деген сөз бар ғой. Балалықпен бұл сөзді ескермедік, дұрысы білмедік. Жыланды құйрығынан ұстап тартқан кезде суырылып кетсе, қайырылып келіп шағуы сөзсіз еді. «Құдай сақтаймын десе сақтайды». Егер аяғы жоқ, жүп-жұмыр болса, суырылып кетпей ме? Ол аяқтарын іннің қабырғасына тіреп тұрып алатын сияқты. Сондай- ақ жылан түп-түзу жүре алмайтын болса, онда тіп-тік ініне қалай кіріп-шығып жүр деген заңды сұрақ тумайма.
Ғылым тілінде «Жар қарлығашы» деген қарлығаш біздің жерге де келеді. Бұл қарлығаштың бір ерекшелігі адам жүрген жерге жоламай, не замандағы су орғаннан пайда болған, биіктігі 3-4 метр болатын жарлардың ең биігінен тесіп ұя жасап алып, сонда жұмыртқалап балапан шығарады, оларды «Жар қарлығашы» дейтініде содан болуы керек. Өте ұйымшыл, бір жардың бетінен 50-60-ы жыпырлатып ұя салып алады. Міне сондағы балапандарды жеу үшін, жыландар әлгі 3-4 метр тіп-тік биікке, жардың бетімен дүп-түзу болып созылып, мысықтабандап, өте баяу жылжып, өрмелеп бара жататын. Біз балалар ондайда жыланды таспен атқылап жерге түсіріп алып өлтіретінбіз. Сонда жыланға таңғалатынбыз. Сонша биікке қалай өрмелеп барады, қалай төменге сырғып кетпей жарға қалай жабысып тұр,- деп. Оның сырын кейін жылынның аяғын көзімізбен көрген соң ғана түсіндік.
Жарға тік өрмелеуіне бауырындағы екі қатар көп аяқтары көмектессе, төмен сырғып кетпеуіне аяқтарының басындағы, құйрығына қарай жапырылып жатқан қылдары тіреп, жібермей тұратындығынан екен. Ертедегі аңшылар таулы жерде, қыста шаңғыларының табанына бұғының не жылқының терісін бекітіп алады екен. Ол тері шаңғының алға сырғанауына кедергісі жоқ. Ол тері, өрге шыққанда шаңғыны артқа жібермейді. Өйткені терінің жүні артқа қарай жығылып жатқандықтан шаңғыны бір орында ұстап тұрады. Жылынның аяқтарындағы қылдары да (жүні) дәл осы міндетті атқарып тұр. Жыландардың ирелеңдеп жүретіні жаратылысынан болуы керек. Адамнан қашқанда қалың шөпті қақ жарып зулағанда, жеткізбей адастырып та кететін еді.

Биология ғылымдары жылан сағатына 6-8 км жерді жүре алады деп жазады дұрыс-ақ. Ал адамда сағатына 6 км жерді жүре алады делінеді. Сонда жыланда аяқ жоқ болса, бауырымен ирелеңдеп жүріп 6-8 км жерді қалай жүріп өтеді.
Ертеде өзіміздің Маңырақта, тұрақты мекені Манчжурия мен батыс Монғолияны мекендейтін, жолақты Әбжыландар біраз уақыт мекендесе керек. Осы жолақты Әбжыландар адамнан қашқанда, оны адам қуып жете алмайды екен. Ал жыланда аяқ болмаса бұл не? Мұны анықтаған ғалым Борис Щербаков болатын.

Жыланның аяғын қалай көрдік.

