МӘМС – УАҚЫТ ТАЛАБЫНА САЙ ҚАЖЕТТІ ҚҰРЫЛЫМ

Медициналық сақтандыру жүйесі – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Дамыған елдердің көпшілігінде денсаулық сақтау саласында осы жүйе қолданылады.
1996 жылғы енгізілген алғашқы құрылған медициналық қордың куәгері ретінде айтарым, Қор жұмысының тоқтауына сол кездегі еліміздегі экономикалық жағдай, мемлекеттік мекемелердің банкротқа ұшырауы, соның әсерінен жұмыс берушілердің жалақыны уақытымен бере алмауы себеп болды деп ойлаймын.
Қазіргі жағдайда еліміздің экономикасы қарқынды дамуда, халықты жұмыспен қамту көрсеткіші жақсарды. Елімізде туу көрсеткіші көбейіп, халықтың саны артты.
Науқас адамдарды тексеріп, дұрыс диагноз қоюда жоғары технологиялық анықтау құралдары кеңінен қолданыла бастады. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржы денсаулық сақтау саласына кететін шығынды толық жаба алмады. Сол себепті, халық жетпеген шығынды өз калтасынан төлеуге мәжбүр болды. Елімізде енгізіліп жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – осы олқылықтардың орнын толтыратын, уақыт талабына сай қажетті құрылым.
Медициналық сақтандыру жүйесінің қандай ерекшелігі, қандай артықшылығы бар? МӘМС жүйесі:

  • Медициналық қызметтің толық пакетін жарна мөлшеріне қарамастан қажетіне қарай алуға мүмкіндік береді;
  • Медицина қорына жарналар енгізу арқылы, сіз емханада көрсетілетін барлық медициналық қызмет түрлеріне жөне де қымбат тұратын тексерулерге, қымбат дәрі сатып алуға қол жеткізе аласыз;
  • МӘМС пакетіне кіретін қызметтер толық көрсетіледі және қосымша қаржы толеуді қажет етпейді;
  • Медициналық қызметті кез келген қалада, медициалық сақтандыру қорымен келісім жасаған емдеу мекемесінде ала аласыз;
  • Сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық көре алады.
    Республикалық диагностика орталығына қатысты айтар болсам, мұнда пациенттерге квота негізінде консультативтік-диагностикалық көмек көрсетеді.
    Республикалық диагностикалық орталыққа жолдама келесі жағдайларда беріледі:
  • күрделі, анықталмаған аурулар дифференциалды диагнозы;
  • сирек кездесетін, орфанды аурулардың диагностикасы;
  • мүгедектікті сараптамалық бағалауды анықтайтын даулы жағдайларды шешу;
  • шетелде емделуге жолдама алу қажеттігін анықтау;
  • аурудың ауыр ағымымен ауыратын науқастарды емдеу тактикасын анықтау;
  • аурудың жиі қайталануы және декомпенсация жағдайында пациенттерді емдеу және емдеу тактикасын анықтау;
  • бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде корсетілген ем нәтижесіз болса, тереңдетілген тексеру жасап, емдеу тактикасын анықтау.
    Республикалық диагностикалық орталықта 2019 жылдан бастап иммундық жүйенің туа біткен генетикалық бұзылыстарын диагностикалаудың жаңа әдісі енгізілуде. Жаңа технологияны енгізу бастапқы иммун тапшылығы бар науқастарға өмір сүру сапасы мен оның ұзақтығын жақсартуға мүмкіндік береді.
    Радиоизотоптық диагностика болімшесінде Галлий-68 радиофармацевтикалық препаратын қолдану арқылы нейроэндокринді ісіктерді және простата безінің ісігін анықтаудың жаңа әдісі енгізілуде. Бұл әдіс ісік ауруын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
    Республикалық диагностикалық консультациялық орталық еліміздің барлық аумағынан келетін науқастарға квота бойынша жоғары деңгейде сапалы қызмет көрсетеді. МӘМС жүйесінің құрылуы барлық санаттағы Қазақстан азаматтарына жоғары деңгейдегі медициналық көмектің қолжетімдігін арттырады.
    Республикалық диагностикалық консультациялық орталық МӘМС жүйесіне дайын десек те болады. Орталықтың медицина қызметкерлері арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
    Әрбір тіркелген тұрғынға электрондық денсаулық паспорты жасалуда. Орталықтың электронды жүйесінің мәліметтері бірыңғай денсаулық жүйесімен біріктірілді.
    Келген науқастарға медициналық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) пакеті және де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аркылы ұйымдастырылады.
    Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде медициналық сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, барлық азаматтарға алғашқы, шұғыл медициналық көмек (жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметтері де кіреді) көрсетіледі.
    Пациентке тереңдетілген консультациялық-диагностикалық тексерулер, зерттеулер, құны қымбат тұратын ота, т.б. қажет болған жағдайда медициналық сақтандыру пакеті бойынша сақтандырылған азаматтарға медициналық көмек беріледі.
    Менің ойымша, денсаулық сақтау саласына МӘМС жүйесінің енгізілуі елімізде медициналық қызмет сапасының жақсаруына, медициналық оңалту және қалпына кетіру көмегі қарқынды дамуына, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуына оң ықпал етеді.

Рақышева Н.
Республикалық диагностика
орталғына қарасты Назарбаев
университетінің денсаулық сақтау
орталығының медициналық
сарапшы-дәрігері