Еліміз тәуелсіздік алардың қарсаңында, 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заңда:
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі-қазақ тілі» деп тұңғыш рет атап көрсетіліп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Қазақстан Республикасы Конститутциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі баян етіліп, заңды түрде күшіне енді. Сөйтіп, қазақ тілі дамуының жаңа кезеңі басталған болатын.
Сол уақыттан бері қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өңірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені рас. Ең бастысы-ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болды. Ендігі жерде қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түсті. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенімен, азда болса оң өзгерістер бар екені анық.
Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы мен оның мәртебесін биіктетіп, қолданыс аясын кеңейту, отандастарымыздың мемлекеттік тілге деген ықыласын оятып, намысын қайрау бағытында көп айтылып та, жазылыпта келеді. Меніңше, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеймей отыруының бірнеше себебі бар.
Ең басты себеп, қазақ ұлты өкілдерінің ана тіліне деген немқұрайлылығы-ұлттық намыстың жоқтығынан. Ұлтын сүйетін әрбір адам, мейлі ол мемлекеттік тіл болмағанның өзінде, өз ана тілін көкке көтеріп, ерекше қадірлеп, сол тілде сөйлеуді парыз санамақ.
Өз ұлтының қадір қасиетін ана тілі арқылы ұлықтап, ата-бабасының асыл аманатындай ардақтамақ. Ал, ұлан-байтақ аумақты алып жатқан Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі болып саналатын ана тілімізде сөйлемей, өзге тілге басымдық беруіміз – елдігімізге сын, аманатқа қиянап болып табылатыны сөзсіз.
Бүгінде, тіл заңының қабылданғанына 30 жылдан астам уақыт болды, әйтседе, ең бірінші тіл үшін күрес шарты-атадан қалған аманат ана тілі аясында өмір сұру. Онсыз тіл бұлағы тартылады. Тіл-ол тірі организм, ол тамыры соғып тұрса ғана тірі. Қолданбасаң құриды. Бұл қарапайым-қағида. Қазақ тіліне қатысты бұл бір ғасыр бойы көтеріліп келе жатырған сұрақтың бірі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және қазақ тілінің рөлін сот ісін жүргізуде қолдану арқылы күшейту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Тіл халықтың жан дүниесі,рухани негізі мен ел еркіндігін,ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы,біріктіруші ретінде де саналады.
Сондықтан мемлекеттік тілді білу өмір талабы,заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн.
Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір Қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі келеді.
Өзге өркениетті елдерде мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай болса, бізде де сондай болады.Халықтың мәдениеті оның тілімен жасалатыны белгілі. Тіл тек қана қатынас құралы емес, ұлттың бар сипатын анықтайтын оның негізгі кілті, дегеннің өзі біраз жайды аңғартса керек.
Мемлекеттік тіл — сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден- бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Тарихтан да белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші мемлекеттік тілінің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында күшті ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Күшті ұлт болу үшін күшті мәдениет жасау керек, Сонда ғана әлемдік өркениет кеңістігінен өзіне тиесілі орынды ала алады.
Мемлекеттік тіл – бүкіл Қазақстандықтардың тілі. Сондықтан да «Мемлекеттік тілдің проблемасы – тек қазақ халқының ғана проблемасы» — деп қарауға болмайды. Әлемдегі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет істейтіндердің бәрі бұл тілді білуге міндетті. Оған қоса мәдениеті жоғары адам басқа тілдерді білуге өзі де ұмтылуға тиісті. Басқа шет елдерде халқының тілін білмесең, лауазымды қызметке орналасуды былай қойғанда, тіпті күніңді де көре алмайсың. Республикамызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе.
Қазақ тілі республика азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары кәміл. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал. Өйткені, қазақ тілі — еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта мемлекеттік тіл ретінде оның мәртебесі біздің елімізде қоғам биігінен көрінуге тиіс.
Қазақ – дана халық. Оған қатты айтсаң ақың кетеді деген тәмсілмен жауап беруге болады. Тіл мәселесі де осы тәрізді.Ұлттың болмысты ұғатын рух,қоғамдық бағытты аңғаратын, ерекшелігін түсінетін, елжандылық асқақ сезімі басым көсегімізді көтереді. Мемлекеттік тіл халықтың қаны мен жаны саналатын қазақ тілінің абыройы мен беделі Қазақстандықтардың міндеті, адами борышы болуы тиіс. Мемлекеттік тіл – мемлекеттікті айқындайтын факторлардың бірі, әрі бірегейі. Еркіндікпен теңдік берілгендіктен, өзге қанша тіл білгің келсе де біле бер, үйрен, оның артықтығы жоқ. Бірақ, қазақ тіліне деген басымдықты естен шығармауымыз керек. Өйткені, қазақ тілі басқа елде қолданылып, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола алмайды. Оның Отаны – Қазақстан. Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Мен қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі артып, этносаралық қатынастардың тіліне айналатын кезең келеді деп санаймын.
Бірақ бұл деңгейге жету үшін бәріміз көп жұмыс істеуіміз керек.
Қазақ тілінің бай қоры мен оның ішкі мүмкіндіктері тұтынушының тілдік сұранысын толық қанағаттандыратын мақсатқа жету керек .
Бұл міндетті шешуге Қазақстанда тұратын барлық азаматтар қосылуға тиіс» Кеңес одағының батыры, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, жазушы Бауыржан Момышұлы «Өз ана тілін білмейтін адам – тамырын білмейді» деп атап өтті. Ана тілін білмейтін адамдар өздерінің тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін білмейді. Сондықтан әр адам тілді көздің қарашығындай қорғауы керек. Мемлекеттік тілді білу — әрбір Қазазстандықтың патриоттық борышы деп санаймын.
Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің не тұрып жатқан еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.
Қазақ тілі — өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ұлт мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты.
Қазақстан — әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек.Ғалым Ә.Хасенов атап өткендей, «Қоғамсыз тіл болмайды, тілі жоқ қоғам – адамзаттың ешбір қауымы болмайды. Демек, қоғам үшін тіл керек; тілдің өмір сүруі үшін оның қоғамы болу керек. Бұл – ақиқат та тарихи шындық», яғни қоғамдық құрылыстың құрамды бөліктері тілтанымның универсалды әлеуметтік негіздерін анықтау үшін, ал тіл мен танымның ұғымдық бірліктері қоғамның даму сипатын айғақтау үшін аса қажет.
Қай мемлекет болмасын, оның ең әуелі ұлықтайтын тілі – мемлекеттік тілі. Тіл – әлемдік қоғамдастықтағы мемлекеттердің басты белгілерінің бірі әрі ұлт руханиятының алтын қазығы. Сондықтан, мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау баршамыздың абыройлы міндетіміз деп түсінген абзал..
Қазіргі таңда әрбір мемлекеттік орган тарапынан халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ең алдымен мемлекеттік тілде жүзеге асыру міндет болып табылады. Еліміздің сот жүйесі Тәуелсіздік жылдарынан бері терең реформаларды басынан өткерді. Бүгінгі күнде Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың басшылығымен сот төрелігі заман талабына сай жүргізіліп келеді. Елбасы алға қойған міндеттерді орындаумен қатар, елімізде сот жүйесінің өзіндік заңдық базасы қалыптасты. Жоғарғы сот төрағасының бастамасы аясында сот жүйесі одан әрі реформаланып, сот билігіне деген жауапкершілік те арта түсті, жаңашыл реформалар жүзеге асырылуда. Әділ сот жүйесінің жұмысы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріліп, соттың тәуелсіздігін кепілдендіретін құқықтық тетіктер енгізіліп жатыр. Елімізде соттан ашық, соттан жария бірде-бір мекеме жоқ десем, қателеспеймін. Халықтың сотқа деген көзқарасы жақсарды. Заманмен бірге заңның өзгергенін халық біліп те, көріп те жүр. Жоғарғы сот тарапынан судьялыққа үміткерлерді іріктеу кезінде қазақ тілін меңгерген, іс қарай білетін тұлғаларға басымдық беретіндігі, соңғы кезде судья ретінде тағайындалған, сот төрағалығына ұсынылған тұлғалар арасында мемлекеттік тілді меңгерген тұл-ғалар санының өсіп келе жатқандығы қуантады.
Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің дамуына тоқталатын болсақ, сот билігі – мемлекеттік биліктің бір тармағы болғандықтан мемлекеттік тілдің дамытуға мүдделі. Қазіргі таңда, тілді қолданудың аясы кеңіп келеді. Ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және соған орай іс қағаздарының қазақша жүргізілуі. Іс қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші. Осыны ескерсек, іс қағаздарының саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Мемлекет, республика, қала, кәсіпорын, ұйым, мекеме тарихын жазғанда, іс қағаздары – басқару қызметіндегі негізгі бір сала. Яғни, ұйымдар мен мекемелердің, кәсіпорындардың қызмет етуі барысында шығарған түрлі шешімдері, басқару істері, атқарған қызметі іс қағаздарынан айқын көрінеді.
Республикамызда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Сондықтан мемлекеттік тілді үйретуге арналған арнайы тегін курстар мен тіл үйрету орталықтары жұмыс істеуде. Қазақ тілін дамыту еліміздің стратегиялық бағыты болып табылады. Қазақстан Республикасының тіл туралы саясатын жүзеге асыру мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Яғни елімізде тіл мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлініп келеді.
Жалпы, мемлекеттік тілдің дамуына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің тигізер көмегі мен ықпалы зор. Өйткені, мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын негізгі буын осы болғандықтан, қарапайым халық, әсіресе жастар шенеуніктерге қарайды, солардың кәсіби біліктілігіне қарап, билікті бағалайды, өз болашағына қатысты бағыт-бағдарын, жоспарларын түзеді. Сон-дықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде жетік сөйлеп, қызмет көрсетсе, қоғамда да мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілік арта бермек.
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледі, ал қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады. Десек те, әлі де болса соттарда іс жүргізу көбінесе орыс тілінде өтетіні рас. Оның себебі АІЖК-нің 14-бабына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді.
Егерде әр Қазақстан Республикасының азаматы өзінің ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, мемлекеттік тілдің одан әрі дамуына аса жауаптылықпен қарап, күш-жігерін салса, өзара мемлекеттік тілде сөйлесіп, басқа ұлт өкілдеріне үйретіп, мемлекеттік тілді насихаттайтын мақалалар көптеп жазылса, мемлекеттік тілдің келешегі нұрлана түсері анық.
Тіл тағдыры – ұлт тағдыры, отансүйгіштіктің, ұлттық намыстың мәселесі.
Сөз басында мемлекеттік тілдің дамуына мемлекеттік қызметшілердің ықпалы мен қосар үлесі зор деуіміздің мәнісі де осында жатыр. Сондықтан сотта істерді қарау барысында да мемлекеттік тілдің қолданысына қырағы болу қажет. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер ана тілінде сөйлеп, ана тілінде сауатты жаза білуге, сөйтіп өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге көр¬сетулері тиісті.
Досмурзина А.Ш.
Батыс Қазақстан облысының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маманы-
сот отырысының хатшысы