    Колхоздың бойдақ құнажындарын бағатын Мүкенің Мұқашы деген елге силы, үлкен–кіші құрметтейтін ақсақал бар болатын, сол кісі бір әңгіме үстінде жыланның аяғы бар, шала өлтіріп, бауырын отпен ыстаса аяқтары шығады десе керек. Бұл сөзді біреуден біреу естіп көпшілікке тараған ғой. Мұны бізде естідік. Мұқаш ақсақал айтса тегін айтпайды, біз тәжірибе жасап көрейік деп келістік. Бір ашық күні, сіріңкемізді және жыланның бауырын ысытуға факел сияқты құралымызды ала шықтық. Жылан баршылық  біреуін ұстап алып, басын мыжып, бір бала бас жағын, бір бала құйрық жағынан ұстап керіп тұрды. Бауыры жұп-жұмыр аппақ, бауырында болар-болмас сызықтар бар. Жыланның бауырын факелімізбен әрлі-берлі ыстап жатырмыз, қанша ыстасақта ол күні аяғы шықпады. Одан кейін 2 –күн тағыда тәжірибемізді жалғастырдық, бірақ шығара алмадық. Ыстауымыз дұрыс болмады ма, әлде жыланды қаттырақ соғып жібердік пе, әйтеуір жұмысымыз нәтижесіз болды, күнде жаңбырлы еді. Төртінші күні ұзындығы 70 см- дей сұржыланды ұстап алып шала өлтіріп, бауырын отпен арлы-берлі жүгіртіп ыстаған кезде жылан шоршып, ұстап тұрған балалардың қолынан шығып кетердей бұлқынып тұрып аздан кейін қимылсыз қалып өлді, өлген соң бауыр жағын қарасақ, бауыры толған екі қатар аяқ, қып-қызыл шидей сирағы, басында артқа қарай жығылған  сарғыш қылдары бар. Бас жағы мен құйырық жағында  15-20 см-дей жерлерінде аяқ жоқ. Сонда жылан 75 см десек, басы мен құйырық  жағында 40 см-де аяқ жоқ болса, сонда бауырының 35 см-де екі қатар аяқтары бар. Біз сызғышпен өлшеген жоқпыз, мөлшермен айтып отырмын. Аяқтарының неше қатар екенін, қанша аяқ барын санаған шығармыз, мен ұмытыппын. Бұл дәл 1954 жыл болатын, одан бері 69 жыл өтті ғой.
    Осы жабайы тәжірибені жасаған кезде жанымда: Баяш Нұғыманов, Сайлаубек Қабдолданов, Кәртай Тінібаев, Сержан Омаров және Бейсенбай Табиевтер болды. Биология  ғалымдарына осы тәжірибені жасап, жыланда аяқ бар ма, жоқ па анықтап, көздерін жеткізулеріне болады ғой. Не кедергі, кедергі жоқ. 
    Енді бір ескеретін жәй, мен дүниежүзіндегі жыланның интернеттегі 2500 дей түрінің бәрінде аяқ бар деп отырғаным жоқ. Аяғы жоқ, жылан тұқымдары болуы әбден мүмкін нәрсе. Біз білмейтін ғаламда неше түрлі құпиялар көп қой.
   Қазақта «Жағыңа жылан жұмыртқаласын», «жұмыртқадан қыранда шығады, жыланда шығады» және «Қысыр жылан сияқты» деген мақал-мәтелдер бар. Ата-бабаларымыз жыланның кей бір түрі, баласын жұмыртқа арқылы дүниеге әкелсе, кей түрі баласын тірідей табатынын да білген.
    Баласын жұмыртқа арқылы дүниеге әкелетін тасбақа және барлық құстар, бір жыл жұмыртқаламай қалса Атам Қазақ оны «қысыр тауық», «қысыр қаз», «қысыр торғай» т.б. демеген. Ал баласын тірідей табатын сиыр, жылқы, қой –ешкілерге қолданғанын бәріміз білеміз «қысыр сиыр», «қысыр бие» т.б. «Қысыр жылан сияқты» деген теңеуден-ақ жыланның кей түрінің баласын тірідей табатынын баяғыдан білген. Ғалымдарымыз сұржыландар, қалқан тұмсық жылан және бозша жыландардың балаларын тірідей табатынын, ал қарашұбар жыландар  мен Гюрза тұқымды жыландардың балаларын жұмыртқа арқылы дүниеге әкелетінін растап отыр. (қараңыз.Биология 265 бет 7 сынып) 
   Үйдің ішінде отырғанда шешелеріміз «жылан» деп айтқызбайтын еді. Тегі жыланның атын үйде отырып атаса, үйге жылан келеді дейтін болу керек. Бізге «Аты жаман» деңдер, «Ұзын» деңдер дейтін. Балалар далада жылан көрсе бір-біріне, міне «Аты жаман» деп, не «Ұзын» деп шақыратын едік. Далада жүріп жылан өлтірсек үшке бөліп, жеке-жеке көміп тастайтынбыз. Ондағымыз бұрынғыдан қалған сөз  бар ғой, жылан айтады екен: - «Алтын басым аман болса  алты күнде тірілем, жез құйрығым  аман болса жеті күнде тірілем» -деп. Біз басын мыжып, - ал алтын басың алты күнде тірілгіш болса тіріліп көр»,-деп алтын басын  бір бөлек, жез құйрығың жеті күнде тірілгіш болса, тіріліп көр»,- деп жезқұйрығын бір бөлек көметін едік. Біз жыланды тұтас көмсек, ол тіріліп кетіп, өзімізге қастық жасайды деп ойлайтынбыз.

