UMC Ана мен бала орталығының пациенті кішкентай Аринаның құтқару тарихы үлкен ағасы Богданмен тығыз байланысты. 2020 жылы дүниеге келген кезде дәрігерлер қызда гемоглобиннің түзілу процесі бұзылатын тұқым қуалайтын анемияның сирек түрін анықтады. Арина анасымен бірге бірнеше ай бойы туған қаласындағы балалар ауруханасында емделді. Алайда гемоглобиннің көрсеткіші мен қыздың денсаулығы нашарлай берді. UMC мамандарының консультациясы құтқарудың жалғыз мүмкіндігі Астанада сүйек кемігі жасушаларын трансплантациялау екенін анықтады. Ал, қыздың ағасы оған лайықты донор болды.
Сүйек кемігі — ірі сүйектерде орналасқан қан түзетін ұлпа. Сүйек кемігінде қан жасушалары түзілетін дің жасушалары бар: эритроциттер, лимфоциттер, тромбоциттер және т.б. компоненттер. Егер жаңа жасушалар түзілмесе, сау донордан HLA жүйесімен үйлесімді сүйек кемігін трансплантациялау қажет. Донорды пациенттің қандас туыстарының арасынан табу ықтималдығы туыс емес донорларға қарағанда жоғары.
Донорды табу және таңдау әрдайым сәтті аяқтала бермейді, өйткені медициналық көрсеткіштер бойынша максималды үйлесімділік маңызды. Аринаның жағдайында оның ағасы осындай қолайлы донор болды. 6 жасар Богдан операцияға батыл келісіп, анасынан «енді қарындасымен ауруханаға оралмауға» уәде алды. Бала операцияға оң көзқараспен қарап, бауырын құтқарудың маңыздылығын түсінді. Сүйек кемігін трансплантациялау 2022 жылдың қараша айында UMC клиникасында сәтті өтті. Ота кезінде Богдан наркоз алды, оның кейінгі қалпына келуі тез өтті.
«Дәрігерлермен сөйлескеннен кейін бізде басқа амал жоқ екенін түсіндім. Бұл қорқынышты болды, бірақ балаларыма қарап, мұның бәрі бекер емес екенін түсіндім. Біздің оқиғамыз біреуге күш жинап, осындай күрделі қадам жасауға көмектеседі деп үміттенеміз», — деп бөлісті балалардың анасы. Бүгінде 4 жасар Арина дені сау, балабақшаға барады және өзін жақсы сезінеді. Дәрігерлердің рұқсатымен қыз туған кезде өткізіп алған екпелерін алуда және ата-анасын қуантып өсіп келеді.
«UMC Ана мен бала орталығында сүйек кемігін трансплантациялау 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде балаларға 200-ден астам ота жасалды. Дің жасушаларын алу процедурасының өзі донор үшін қауіпсіз. Бұрын анемияның ауыр түрлері ерте балалық шақта өлімге әкелетін. Алайда, соңғы онжылдықтарда жағдай өзгерді, өйткені сүйек кемігін трансплантациялау сәтті болған жағдайда қантүзілімін қалыпқа келтіруге көмектеседі», — деді клиниканың онколог-гематолог дәрігері Арайлым Әділова.
Өзекті статистикаға сәйкес, жыл сайын балаларды қосқанда 300-ге жуық адам Қазақстанда дің жасушаларды трансплантациялауды қажет етеді. Туыстары арасында донор сәйкес келмесе немесе жоқ болса, донор болуға ниет білдірген және Ұлттық тіркелімге енгізілген адамдар арасында іздеу жалғасады. Бүгінде тіркелімге ресми түрде 11 мың адам енгізілген. Дегенмен, ДНҚ-ға сәйкес донорды табу ықтималдығы өте аз: 10 000 адамға шаққанда 1.
Сүйек кемігі донорларының тіркелімі – трансплантацияға мұқтаж пациенттерге өз дің жасушаларын беруге ерікті және өтеусіз негізде дайын сүйек кемігінің әлеуетті донорлары туралы деректерді қамтитын ақпараттық платформа. В және С гепатиттерімен, туберкулезбен, безгекпен, онкологиялық аурулармен ауырмаған, АИТВ жұқтырмаған 18 жастан 45 жасқа дейінгі азаматтар сүйек кемігінің доноры бола алады. Сіз өзіңіздің деректеріңізді тұрғылықты қаладағы Қан орталығы арқылы сауалнаманы толтырып, HLA фенотипін анықтау үшін қан анализін тапсыра аласыз.
University Medical Center
баспасөз қызметі