Азаматтық процесс судьялар белсенділігін көтерді

Азаматтық істерде процестің сапасын көтеру, сот жарыспалылығы қағидаттарын жетілдіру, татуластыру рәсімдерін қолдануды кеңейту, артық процестік әрекеттерден арылу, сот ісін жүргізуде электрондық сервистерді кеңінен қолдану қажеттігі бұрыннан айтылып, талқыға салынып жүр. Сот жұмысына елеулі өзгеріс енгізетін бұл тетіктерді заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігі жиі сөз болатын. Соған орай Жоғарғы Соттың бастамашылығымен азаматтық процесті заманауи талап үдесінен шығаратын құжат жобасы дайындалғаны белгілі. Көпшілік зерделеуінен өткен осы заңға 10 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
«Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы отандық заңнамалар базасына қосылған айтулы құжат. Оның қоғамға ұсынатын жаңалығы, жеңілдігі аз емес. Мәселен мұнда процесті оңтайландырудың мүмкіндігі қарастырылған. Соған сәйкес оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібіндегі істерді электрондық форматта қарауға жол ашылып отыр. Ал мұндай өзгеріс уақыт пен қаржыны үнемдеудегі ұтымды шешім екені баршамызға белгілі. Электрондық хаттама сот қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, тараптардың іске қатысты ең қысқа тұжырымға қол жеткізуіне мүмкіндік туады. Сондай-ақ, процеске қашықтан қатысудың, процеске қатысушылардың электрондық гаджеттерді және басқа техникалық құралдарды пайдалануына рұқсаттың берілуі де ашықтық пен қолжетімділіктің көрінісі болса керек. Әсіресе ақпарат құралдарының өкілдеріне бұл жаңашылдықтың берері мол.
Жаңа заң аясында Азаматтық процестік кодекс жаңа баптармен толықтырылып, судьяның процестік рөлі нақтыланды. Қазыларға құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау, процеске тиімді басшылық жасау үшін қосымша өкілеттіктер беріліп отыр. Дәл осы мәселе сот жұмысын жандандыруда ерекше мәнге ие. Өйткені судьяның талаптар ұсынған дәлелдер ауқымымен шектеліп, өзі біліп, байқап отырған кемшіліктер бойынша сауал қойып, түсінік ала алмауы азаматтардың орынды ренішін тудырып келген болатын. Заңды білетін, істің мән-жайын толық көріп, біліп отырған қазының процессуалдық тәртіпке бағынып, ақ пен қараны ажыратуға белсенді атсалыса алмауы кейде сауаты төмен азаматтардың құқығының толық қорғалмауына алып келгені жасырын емес. Ендігі жерде процестегі судьяның белсенділігі артады. Қазының өз бастамасымен істің мән-жайын анықтауға, шындықты ашуға көмектесетін құжаттарды сұратуына, қосымша сауалдар қоюына енді еш кедергі жоқ. Бұл өз кезегінде істердің жан-жақты зерделенуіне, заңдық аспектілердің назардан тыс қалмауына көмектеседі. Соттың мақсаты – іске таразылық ету ғана емес, әділдіктің салтанат құруына ықпал ету. Жоғарыдағы өзгерістер сот шешімдерінің сапасын көтеруге кепіл бола алады.
Судьяның өзі шығарған шешімін тараптарға қарапайым тілмен түсіндіруі де заңмен бекітілді. Бұл қадамның дұрыстығын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Өйткені, азаматтардың судьяның шешімін дұрыс түсінбегендіктен, өзінің неден қателік жібергенін ұғынбағандықтан жоғары сатыларға шағымданатыны ешкімге жасырын емес. Шешімді түсіндіру сот саласын халыққа бір табан жақындатты. Әрі осы жаңашылдықтың арқасында жоғары сатыларға шағымдану саны азайғаны да байқалады. Ендеше, бұл тетіктің заңдастырылуы орынды.
Құжат медиацияның да қолданысын кеңейтуге көмектеседі. Жаңа өзгерістер бойынша медиациялық келісімге келтірудің уақыты ұтымды шешіліп отыр. Бұрын медиативтік келісімге келу үшін тараптарға бар-жоғы бес күн берілетін. Дауласып отырған, бір-бірінің кемшілігін тізіп, керісіп жүрген азаматтарды бес күн ішінде пәтуаға келтіріп, ортақ мәмілеге ұйыстыру мүмкін емес. Мұндай кемшіліктің барын судьялар да, медиаторлар да жиі мәселе етіп көтеретін. Енді жерде тараптар істі медиация арқылы өткізуге келіссе, қарау мерзімі 10 күнге дейін ұзартылды. Дауды шешу туралы келісімге қол жеткізілсе, судья талап арызды қабылдайды және келісімді мақұлдауды қарастырады.
«Заң – қоғамның тоғыз қабат, тор көзді сауыты» дейді қазақтың біртуар жазушысы Шерхан Мұртаза. Бұл заң да халықты тоғыз қабатты сауыттай заңсыздықтан қорғайды деп сенеміз.

М.Сахипова
Орал қалалық №2 сотының судьясы