Еліміз тәуелсіздік алардың қарсаңында, 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заңда:
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі-қазақ тілі» деп тұңғыш рет атап көрсетіліп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Қазақстан Республикасы Конститутциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл –қазақ тілі» екендігі баян етіліп, заңды түрде күшіне енді. Сөйтіп, қазақ тілі дамуының жаңа кезеңі басталған болатын.
Сол уақыттан бері қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өңірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені рас. Ең бастысы-ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болды. Ендігі жерде қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түсті. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенімен, азда болса оң өзгерістер бар екені анық.
Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы мен оның мәртебесін биіктетіп, қолданыс аясын кеңейту, отандастарымыздың мемлекеттік тілге деген ықыласын оятып, намысын қайрау бағытында көп айтылып та, жазылыпта келеді. Меніңше, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеймей отыруының бірнеше себебі бар.
Ең басты себеп, қазақ ұлты өкілдерінің ана тіліне деген немқұрайлылығы-ұлттық намыстың жоқты-ғынан. Ұлтын сүйетін әрбір адам, мейлі ол мемлекеттік тіл болмағанның өзінде, өз ана тілін көкке көтеріп, ерекше қадірлеп, сол тілде сөйлеуді парыз санамақ.
Өз ұлтының қадір қасиетін ана тілі арқылы ұлықтап, ата-бабасының асыл аманатындай ардақтамақ. Ал, ұлан-байтақ аумақты алып жатқан Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі болып саналатын ана тілімізде сөйлемей, өзге тілге басымдық беруіміз – елдігімізге сын, аманатқа қиянат болып табылатыны сөзсіз.
Бүгінде, тіл заңының қабылданғанына 30 жылдан астам уақыт болды, әйтседе, ең бірінші тіл үшін күрес шарты-атадан қалған аманат ана тілі аясында өмір сүру. Онсыз тіл бұлағы тартылады. Тіл-ол тірі организм, ол тамыры соғып тұрса ғана тірі. Қолданбасаң құриды. Бұл қарапайым-қағида. Қазақ тіліне қатысты бұл бір ғасыр бойы көтеріліп келе жатырған сұрақтың бірі.
Кез–келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы,Әнұраны, шекарасы, салт-дәстүрі, төл мәдениеті болатыны секілді мемлекеттік тілі де бар. Тәуелсіз еліміздің негізгі рәміздерінің бірі- мемлекеттік тілі.
Конституцияның 7-ші бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі- қазақ тілі» деп жазылған. Ал орыс тілін- ресми тіл және мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп айтылған.
Тіл- қарым-қатынас құралы. Ол адамның сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тіл арқылы адам бір-бірімен қатынаса алады. Қазіргі таңда еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда. Қазақстан Республикасының алғаш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз»- деген болатын.
Еліміздің мемлекеттік тілі қазақ тілі –тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. Тіліміздің, ұлтымыздың жанашыры Ахмет Байтұрсынов:
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы-тіл» деген екен. Ата Заңымыздың аясында бақ- берекеміздің сақталып, іргеміздің нығайып отырғаны тіл саясатын жүргізудің жарқын бейнесі. Тіл- халық қазынасы, ұлттың жаны, һәм айнасы. Тіл мәселесі- бір адамның ғана емес, барша қазақ ұлтының мәселесі. Тілдің мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Сондықтан, тіл мәселесіне аса назар аудару- біздің басты міндетіміз.
Отбасы- шағын мемлекет. Тіл меңгеруде отбасындағы ата-ананың рөлі ерекше. Әр отбасы уыз шағынан балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, мемлекеттік тілде сөйлейтін халық қатары азаймас еді. Қазақ тілі- жалғыз қазақ халқының ғана емес, мемлекеттік тіл- бәріміздің ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриотымын деп есетейтін азаматтардың тілі. Елбасы айтқандай, «Қазақстанның болашағы- қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді, ұлтымызды, өз отбасымызды қадірлегендей қадірлеп, еңсесін биік ұстайық!
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі- ұлттық тілі, діні, мәдениеті, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған ең үлкен сыйы да-осы тіл. Тіл- қасиетті де қастерлі. Тілдің бойында өзекті, адамды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл — ұлттың ажырағысыз белгісі. Тіл тағдыры –баршамыздың қолымызда.
Қорытындылай келе, тілге деген құрмет- халыққа деген құрмет. Ел мерейі –тіл мәртебесі. Тілсіз халықтың өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған, әлем мойындайтын ел болу үшін тілімізге деген құрмет те, соғұрлым жоғары болу керек. Қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқысы болған оның ғажайып тілі. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей, ана сүтімен дарыған қасиетті де қастерлі тілге дақ түсірмеу парызымыз деп білемін.
А.К. Ахонова
БҚО қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маманы