«Айтпаса сөз атасы өледі» демеуші ме еді? Ішке бүгіп, жасырып, айтуға бата алмайтын дүниелерді айғайлап айтуға заманның өзі итермелеп жатқандай.
Дені сау адамда белгілі бір деңгейде нәпсілік кернеу болады. Оны — нәпсі кұмарлық деп атайды. Нәпсі құмарлық — тұлғаның құрамдас бір бөлігі, жақындықтың жолы, әрбір адамның өзін таныстыратын және басқа жыныс өкілдерінің биологиялық — физиологиялық ерекшелігін білудің тәсілі.
Шәкәрім өзінің шығармаларында өмір зардабының негізгі себептері адамның тән құмарлығынан шығатын нәпсі екенін жазады. Нәпсі — фәни әлемді басқаратын ең қуатты күш. Сондықтан фәни әлемнің ықпалынан шығып, жан құмарына берілу үшін нәпсіні жақсы біліп, онымен күресе білу керек.
Нәпсі құмарлық адамда тумасынан-ақ көзге түсе бастайды, ол тұлғаның құрамдас бөлігі ретінде өмірінің соңғы сәтіне дейін сақталады. Нәпсі құмарлық жас ерекшелігіне қарай дамиды. Нәпсі құмарлықтың компоненттері: 1) мінез-құлықтық 2)эмоциялық 3)когнивитті (бағалы). Нәпсі құмарлық гетеросексуальды, гомосексуалды, бисексуальды болып бірнеше түрге бөлінеді.
Рас, бүкіл әлемнің назарын баяғыдан аударып үлгерген нәпсіқұмарлық мәселесі, өкінішке орай, елімізде де көптеп кездесетін болды.
Салт-дәстүрге адал, ұлағатты сөзге құлағы түрік боп өскен халқымыз, заман ағымының ала-құлаланып, арнасы шұбарланып, шіріп-азғындаудың аз-ақ алдында тұрғанын байқамай да қалыппыз.
Нәпсі құмарлық әрекеттер жыныстық жолмен берілетін жұқпаларды (ЖЖБЖ) жұқтыруға әкеліп соғады. ЖЖБЖ күресу осал топтар арасында ғана емес, бүкіл халық арасында маңызды.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымның мәліметтері бойынша дүние жүзінде жыл сайын 400 миллионға жуық жыныстық жолмен берілетін жұқпалар (мерез немесе сифилис, соз ауруы немесе гонорея, АИТВ немесе ВИЧ, трихомониаз, хламидиаз, гениталды герпес және т.б.) 15-49 жастағы халықтың арасында тіркеледі.
Дамушы елдерде жыныстық жолмен берілетін жұқпалар және оның асқынулары адамдардың медициналық көмекке жүгініп, жиі қаралатын ауруларының бірі.
Жыныстық жолмен берілетін ауруларды уақытында емдеу қажет, емделмеген жағдайда созылмалы симптомдары қауіпті. Солардың салдарынан бедеулік, жатырдың аурулары, нәрестелердің жүктілік кезінде шетінеуі, т.б. асқынулар болуы мүмкін, ал АИТВ-жұқтырудың қауіпі 10 есеге асады. Ауруды жасыруға болмайды. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Оны емдеуден бас тартуға болмайды. Ауруды үдетіп жіберуге жол бермеу керек. Жыныстық қатынас арқылы жұғатын вирус пен бактериялар өте көп, соның ішінде адам иммунтапшылық вирусы (АИТВ) да бар.
Ал, бүгінгі таңда адам иммунтапшылық вирусының (АИТВ-ның) негізгі жұғу жолы жыныстық жол болып табылады, 80% осы жолмен жұқтырады. Қазақстан Республикасы көлемінде де жылдан-жылға АИТВ-жұқпасы көбейіп келеді. Бұлардың көбі жас адамдар, тіпті жиырма жасқа толмағандар да бар. Бұл-қоғамдық кесел, қауіпті індет.
Әрине бұл тақырып көпшілікке ашық түрде жариялап айтатын мәселе болмағанымен, бүгінде оны халықтың, ата-аналардың назарына жеткізу өте маңызды болып отыр.
Адам баласы жыныстық тәрбие мен өнегеліліктің деңгейіне халықтық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптары, алдымен өсіп келе жатқан толқынды тәрбиелеуге елеулі түрде көңіл бөлген. Қазіргі кездегі жыныстық мораль мен өнегеліктің төмендеуін, біреулері қоғам өмірінің барлық салаларындағы тәртіптің төмендеуімен, экономикалық дағдарыспен түсіндірсе, екіншілері оны отбасылық тәрбиелеудің төмендеуімен, жас өспірімдерді бақылаудың жоғалтылуымен түсіндіреді. Оның үстіне, ғаламтордағы неше түрлі әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге қолжетімділігін де ұмытпайық.
Сондықтан, балаларға немесе жасөспірімдерге қатысты ерте жыныстық қатынастар проблемасын болдырмау үшін, жасөспірімдерге абай болып,бос уақытының көбін кімдермен, қалай өткізеді деген сұрақтарға үнемі жауап алып отырсақ, өнегелі ұрпақ тәрбиеленіп өскенде осындай жыныстық қатынас арқылы берілетін жұқпалардан аулақ болар еді.
Денсаулығыңызға мұқият болыңыз!
Рахимбаева З.
Нұр-Сұлтан қаласы
ЖИТС орталығының
эпидемиолог-дәрігері