Елбасының сот жүйесін реформалаумен байланысты тың тапсырмаларының негізінде 2015 жылы Қылмыстық-процестік кодекске қылмыстық қудалау органдарының процессуалдық қызметі барысында адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қатаң қадағалаудың кепілдігін беретін елеулі өзгерістер енгізілді. Осы негізде тергеу соттары құрылып, құқықтық өрісте тергеу судьясы атты жаңа ұғым пайда болды. Тергеу сотының ұстанған бағыт-бағдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізу барысындағы адам құқықтары мен бостандықтарының механизмін соттық бақылау болып табылады.
Тергеу судьясы қылмыстық процестегі тергеу амалдарына тартылған барлық тұлғалардың құқықтарының қадағалануына соттық бақылау жүргізеді. Тергеу судьясының өкілеттігі басқа да істер қарайтын судьялардың өкілеттігімен сай келмейді.
Тергеу судьясының өкілеттігі ҚР Қылмыстық процестік кодекстің 55-бабында көзделген. Тергеу судьясы күзетпен ұстауды санкциялау; үйқамақты санкциялау; лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау; жақындауға тыйым салуды санкциялау; экстрадициялық қамақты санкциялау; жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімдерін ұзартуды санкциялау; күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту; кепіл қолдануды санкциялау; мүлікке тыйым салуды санкциялау; күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру; бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру; мәйітті эксгумациялау; күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарайды; Сондай-ақ, қарап-тексеруді санкциялау; тінтуді санкциялау; алуды санкциялау; жеке тінтуді санкциялау; мәжбүрлеп куәландыруды санкциялау; үлгілерді мәжбүрлеп алуды санкциялау мәселелерін қарайды.
Тергеу судьясы алдын-ала тергеу сатысында екі тараптың дәлелдемелерді жинақтау мен баға беруде, сот сатысында адамның конституциялық құқығы мен бостандығын қорғауда тепе-теңдікті сақтап, кейін сотқа негізсіз және заңсыз айыптаулардың түспеуінің алдын алады.
Көп жағдайда қылмыстық процеске тартылған адамдардың басым көпшлігінің құқықтары да бұзылып жатады. Осындай уақытта осы тұлғалар анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдар келтіре алады. Бұл шағымдарды да тергеу судьясы сүзгіден өткізіп, сот процесі барысында қарайды.
Тергеу соты сұрау салуды орындаудан бас тартылған не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы мәселені де қарайды.
Тергеу судьясының қандай да бір тұлғаның қылмыстық жауаптылығы туралы мәселені қарамайтынын түсіну қажет. Ол тек тергеу амалдарының азаматтардың құқықтарының заңдылығына бақылау жасайды. Бақылаудың өзі қылмыстық іс бойынша іс жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылмауын қарастыратын процестік іс-әрекеттерди қамтиды.
Соттың қылмыстық қудалау мен айыптау қызметін атқармайтынын да ажырата білген абзал. Сондықтан сот тергеу амалдарының өндірісі бойынша шешімдер қабылдауда тәуелсіз. Қылмыстық сот ісін жүргізуге тартылған тұлғалардың құқықтары тергеу судьясымен бақылауда болады.
Тергеу судьясы заңмен қарастырылған өкілеттілік шегінде қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша сараптама тағайындау не қылмыстық қудалау органының, жасырын тергеу әрекеттерін қоспағанда, оның ішінде, егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылдамаса, өзге тергеу әрекеттерін жүргізуі туралы мәселені қарайды. Одан бөлек, қылмыстық процесті жүргізетін органға айғақ беруі үшін келуін қамтамасыз ету қиындық тудыратын, бұрын өздері жауап алған куәні, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың өтінішхаты бойынша, мәжбүрлеп әкелу туралы мәселені қарайды.
Тергеу судьясының қаулысына заңға сәйкес, шағым келтірілуі, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Тергеу судьясының соттық бақылауы алдын-ала тергеу жүргізуден бастап тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын және заңды мүдделерін соттық қорғаудың кепілі болып табылады. Бұл бағыт өз кезегінде тергеу барысында құқық бұзушылықтың болмауына, жалпы тергеу деңгейінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Көпбосынов Т.
Мамандандырылған ауданаралық
тергеу сотының судьясы