Қазіргі кезде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында сот жүйесінде де ауқымды жұмыстар жүргізіліп, өз мақсатына жетуде.
Сот органдарымен «Электронды сот төрелігін» іске асыру мен ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарын соттық қорғауды мейлінше ашық және қолжетімді іске асыруға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялар енгізілді.
Жаңа өзгерістер сот төрелігін іске асырудың барлық кезеңін қамтиды. Яғни, сотқа құжат тапсырудан, соттың шешімі мен атқару парағын қолына алған уақытқа дейін.
Қолданыстағы сервистердің негізгі құралы ретінде «Сот кабинеті» ақпараттық сервисін атауға болады. Себебі, сот ісін электронды түрде жүргізу алғаш аталған сервис аясында жүзеге асты. Нәтижесінде тараптардың талап арыздары мен өтініш-тілектері сотқа электронды түрде тапсырылатын болды. Бүгінде сала жұмысы жаңа технологиялармен толықтай қамтылған. Мысалы, қазіргі күні сот отырысы жүз пайызға электронды хаттамаға ауыстырылған. Сот процесіне белгілі себептермен келе алмайтындар уақыт жоғалтпай, өздері жүрген аумақта, яғни, қашықтықта отырып-ақ қатысады. Барлық сот процесі бейне байланыс арқылы өтеді. Осындай оң өзгерістер арқылы азаматтарға мүмкіндігінше қолайлы жағдайлар туғызу, еліміздің сот жүйесін одан әрі дамытуға серпін береді. Заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар сотта жүйелі жүзеге асуда.
Соттарды цифрландыру тұтастай алғанда соттардың ашықтығы мен жариялылығын арттыруды мақсат тұтады. «Smart сот» негізінде іске қосылған «TrueConf» мобильдік бағдарламасы. Тараптардың смартфонындағы TrueConf мобильдік қосымшасы арқылы сот мәжілісіне қашықтықтан қатысуға мүмкіндік береді. Республика соттарындағы процестерге тек ел азаматтары емес, сонымен қатар, алыс-жақын шетелдегілер де қатыса алады. Айта кетерлігі, сот отырысына мобильдік байланыс көмегімен қатысу үшін ұялы телефон немесе планшет, ноутбукқа TrueConf қосымшасы енгізілуі шарт. Одан кейін азамат сотқа онлайн режимінде сот мәжілісін өткізу туралы өтініш береді. Жүйеге кіру үшін логин мен құпия сөз алады.
ІТ технологиялар, «Smart сот» сот төрелігінің ұтқырлығы мен ашықтығын арттырады, процесті жеделдетуге мүмкіндік береді және сот төрелігін іске асыруға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Тәжірибеден байқалғандай, саладағы оң өзгерістер сотқа қатынасушылар ризашылығына ие. Өйткені, бұл олардың қаржысын да, уақытын да үнемдейді. Сот өндірісіне жаңа технологиялардың енгізілуі сот процесін жеделдетіп, тез арада шешілуіне ықпал етеді, сот барысы туралы азаматтарды хабарландыру оңай жүреді, қағазбастылық азаяды, процессуалдық байланыстарды болдырмайды. Саладағы әр реформа азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.
Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану сот қызметінің қолжетімділігі, ашықтығы мен тиімділігі тәсілдерінің бірі болып табылғандықтан, ақпараттық сервистерді қолдану сот кеңсесі қызметкерлерінің ғана емес, сотқа жүгінетін адамдардың да уақытын үнемдемек. Бұл заманауи электрондық қызмет сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталған, сондай-ақ қағазбастылықтан арылып, құқықтық қоғамның барлық мүшелеріне және бұқаралық ақпарат құралдарына соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Вебер Ж-М.А
Батыс Қазақстан облысы
Сырым аудандық сотының
кеңсе меңгерушісі