«Стратегия әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық ұйымының сыбайлас жемқорлық бойынша арнайы шолуының нәтижесі бойынша 2018 жылы ел кәсіпкерлерінің 62% сыбайлас жемқорлық көріністерімен кездескен болса, бір жылдан кейін, 2019 жылы тек 46% алдынан шыққан. Яғни 2018 жылмен салыстырғанда өткен жылы кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлық көрінстеріне тартылу деңгейі 16%-ға төмендеген. Бірақ мемлекеттік қызметтегі жемқорлық туралы стереотиптің қалыптасуына байланысты, кәсіпкерлердің тарапынан кез келген әрекет немесе әрекетсіздік сыбайлас жемқорлық тәуекелі ретінде қарастырылады.
Зерттеу барысында анықталғандай, кәсіпкерге қарағанда сыбайлас жемқорлықтың бастамашысы көбінесе мемлекеттік органның өкілі болып табылады. Соңғылардың 49% — «алғыс айту қажет» екендігін өзі айтады, ал кәсіпкерлер 39% — ғана өздері «алғыс айтуды» ұсынады. 2018 жылы жағдай өзгеше болды. Шенеунік сыбайлас жемқорлық әрекеттің 43% – да, ал кәсіпкер 49% — да бастамасышы болған.
Салық саласында және мемлекеттік сатып алу саласында әрбір бесінші кәсіпкер сыбайлас жемқорлық жағдайына тап болады. Ал, көлік, құрылыс, кеден және агроөнеркәсіп кешені салаларында – әрбір үшінші. Жер қатынастары мен экология саласында – әрбір екінші кәсіпкер мұндай жағдаймен кездескен.
Кәсіпкерлердің анонимді сауалнамасы негізінде жүргізілген зерттеу бизнестің сыбайлас жемқорлыққа тартылу деңгейін анықтау үшін сегіз салада және 15 мемлекеттік органда бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы кезінде бейресми өзара қарым-қатынастардың таралуына талдау жасау, сыбайлас жемқорлық бастамаларының субъектілерін анықтау және мемлекетте қабылданатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін бағалау мақсатында жүргізілген.
Анонимді сауалнамаға еліміздің барлық аймақтарынан 5891 шағын және орта кәсіпорындар субъектісі қатысты. Кіші және орта бизнес өкілдерімен 70 сұхбат жүргізілген. Шығыс Қазақстан облысында 352 кәсіпкер сұралған.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелінің деңгейін бағалау кезінде төрт балдық шкала қолданылды (жаппай таралған, жиі кездеседі, кейде кездеседі, мұндай проблемалар жоқ). Зерттеу барысында келесідей салалардың жұмысына талдау жасалған: тасымалдау және логистика, кедендік әкімшілендіру, құрылыс, жер қатынастары, салықтық әкімшілендіру, экология, мемлекеттік сатып алу және агроөнеркәсіп кешені.
Зерттеу авторлары сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептерінің бірі – кіші және орта бизнес өкілдерінің құқықтық сауаттылығының төмен деңгейі деген қорытындыға келген. Олардың 44% — өз құқықтары мен заңдарды білмейтіндігін жеткізген, 31% — мәселелерді заңды жолмен шешу жолдары туралы нашар ақпараттандырылған хабарлады.
Ал егер нақты Шығыс Қазақстан туралы айтатын болсақ, онда онда кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлықтың басты себептері ретінде мемлекеттік мекеменің жауапты тұлғалары мен қызметкерлері тарапынан сапасыз жұмысты, заңды тәсілмен мәселелерді шешу жолдары туралы ақпараттың аздығын, заңды жолмен мәселелерді шешудің баяу жүзеге асырылатындығын, бюрократиялық кедергілер деп атап өткен.
Бір қызығы, кәсіпкерлердің тек 10-20% — ғана жемқорлыққа жол берген шенеуніктерді жазалауды талап етеді. Олардың үлесі 2018 және 2019 жылдары бұрынғы бір деңгейде қалды. Осы орайда, мемлекеттік органдардың ішінен ең көп өтініш салық органдарына (85%), ең төмен – агроөнеркәсіп кешені саласында (4%) жолданатындығын атап өткен жөн.
Анонимді сауалнама барысында кәсіпкерлер заңсыз сыйақы мөлшері туралы хабарлаған. Яғни, параның орташа мөлшері 2018 жылмен салыстырғанда 193 мың теңгеден 205 мың теңгеге дейін артқандығын көрсетті.
