Қазақстан Республикасы Судьялар одағының жұмысы судьялардың мақсат-мүддесін қорғауға бағытталғанымен, нақты істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға ықпал етпейді және саяси мақсаттарды көздемейді.
1996 жылдың 19 желтоқсанында ел судьяларының алғашқы съезі өткізілді. Ашығын айтар болсақ, еліміздің сот жүйесінің тамыры тереңге тартқан бай тарихы бар. Ол қазақ халқының тұрмысындағы сот төрелігінің қайталанбас үлгісі — билер сотынан, әйгілі «Жетi Жарғыдан» бастау алады.
Біз Ұлы даладағы ата-бабамыз ұстанған сот төрелігінің алтын ғасырын шын мәнінде мақтан тұтамыз. Бұл тарихи құжат судьялардың қазіргі буыны үшін тәуелсіз, парасатты және әділ соттың жарқын үлгісі іспеттес.
Тәуелсіздік алғаннан кейін өз тарихының жаңа парақтарын ашқан еліміздің сот жүйесінің алдында тың реформалар жүргізу, сот жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты да түбегейлі шараларды жүзеге асыру талабы тұрған еді. Оған қоғам мен азаматтардың арасындағы құқықтық қарым-қатынастардың барған сайын қанат жайып, кеңейе түсуі, әлемдік трендтердің пайда бола бастауы себеп болды. Міне, осындай кезеңде, яғни 27 жыл бұрын, қоғамдық өзін өзі басқару органының құрылуы судьялар қоғамдастығын бір мақсатқа жұмылдыра білді. Мұның сол кезеңдегі ең дұрыс әрі маңызды қадам болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді.
Судьялар одағының ұйымдастыруымен өткен сегізінші съезде сот құрылымы мен сот өндірісін ықшамдау, заңнамалық базаны жетілдіру, құқық қолдану тәжірибесінде бірізділікке қол жеткізу, судьяларды іріктеу және судьялардың мәртебесін бекіту, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, мінез-құлқының моральды-этикалық нормаларын жақсарту, мүдделері мен құқықтарын қорғау сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Соттарды мамандандыру, судьялардың жүктемесін азайту, процестердің жарыспалылығын қамтамасыз ету туралы да сөз болды. Бір сөзбен айтқанда, судьялардың съездері өткір тақырыптарды талқылаудың ашық алаңына айналып, сот жүйесінің әрі қарай дами түсуіне нақты бағыт-бағдар сілтеді. Судьялар одағының негізгі міндеті мен рөлі де осы болатын.
Судьялар одағы қазылардың тәуелсіздігі мен мәртебесін нығайтуды, соттардың материалдық техникалық базасын жақсартуды, сыбайлас жемқорлықты және Судьялардың әдеп кодексінің ережелерін бұзушылықтарды жоюды, халықтың арасында судьялардың имиджін арттыруды мақсат етеді.
Ал мұндай жұмыстар оңай шешілмейтіні анық. Осыған орай Судьялар одағының атсалысуымен қолға алынатын шаралар өте көп. Судьялардың тәжірибе алмасуы үшін арнайы диалог алаңын ұйымдастыру, біліктілігін арттыру бойынша ғылыми-практикалық конференцияларды, семинарларды, дөңгелек үстелдерді, іс-шараларды қолға алу жұмыстарын жүзеге асырады. Шындығында судьялар тарапынан іске асырылып жатқан қайырымдылық шараларының, өнер, спорт сайыстарының, біліктілікті арттыру дәрістерінің, аға буын мен кейінгі буын арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстардың артында Судьялар одағы тұр.
Одақ — қызметтегі судьялардың ғана емес, сот ардагерлерінің де жоғын жоқтап, кем-кетігін түгендеуші. Бүгінде зейнет демалысындағы ардагер судьялардың ұйымдары одақ жарғысына сүйене отырып жұмыс істейді. Кәсіби білікті мамандардан тәлімгерлік мектебін қалыптастыруға Судьялар одағы да үнемі көңіл аударуда. Ардагерлердің пікірі, ұсынысы, лебізі одақ үшін әрқашан маңызды.
