Татуласу — бұл біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан мәміле

Қазіргі жаҺандану, ақпараттық сұраныс өсіп отырған заманда қоғамда дау-дамай, жанжалдар санының өсуі заңды. Олардың санының өсіп ғана қоймай, күрделене түсуі де оны реттеудің жаңа тетіктерін іске қосуға түрткі болды деуге болады. Татуласу бұл біздің ата-бабларымыздың ел ішінде жанжалдарды шешуде бұрыннан қолданып келе жатқан мәміле, мәмілелестіру деген ежелден елге таныс сөздерінің басқа тілдегі (латын) баламасы. Осы орайда тарих беттеріне көз жүгіртсек, жеке адамдар арасындағы, тіпті, бір қауым ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы сияқты келелі тартыстардың барлығы билердің ұтқырлығымен, әділдігімен, шешендігімен оң шешімін тауып отырғандығын көреміз. Сондай-ақ, дала билігінің дара тұлғалары Төле, Қазыбек, Әйтекелер бастаған дана билеріміз ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтаған. Бүгінгі қоғамның демократиялық жаңаруы қағидатына дәлме-дәл келетін медиацияның түп тамыры өзіміздің дана бабаларымыздан бастау алған десек, артық айтпағанымыз.
Медиация қандай істерді қарау барысында қолданылады деген сауалға тоқталсақ, медиация – жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, қылмыстық теріс әрекеттер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарда қолданылады.
Әлемдік тәжірибеге назар салсақ, медиация ірі кәсіптерден бастап, неке-отбасы қатынастары мен дүниені бөлісуде, тіпті кейбір қылмыстық істерде де қолданылады. Қазіргі уақытта шет елдерде де дау-дамай бітімгерлік рәсімін қолданумен шешіледі екен. Ал, елімізде аталған құқық саласының кенжелеуіне себеп көп.
Біріншіден, медиацияның құқық қорғауда жаңа институт ретінде қалыптасуы, екіншіден, бұл құқық саласында тәжірибенің жетіспеушілігі, үшіншіден, жарнама мен насихат жұмыстарының аздығы. Алайда, «Көш жүре түзеледі» демекші, жыл сайын медиацияның ауқымы артып келеді. Аудандық рухани орталығымен сот ғимараттарында арнайы медиация кабинеттерінің ашылуы, бітімгер судьялардың жұмыс істеуі, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар санының артуы көңілге қуаныш ұялатады. Біздің қоғамда жиі орын алатын даулардың медиация негізінде шешілуі сот және судьялар үшін үлкен жеңілдік туғызары сөзсіз. Аталған заңның аясында тараптардың сот залынан қол алысып, татуласып шығуы екі жақ үшін де тиімді-ақ.
Жалпы медиация сөзі ағылшын тілінен енген. Атауы өзгеше естілгенімен, бұл бұрын қазақ қоғамында болған үрдіс. Қазақ қашанда сөзге тоқтаған халықпыз. Кешірім сұрап келсе «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «Ер шекіспей, бекіспейді», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген мақалдар сондай тағылымның көрінісі іспеттес. Медиация заңы да қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол екеніне сенім нық. Сондықтан қазақтың билер сотын ұлттық құндылықтар ретінде танып, оны кеңінен насихаттауды ұсына отырып, рухани жаңғыру арқылы еліміз таяу болашақта бірлігі жарасқан біртұтас ұлт ретінде ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылады деп білеміз.
Татуластыру, тараптарды бір бітімгершілікке әкелу тәжірибесінің мақсаты бұрынғы билер соты сияқты дауласушы тараптардың дауласушылық деңгейін төмендетіп, тараптарды бітімге келтіріп, татуластыруға қол жеткізу. Біздің мақсатымыз сотқа келіп түскен дауларды қарау кезінде тараптарға тиімді әрі әділ тұстарын көрсете отырып татуласуға жәрдемдесу және дауларды сотқа дейін реттеудің жолдарын насихаттау.
«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» демекші, қос тараптың татуласып, бітімгершілік арқылы ортақ мәмілеге келуі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі дәстүр екендігін естен шығармағанымыз абзал. Сондықтан, «Медиация туралы» заңның даудың бітімгершілік жолмен екі жаққа бірдей тиімді шешілуіне, жеке және заңды ұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сот беделін одан әрі жоғарлатуына үлес қоса берері анық.

С.Есжанов
Жаңақала аудандық сотының
төрағасы
Батыс Қазақстан облысы