Жылан қалай шағады?

   Ғалымдарымыз жылан шаққанда (адам, мал т.б.) тісімен тістеп, сол жерге тісіндегі уын жібереді дейді. Бұл жаңсақ пікір, мүлде олай емес. Мақалда айтылғандай: «Жыланның  уы тісінде», жыланның уы астындағы тісінің қуысында болады. Жылан кісіні шаққанда ит құсап, қолынан не аяғынан ала түспейді. Керек десең аяқ-қолға жұғыспайды да. Ол шағарда басын қақшаңдатып, шоқыйтын тауық құсап басын изеңдетіп тұрады да, тілін жалақтатып астыңғы тісіндегі уына малып алып, дайындалып тұрып, ыңғайы келді-ау дегенде нысанасына көз ілеспес шапшаңдықпен басын сілтеп қалып, айыр тілін сұғып алады. Тілі аузынан 1,5-2 см -дей ұзарып шығады. Шаққан орнында екі кішкене ғана қара нүкте қалады. Қарайып тұрған жыланның уы. Бірер мысал келтірейін:

Бірде үйлердің маңайынан бір жыланды ұстап алып, Кәртайдың ақ мысығын жыланның алдына қоя қойдық. Ол мысық даладан өлтірген жыландарын, үйіне сүйреп әкеп жүретін. Біз қайсысы алар екен деп көз алмай қарап тұрамыз. Мысықты көрген жылан шиыршықталып алып басын қақшитып, тілін жалаңдатып, екі көзі тасырайып мысықтан көзін алмай шағатын оңтайлы сәтті күтіп арбасып тұрды. Мысықта шоқайып отыра қалып, жүндері тікірейіп, алдыңғы аяқтарының тырнақтарын барынша шығарып, жыланның әр қимылын бағып, оның алдымен шабуыл жасауын күтіп, арбасып тұрды. Бізде үн жоқ, біздің біреуімізден дыбыс шықса, мысық бізге жалт қараса, сондай сәтті күтіп тұрған жылан мысықты жазым қылуы әбден мүмкін еді. Осылай екеуі біршама уақыт арбасып тұрды. Екеуініңде шыдамы таусылды ғой деймін, бір уақытта жылан тілін уына малып алып, басын мысыққа қарай сілтеп қалды. Осыны күтіп, сақтанып тұрған мысық та жыланның тілін өзіне жеткізбей, тырнағы шығып тұрған алдыңғы аяғымен жыланның басынан салып жіберді. Жылан ұшып түскенде, желкесінен бас салып, мытып өлтіріп жіберді де, жеу үшін сүйреп алып кетті. Фермадағы үйлердің көбінде мысық бар, мысық бар үйге жылан жоламайды.
Сиыр фермада Омаров Бекжанды жылан шаққанда, жанында мен, Кәртай бізден 2-3 жас үлкендігі бар Социял, Базархан мен Ануарбектер бар еді.