27 жылдық тарихында Судьялар одағының көмегімен сот жұмысына, судьялар тәуелсіздігін нығайтуға қатысты ұсыныстар құзырлы орындардың назарына жетіп отырды. Әсіресе, сот қызметіне қатысты жаңа заңнамалардың сапалы дайындалуына одақтың сіңірген көмегі өлшеусіз. Өйткені сот жұмысындағы кем-кетікті судьялардан артық ешкімнің білуі мүмкін емес. Әрі осы түйткілдердің оң шешілуіне бірден бір қызығатын да судьялар болатыны түсінікті. Сондықтан да Судьялар одағы Қазақстандағы заң шығару ісіне үнемі белсенді қатысып, сапалы құжаттардың қабылдануына еңбек сіңіріп келеді.
Басқа елдердің судьялар қауымдастықтарымен, халықаралық ұйымдармен достық, әріптестік байланысты нығайтуда да Судьялар одағының үлкен табыстарға жеткенін ерекше атап өткен жөн. Соның нәтижесінде әріптестеріміз өзге елдердің сот тәжірибесімен танысып, өз еліміздің оң өзгерістерін басқа әріптестерімізге бөлісуге мүмкіндік алды.
Жалпы айтқанда, Судьялар одағының Халықаралық судьялар қауымдастығының (ХСҚ) толық мүшесі болып кіргеніне 10 жылдан асты.
Біз Азия, Солтүстік Америка және Тынық мұхит елдерінің Тынықмұхиттық Өңірлік тобына кіреміз. Оның алдында стандарттар, критерийлер және индикаторлар жүйесінің сәйкестігі кесімінде үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді.
2019 жылдың қыркүйек айында ХСҚ-ның 62-отырысын өткізу Қазақстанға сеніп тапсырылды. Тұңғыш рет Астана қаласында әлемдегі ең ірі судьялар қауымдастығына (ХСҚ, 1957 жылдан бері жұмыс істейді) және жүзден астам елді біріктіретін сот әкімшілендіру қауымдастығына (ХСӘҚ) қарасты дүние жүзінің 100-ден астам елінен келген 500 делегат бас қосты. Беделді халықаралық форум Еуропа мен Азиядан келген белгілі сарапшылармен сот төрелігінің ағымдағы жағдайы мен болашағын талқылауға таптырмас мүмкіндік сыйлаған тарихи оқиға болды.
ХСҚ мен басқа да халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысу Судьялар одағына әлемдік сот жүйесіндегі ғаламдық реформалаудың тынысын сезінуге, сот төрелігі саласындағы заманауи ағымдарды талқылауға, біздің үздік тәжірибе мен халықаралық стандарттарды енгізуге құштарлығымызды көрсетуге мүмкіндік берді. Біз үшін мұндай өзара іс-әрекет жасау бет-бейнемізді көрсетудің маңызды бөлігі, біздің сот жүйесінің жетістіктерімен бөлісу үшін зор мүмкіндік болып табылады.
ХСҚ-ға кіру — Қазақстан сот жүйесінің жоғары деңгейі мен әлеуетінің объективті бағасы. Мұны шетелдік судьялар қауымдастығының, құқықтық қоғамдастықтың, дипломатиялық корпустың барлық өкілдері де атап айтты. Оның ішінде судьялар қоғамдастығының қоғамдық органының да еңбегі бар екеніне өте қуаныштымыз.
Судьялар одағы халықтың сот жүйесіне деген құрметі мен сеніміне жету жолында атқарар іс әлі де көп.
Ширек ғасыр ішінде атқарылған игі істер бұдан кейін де лайықты жалғасын табады деп сенеміз.
Оралхан Тұрсынов
Астана қалалық
сотының судьясы