Жемқорлықпен күрес мәселесін кез келген дамыған ел өздерінің жіті назарында ұстап, бақылап отырады. Әлем елдері арасында жемқорлықты жеңген елдер санатына Сингапур, Нидерланды, Швейцария кіреді. Олар жемқорлыққа қарсы күресу иммунитетін отбасынан, мектептен бастап қалыптастырады екен. Бала болса, қашанда ата-анасынан көргенді қайталаушы болып келетіні белгілі. Жастайынан ата-анасы өздерінің мәселелерін ешқандай қиындықсыз шешіп, мемлекеттік қызметті алуда тамыр-таныстың көмегіне жүгінгенін көрмей өскен бала, кейін өсіп ержеткенде өзі де солардай адал еңбек етуге талпынары сөзсіз. Біздің болашағымыз балалар десек, бізге де осы елдердің іс-тәжірибесін қолданғанымыз жөн.
Өркениетті елдер сарапшыларының пікірінше Қазақстандағы жемқорлық қызмет бабындағы туыстық, рушылдық, жершілдік байланыстарымен көрініп, сонымен бірге басшыға жағымпаздану, біреудің ығында жүру және біреуге арқа сүйеуге негізделген екен.
Сонау ХІ ғасырда өмір сүрген дана бабамыз Жүсіп Баласағұни түркі халықтарына ортақ көне әдеби ескерткіш «Құтты білік» («Бақытқа бастаушы білім)» атты еңбегінде мемлекетті дұрыс басқарудың төрт қағидатын – қара қылды қақ жаратын әділ заң, бақ-дәулет, ақыл-парасат және қанағат-ынсапты ұсынған. Бізге сол қағидаттың алдыңғы үшеуі болғанымен, соңғысы қанағат-ынсап жетпей жатады. Ал сол барына қанағат қылмайтындардың зардабын көбіне ары таза адамдар тартып жатады.
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы Елбасының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығымен бекітілген. Оны толығымен іске асыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. 2015-2017 жылдарға 64 іс-шара өткізу жоспарланған болса, екінші кезеңі 2018-2020 жылдарға 67 іс-шаралар жоспарланған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы 12 маусымда өзінің сөйлеген сөзінде «Сыбайлас жемқорлық–бұл мемлекеттің дамуын тежейтін кері күш, ол қоғамда өзара сенім мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз» — деп атап көрсетті.
2019 жылдың 13 маусымында Мемлекет басшысының Жарлығымен тәуелсіз құқық қорғау органы- Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) құрылды. Агенттіктің басты миссиясы – Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою.
Өткен жылғы әлем елдеріндегі сыбайлас жемқорлықтың жағдайы бойынша халықаралық Трансперенси Интернешнл ұйымының соңғы жариялаған есебі бойынша Қазақ елі 2018 жылғы 124 тармақтан 2019 жылы 113-ке көтерілген. Бұл 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда еліміздің жемқорлыққа қарсы көрсеткішінің жақсарып, он бір орынға алға жылжығанын көрсетеді.
Социологиялық зерттеулер бойынша елімізде сыбайлас жемқорлықтың ең жоғарғы көздері болып мемлекеттік ауруханалар мен емханалар-28,7%, полиция-11,3%, жер қатынастар басқармасы-7%, мемлекеттік балабақшаларда-6,9% болса, мемлекеттік жоғарғы оқу органдарында 6,8% болған, ал осы сыбайлас жемқорлыққа барудың, не болмаса келісудің негізгі себептері болып қағазбастылық, мәселені шешуді ұзаққа созу, қорқытып алушылық, сондай-ақ өкілеттілікті асыра пайдалану болып табылған. Социологиялық зерттеулерге қатынасқан азаматтардың 60,4%-ы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге өздерінің жеке үлесін қосуға дайын екенін білдірген. Ал зерттеулерге қатынасқан азаматтардың 53,5%-ы еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты ахуалдың соңғы 3 жылда жақсарғанын атап өткен.
Былтырғы жылы елімізде 1002 адам сыбайлас жемқорлық баптары бойынша сотталған болса, соның ішінде ішкі істер органдарынан 297 адам, ал әкімдіктер мен олардың ведомствоға бағынысты ұйымдарынан 261 адам сотталған.
Ішкі істер органдарында бұл көріністер шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жеңілдетілген ұстау жағдайларын жасау, пробациялық бақылау кезеңінде қамқорлық жасау, сонымен қатар жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы теріс пайдаланушылық және парақорлықтан көрініп отыр.
Квазимемлекеттік секторда көбіне көп лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдалану, сатып алуды жүзеге асыру, орындалған жұмыс актілеріне қол қою кезіндегі парақорлық фактілеріне болып отыр.
Ақжайық ауданының №2 аудандық сотында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында «Сот кабинеті» сервисі арқылы сот кеңсесіне келіп түскен талап арыздар, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер «Төрелік» бағдарламасы арқылы судьялардың қарауына автоматты түрде бөлінеді. Істердің бөлінуіне судьялар, не кеңсе мамандары араласпайды. Осы келіп түскен істердің барлығы да дыбыс-бейнежазба арқылы қаралып отыр. Сотта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, әрбір тоқсан сайын құқық қорғау органдары және тағы да басқа мемлекеттік органдарда дөңгелек үстелдер мен жиындар жүзеге асырылып отырады. Сот ғимаратының қауіпсіздігін арнайы күзет қызметкерлері қамтамасыз етеді. Сотқа келген азаматтардың жеке басы жеке куәліктері арқылы тексеріліп, тіркеуден өткізіледі, тек содан кейін ғана сот залына жіберіледі. Бұның барлығы да сот қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекет жасауына тосқауыл қояры анық.
Испанов Л.Т.
Ақжайық ауданының
№2 аудандық сотының аға
сот приставы