Бекжан: -Аяғымды жылан шағып алды,- деп отыра кетті. Шаққан жыланды ұзатпай Социял ұстап алып, желкесінен қысып тұрып тілін суырып алды, жыланды өлтірдік. Бекжанның аяғында екі қарайған нүкте қалыпты. Жыланның тілінің екі үшін әлгі аяқтағы нүктеге салыстырды. Сонда екеуінің арақашықтығы бірдей болды. Жылан Бекжанды тілімен шаққан екен. Егер жылан тісімен тістеп шақса, тістеген орындары көлемді болмай ма? Өйткені оның тістері, әсіресе астыңғы уы тұратын тісі недәуір көлемді емеспе. Ата-бабаларымыз жебенің, найзаның үшіне у жаққанды осы жыландардан үйренуі ғажап емес.
Жыланның тілінің үші біздей үшкір болады. Адамды шаққанда адамның терісінен өте шығады. Жабайы қабан шошқалардың азу тістері өткір болатынын бәрің білесіндер. Олар жауларынан қорғанған кезде, оларды жарып тастай алады. Қалың қамыстың ішімен қашқанда екі азу тісі қамысты шалғыша қырқып отырады екен. Егер қабан шошқа өлсе, екі азу тісі жәй шеміршек болып қана, қалатын көрінеді. Менің ойымша жыланның тілі де тірісінде өткір, ал өлсе жәй ет болып қалатын сияқты. Адам баласы біле бермейтін, он сегіз мың ғаламның тылсым құпиялары әліде көп қой. Жыланның құпиялары соның бірі шығар.
Жыланың тісімен тістеп шақпайтынын мынадан да көруге болады. Ворошилов колхозының шөпшілері Бессаланың жазығынан ақтық шабады. 13-14 жастағы балалар, шөп машинаға шегілген 4-өгізге иеміз, оны вогонщик дейді. Шөп машинаның иелері бізден 5-6 жас үлкен, Тұрдыбек Ахметжанов, Сейітқазы Бапиев, Кеңесбек Баяхметов, Беделбек Әбілмажинов сияқты ересек жігіттер. Солар даладан жыланды ұстап алып, тілін суырып тастап қалталарына салып алады. Тілі суырылған соң мүсәпір болып, адамдар қолдарымен қалай ұстаса да, тістеуге әкекет жасамайтын еді. Кешке жұмыстан келген соң, қалтадағы жыланды алып, байқамаған болып шөп бригадирі Әйтіш ақсақалға көрсетіп қояды. Ол кісі момын, жұмысшыларға зәбірі жоқ жақсы адам болатын. Бір қызығы жыланан өлердей қорқатын еді жарықтық. Әйтішке жыланды көрсетіп жүргендегі мақсаттары, шөпшілерді бригадир бір қараңғы-бір жарықта тұрғызатын. Бір күн болса да жәйлау тұрайық деп Әйтішке жыланды көрсетіп жүргендері сол. Жыланды көрген Әйтіш ақсақал таңертең шөпшілер жатқан үйге кіре алмай, алыстан «Тұрыңдар» деп айғайлап тұрушы еді.
Беделбектер тілі жұлынған жыланды қалталарына бір салып, бір алып отырады, тістеп шағатын болса шақпай ма?
Ата – бабаларымыз жыланан қорғануды да, уын қайтарудың да жолдарын білген. Жылан шаққан адамның уын қайтару үшін атты сүмек қып терлетіп, аттың терін ішкізген және шаққан жерге жаққан, сондай-ақ ащы іркітпен қызыл ірімшіктің сарсуын, іскен жерге жаққан және ішкізген. Сарымайды ерітіп ішкізген және сиырдың шикі сүтінде берген. Сондай-ақ жылан шаққан жерді, пышақтың үшімен ақырын тіліп, қарайып тұрған уды, денеге жайылмай тұрғанда, екі саусақпен қысып уды шығарып тастаған. Сол жердегі қанды бір неше рет сорып, түкіріп тастап отырған. Ата-бабларымыз жыланнан қалай қорғанған. 20-25 құлаш жіңішке арқанды есіп алып, аттың мойынынан бастап, сауырына дейін орап, мықтап байлап, аттың қара терін шығарып терлеткен. Терлеген атты таң асырып, түнімен байлап қояды. Арқанға аттың тері әбден сіңеді. Түнде жылқы баққан жылқышылар, қона-түнеп аң аулаған аңшылар, жалғыз-жарым жүрген жолаушылар түнеген жерлерінде, жылқының ащы тері сіңген жіңішке арқанмен жататын жерін қоршап, басына ертоқымын жастанып, тер сіңген тоқымымен ішпеген астына төсеп қанмен қаперсіз ұйықтай берген. Арқандағы, ертоқым мен ішпектегі жылқының терінің иісіне жылан, қарақұрт бүйі мен шаян жоламайды, халқымыз жыланның өздігінен ешкімге тиіспейтінін, егер өзің алдымен тиссең оның сені аямайтынын, өшін алмай қоймайтының біліп «Жатқан жыланның құйрыығын баспа» деген. Егер ол ордалы жылан болса өте қауіпті екенін біліп «Ордалы жыланмен ойнама» деген. Атам қазақ жыланнан сақтанудың ең басты жолы өзің оларға жоламау, тиіспеу деп білген.

