2 қыркүйек 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев халыққа «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендуінің негізі» атты өзінің алғашқы Жолдауын жариялады. Аталған Жолдауда еліміздің одан әрі даму бағытының негізгі векторлары айқындалған болатын. Саяси, экономикалық және әлеуметтік сұрақтармен бірге азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұрақтарына да ерекше назар аударылған. Өз Жолдауында Президент сот шешімдерінің сапасын арттыруға, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыруды қамтамасыз етуге, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу және одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берді.
Сот төрелігін заман талабына сай жаңғырту жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Қ.Асанов 2019 жылды – сот төрелігінің сапасы жылы ретінде жариялағаны баршамызға белгілі. Себебі қоғам талабының жылдан жылға өсуі және экономикалық қатынастардың өзгеруі сот жүйесіне де әсерін тигізіп, жаңа заманның талабына сай сот жүйесі болуы қажет. Сот саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерге сараптама жасағанда ең алдымен азаматтардың пікір-лебізі, сын-ескертпесі басты назарға алындаы, сондықтан сот төрелігінің сапасын арттыру – халықтың сеніміне ие болудың негізгі жолы болып табылады. Мұнда қылмыстық істерді қарайтын соттарда айыптаушылық көзқарасты төмендету, сот рәсімдерін оңайлату, татуласу институтын жетілдіру, сот актілерінің сапасын арттыру, соттардағы жемқорлықтың алдын алу басым бағыттар болып табылады. Меніңше, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыста үлкен жетістіктердің бірі Жоғарғы Соттың «Сот үкімі туралы» және «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулыларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар болып табылады. Себебі, егер бұрын сот шешімдері жүйеленбеген, көптеген керек емес ақпараттардан тұрса және қарапайым халыққа түсініксіз «ауыр» заң тілінде жазылса, қазір сот актілерінің нысаны мен тілі күрт өзгерді. Сот актілері қысқа және үйлесімді, тараптардың әрбір дәйектеріне уәжделген жауаптардан тұрады. Қашанда сот шешімі – судья жұмысының, білімінің, біліктілігінің көрсеткіші. Сот актісі – судья қызметінің ең түпкі нәтижесі. Сондықтан сот актілерінің әділ, сапалы шешілуі ғана емес, тараптарға түсінікті тілде жазылуы да маңызды.
Көп жағдайда азаматтар сот залынан сот актісін түсінбей шығады, бұл жағдай негізсіз апелляциялық шағымдардың көбейуіне әкеліп соғады. Жоғарыда көрсетіліп кеткен нормативтік қаулыларға енгізілген жаңалықтарға сәйкес қазіргі уақытта төрағалық етуші сот шешімін жариялап болған соң міндетті түрде оған түсіндірме жасайды. Яғни нақты айтқанда судья қарапайым тілмен тараптарға істің мән-жайын, мазмұнын және сот шешімін түсіндіреді. Осы өзгерістер арқылы халық пен сот арасында алтын көпір орнайды. Сот актілерін түсіндіруге байланысты Республика бойынша жүргізілген пилоттық жобаның қортындысына Жоғарғы соттың төрағасы да оң бағасын беріп кеткен болатын.
Сот жүйесінде жасалып жатқан ауқымды рфеормалар отандық сот жүйесінің сапасын одан әрі арттырып, жаңа деңгеіге көтеретіндігін және халықаралық стандарттарға сай негізделген сот төрелігі ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді деп сенемін.
Алькенов И.Е.
Нұр-Сұлтан қаласы
Сарыарқа аудандық
сотының судьясы