Конституция – тәуелсіздікті нығайтқан құжат

Қазақ елінің тарихында Конституциямыздың маңызы, салмағы өте зор. Мұнда мемлекеттік негізгі құрылымы мен басқарылуы, онда тұратын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына арналған ұстанымдар мен нормалар бекітілген. Қазақ елі мемлекет болғаннан бері көшпелі мемлекеттің дала өркениетінің Конституциясы деген атқа ие болған Тәуке ханның «Жеті жарғысын» сол кезеңнің Ата заңы деп атауға болады. Бұдан басқа Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Ресей құрамындағы бодандық кезеңдегі Қарқаралы петициясы, Алаш Орда ұлттық кеңесінің Конституциялық бағдарламасы қоғамды реттеуге бағытталған ұмтылыс еді. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды», дейді Бауыржан Момышұлы. Баукеңнің бір ауыз сөзі сайын даланы ежелден-ақ тәртіпке негізделген жүйе болғанынан хабар беріп тұрғандай. Қазақ халқы жазлымаған дала заңымен де тентектеріне тұсау салып, бұзықтарын тәртіпке бағындырған. Ел ішіндегі дау-жанжалдарды қара қылды қақ жарған би-шешендерге сеніп тапсырған. «Иілген басты қылыш кеспейді, «Алдыңа келсе, әкеңнің құнын кеш», «Өлімнен ұят күшті», «Малым – жанымның садағасы, арым – жанымның садағасы» сынды мақал-мәтелдер қазақ халқының дәстүрлі құқықтық жүйесі арнайы айтылмағанымен, тәртіптің нақты ережелері болғанының айқын дәлелі.
Айналып келгенде біз – Конституция нормаларымен өмір срі, әрекетімізді соған қарай реттеп, оның шарапатын сезу бақыты бұйырған ұрпақпыз. Қолданыстағы Ата заңымыз әлемдік озық тәжірибеге сүйенген халқымыздың дәстүр әдетіне бағытталған, өркениеттік құндылықтарға жетелейтін бағдарлы құжат болды. 1995 жылы қабылданған Конституция елдің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сыртқы саясатты айқындауға септігін тигізді. Оның құрылымы кіріспеден, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Қазақстан Республикасының демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екендігі, мемлекеттің ең жоғарғы құндылығының адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы екені нақтыланған. Әдетте қарапайым жұрт Конституцияны ешқашан өзгермейтін құжат ретінде бағалап жатады. Алайда іс жүзінде заңды заман талабына сай жетлідіріп отыру керек. Онсыз заманауи сын-қатерлерге ілесу қиын. Әрине, Ата заңды орынды-орынсыз толықтырып, өзгертуді ешкім құптамайды. Дегенмен елдің даму деңгейіне сай өзгерістер жасаудың артығы жоқ. Сот жүйесінің жалпы дамуында Ата заңның маңызы ерекше. 2000 жылғы желтоқсанда «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында Ата заңымыздағы сот жүйесінің дамуына бағытталған бірқатар қағидалар қамтылды. Қазіргі сот жүйесі қоғамның тұрақты, сенімді құқықтық кепілдігіне айналды. Конституцияда қарастырылған құқықтар мен еркіндіктердің жүзеге асуын қолдап, бағаламауымыз керек. Егер біз ұрпаққа бала жастан ұлтжандылық қасиетті дарыта алсақ, әрбір азаматымыз еліміздің патриоты болып шығатыны хақ. Сонда ғана біз қоғамның шынайы констиуциялық келбетін ажарландырып, жаңа констиуциялық мәдениетті қалыптастыра аламыз. Мәдениеттілік, отансұйгіштік, ұлтжандылық әрбір отбасындағы тәрбие шеңберінен бастау алса, әділдік пен заңдылықтың күретамыры Ата заңымыздың қайнарынан қуат алады.
Мемлекетіміздің барлық азаматы осы Ата заңның барлық бабын толық түйсініп, қажеттілігіне қарай пайдаланып, құрметтесе мақсаттың орындалғаны. Заңға бағыну – тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер қоғам дамуына негіз болады. Өз Отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы – бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы.

І.Іргебаев, БҚО,
Жаңақала аудандық сотының
судьясы