Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде татуласу рәсімдері және дауды бітімгершілікпен, медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсімдер тәртібі арқылы реттеу кеңінен қарастырылған.
Татуласу рәсімдері дауласқан тарапты бітімгершілікке шақырып, дауды тату келісіммен шешуге, оларды татуластыруға, туындаған дауға байланысты уақыттары мен қаражаттарын үнемдеуге бағытталған және оның жасалу, бекітілу және орындалу ерекшеліктері Азаматтық процестік кодексте нақты көрсетілген.
Сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі. Тараптар татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттелуімен тиімді. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою ісін жүргізудің кез-келген ісі бойынша берілуі мүмкін.
Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін.
Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері оларда сенімхатта арнайы көзделген татуласу келісімін жасауға өкілеттіктері болған кезде қол қояды. Татуласу келісімі оларды орындау мерзімі мен тәртібі көрсетіле отырып, тараптар келіскен шарттарды қамтуға тиіс. Татуласу келісімінде кейінге қалдыру немесе ұзарту мерзімдері көрсетіле отырып, жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орындау туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін.
Сот тараптардың татуласу келісімін бекітуі туралы өтінішхатын сот отырысында қарап, татуласу келісімін жасаудың құқықтық салдарын ол бекітілгенге дейін тараптарға түсіндіреді. Сот қарау нәтижелері бойынша татуласу келісімін бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату не татуласу келісімін бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот оны бекітпейді.
Татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Қорыта келе азаматтық процестік кодексте дауды келісім, бейбіт жолмен реттеуге, тараптардың татуласуы үшін, дауды татуласу келісімімен, медиация немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеуге толық мүмкіншілік бар және дауласқан тарапқа оның тиімді тұстары айқын белгіленген.
А.Кушкенбаева
Ақтөбе облысы
Мұғалжар ауданының №2
аудандық сотының кеңсе меңгерушісі