Жыланның арбауы.

Жыланның шағатынымен қоса арбайтыны да белгілі. Ертеде жыланның шаққанынан арбағаны қауіптірек болған сияқты. Ол кезде қәзірдегідей медицинаның жоғы белгілі. Жыланның арбауы өтіп кеткен адамның басы айланып, денеден әл кетіп, ісініп, тыныс алуы бұзылып,  қол-аяғы сал болып, ес-түссіз жатып қалады дейді. Мұндайда арбаған жыланды тірідей ұстап алып, құйрығынан шаңыраққа байлап қойып, арбалған адамды сол жерге жатқызып, жыланның арбауын қайтаратын дұғаларды білетін молда, жыланмен арбаса отырып дұғаларды оқиды екен. Жыланның әр қайсысының өз аттары: түйме, жүзік, сақина, моншақ т.б сол сияқты аттары  бар деп білген. Егер кісіні арбаған жыланның атын молда дәл тапса, дұғаны атын атап оқыса жылан молдаға тез бағынып, арбауын тез қайтарып алады дейді. Онда адамның бойындағы ісік қайтып, жазылып кетеді, арбауын қайтарып алған жылан, өзі ісіне бастайды дейді. Енді өзімнің көзіммен көрген, жыланның екі арбағанын айтайын:

1) Ұшып жүрген торғайдың көзі, жердегі жыланның көзімен түйісіп қалса, торғай жыланның көзінен көзін ажыраталмай арбалып, бір орында қанатын сабалап, тұрып-тұрып жыланның алдына топ етіп, құлап түседі де жем болады. Жыланның көзінде не керемет барын, әйтеуір торғайды құтқармайды. Әлде көзінде гипнозы барма екен. Бала күнімізде мұндайды талай кезіктірдік. Кейбірін құтқарып та алдық. Кейде аспанда қанатын сабалап, бір орында тұрған торғайды, көзіміз шалып қалса болды, сол бойда балалар, сол жерге жүгіріп баратынбыз. Сонда жыланның екі көзі тасырайып аспандағы торғайға қарап тесірейіп тұрғанын көретінбіз. Бізден жасқанған жылан, іні таяу болса ініне кіріп үлгереді. Әйтпегенде қолға түседі. Ініне кірген жыланды маңайда су таяу болса, ініне су құйып шығарып алатынбыз. Көзі жыланның көзінен ажырағын торғай өз жайына кететін.
2) Жыланның адамды арбағанында көрдім. 1957 жылдың маусым айының іші еді. 7-кластан экзамен алып жатқан кез. Ол кезде әр пәннен, не ауызша, не жазбаша диктант жазғызатын. Ол заманда, кәзіргідей емес, экзаменнен өте алмаған бала «Күзгі сынға» қалады. Күзде сабақ басталардан бұрын, әлгі баладан қайталап экзамен алады. Экзаменнен өтсе өтті, өте алмаса сол класта қайта оқиды. Бір класты үш жыл оқитын балаларда бар болатын.
Балалардың кластан-класқа көшпей қалуына, сабақ оқуға керекті кітап, дәптер, сия, т.б. құралдары жетімсіз болатын. Сияның өзін бидайды күйгізіп, талқандап суға езіп сия жасайтынбыз. Халықтың тұрмысыда өте төмен еді. Оқушы балалар көбіне «Түлкі құрсақ» күйде жүретін. Мектепке аяқтағы «Шақаймен» (сиырдың сирағының терісінен жасайды) 30-35 градус аяздың өзінде, тізеден қарды омбылап бара беретінбіз.
Сонымен экзамен тапсыру үшін Мұсаев Өмірбек екеуміз таңертең Жалғызталдан шықтық (үйіміз сонда) мектеп Жасеңбекте (кәзіргі Құйған ауылы) арасы тұп -тура 15 шақырым. Желе-жортып Пайза қырманына да келдік. Экзамен ол күні түстен кейін еді. Екеуміз ақылдасып, Шеткі Ласты өзеніндегі Шеңгелдіде отырған қойшы Қасенов Заманбектің үйіне барып дем алып,шай ішіп,суға түсіп алайық,экзаменге содан кейін барайық дедік. Пайза қырманынан бұрылып Қышқашбайды басып Шеңгелдідегі Заманбектің үйіне бардық. Заманбектің шешесі Күлбаран апа бізге сусын беріп, «шай қайнағанша дем алыңдар»,-деп төр алдына кигіз жәйіп берді. Бас жағымызда үлкен кебеже (сандық сияқты) тұрған. Ол кезде ел көрпе-жастығын соның үстіне жинап қоятын. Біз шаршап келіп, ұйқтап қалыппыз. Нәдәуірден соң шайға оятты. Өмірбек ұйқысын аша алмай,- «басым айланып тұр»,-деп есеңгіреп, басын екі қолымен қысып бірталай отырып қалды. Күлбаран апа: «бұл баланы жылан арбамасын, кебеженің астын қараңдаршы»,-деген соң Заманбек қолына ағаш алып, кебеженің астына жүгіртіп, даңғырлатып еді, кигіз үйдің іргесінен недауыр ұзын сұржылан шыға жөнелді. Заманбек он ұзатқан жоқ. Күлбаран апа білген дұғасын оқып Өмірбекті ұшықтады. Ол таза ауаға шығып, салқын сумен жуынған соң, бірталайдан кейін өзіне-өзі кеп айықты. Күлбаран апа,-«әлгі жылан үйге жаңарақта кіріп, арбауын енді бастаған болуы керек, толық арбаса қиын болатын еді»,- деді. Апаның айтқаны дұрыс сияқты. Дегенімен бәрі сәтті аяқталды.
Біздің ата-бабаларымыз жыланға қатысты 60-қа жуық мақал мен мәтелді дүниеге әкелеген.
Мысалы: «Жыланның жауы-дегелек».(ләйлек)
Бұл құс жыланның етіне құмар екен. Жыланның екінші жауы кірпі, ол жыланның құйрығынан тістеп алып домалана қалады. Жылан одан құтылам деп,кірпінің инелеріне соғылып, қан-жоса болып өзінен-өзі өліп, кірпіге жем болды.
Жыланды Бүркіт те, Лашын да, Сұңқарда аулап жей береді. «Жылан жалбыздан қашар», «Жыланды өлтіргеннің сауабы бар», «Қазына бар жерде жылан бар» мұнда жылан алтын, күмісі бар жерлерді мекендейтінін айтып тұр.
Менің бұл мақаланы жазғандағы басты мақсатым, осы мақаланы «Бауырымен жорғалаушылар класын» зерттеп жүрген биология ғалымдары оқып, осындағы айтылғандардың шын-өтірігін, жыланға біз құсап жабайы тәжірибе жасап (бұл қиын шаруа емес) анықтаса. Егер менің айтқаным расқа шықса, Биология пәніндегі «жыланда аяқ жоқ» деген қате тұжырымды түзесе, ол «Ғасыр жаңалығы» болар еді.

                                                                            Асылғазин  Құдайберген
                                                   Еңбек  ардагері. 
                                                                 «Тарбағатай  ауданының 
                                                      құрметті азаматы»