Бұл ретте ең «қарапайым» шенеуніктер экология саласында жұмыс істейтіндігі анықталды. Онда параның орташа мөлшері 5 мыңнан 50 мың теңгеге дейін. Ал параның ең жоғары мөлшері, яғни 50 мыңнан 200 мың теңге, құрылыс пен жер қатынастары саласында кездеседі деп көрсеткен кәсіпкерлер.
Сондай-ақ, зерттеудің нәтижесінде, кәсіпкерлер параның ең төмен мөлшері – Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында (5-50 мың теңге), ең жоғары мөлшері – Ақтөбе, Қарағанды және Алматы облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматыда (100 мыңнан екі млн теңгеге дейін) екендігі анықталды.
Әлеуметтік зерттеу деректері Шығыс Қазақстанда параның орташа мөлшері 291 мың теңгені, ең төменгі мөлшері 28 мың теңгені құрайтынын көрсетті. Параның ең көп мөлшері 554 мың теңгені құрайды.
Әрине, іс жүзінде ШҚО бойынша миллион теңгеден жоғары пара беру фактілері тіркелген, бірақ зерттеу осы бөлікте бизнес өкілдерінің анонимдік сауалнамаларына негізделген. Жалпы еліміз бойынша біздің өңір сыбайлас жемқорлық көрсеткіші төмен өңірлер тобына кіреді.
Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлерде пара көлемі жоғары және керісінше, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары өңірлерде пара көлемі төмен деген қызықты қорытындыға келдік.
Әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша, Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық жиі кездесетін мемлекеттік салалар қатарына мемлекеттік сатып алу, көліктік бақылау инспекциясы, салық қызметі кіреді.
ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлық мәмілелерінің бастамашылары негізінен мемлекеттік қызметкерлер болып табылады – 39%. Оның ішінде мемлекеттік органның басшылары – 29%, мемлекеттік органның қызметкерлері – 22%, кәсіпкерлер тарапынан бастамашылық әрекеттер 35%-ды құрайды.
Егер ел бойынша алатын болсақ, онда көптеген өңірлерде ең сыбайлас жемқорлық жиі кездесетін мемлекеттік орган болып кеден қызметі танылады. Сыбайлас жемқорлық жағдайларының ең көп үлесі– Маңғыстау және Жамбыл облыстарында және Алматыда. Павлодар және Алматы облыстарында көліктік бақылау инспекцияларындағы сыбайлас жемқорлық жағдайларының жоғары үлесі байқалады. Түркістан және Павлодар облыстарында мемлекеттік сатып алуға жауапты басқармалардағы сыбайлас жемқорлық жағдайларының үлесі жоғары деп аталған.
Жүргізілген талдау мен анықталған тәуекелдерді ескере отырып, мемлекеттік органдар мен бизнес үшін нақты ұсыныстар әзірленді.
Орталық деңгейде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арасында жол картасы бекітілді.
Ең алдымен, қызмет көрсету уақыты мен мерзімін оңтайландыру мақсатында мемлекеттік қызметтерді ұсыну үдерістеріне талдау жүргізу керек. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері тарапынан шиеленісті және процесті созуды болдырмау мақсатында қызмет көрсетудің уақыттық және рәсімдік стандарттарын түзету қажет. Бұдан басқа, қызмет көрсету стандарттарын сақтамау бойынша бейінді мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін әкімшілік бақылау мен жазалау түрлерін қатаңдату қажет. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар ауқымын кеңейту қажет.
Кәсіпкерлерге арналған мобильдік қосымшаны әзірлеу қажеттілігі бар. Мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруді жандандыру қажет.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастамашысы болып табылатын Protecting Business and Investments («Бизнесті және инвестицияларды қорғау») жобасына бүгінгі таңда 28 бизнес субъектісі кіреді. Жобалық кеңсеге қатысушы – кәсіпорындардың өңірге құйған инвестициясының жалпы сомасы 148 млрд теңгеден асқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жөніндегі жобалық кеңсенің қызметкерлері кәсіпкерлермен бірге рұқсат беру құжаттарын алудан бастап, оны іске қосу мен оның әрі қарай тұрақты жұмыс істеуіне дейінгі бизнес-жобаны іске асырудың барлық сатыларынан өтуде. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің қызметкерлері бизнестң тәулігіне 24/7 – жиырма төрт сағат, аптасына жеті күн қағидаты бойынша алып жүреді. Жобаның басты міндеті – бизнестің толыққанды дамуына мемлекеттік органдардың да, басқа да құрылымдарға да кедергі жасауына жол бермеу. Жобаны іске асыру басталғаннан бері 21 кәсіпкер мен инвестордың құқықтары қорғалған.
Ж.Байділдин,
ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары