Қайсыбір мемлекет болмасын оның ең әуелі ұлықтайтын тілі, әрине мемлекеттік тілі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі, ұлы даламызды мекен еткен, ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын тоғыстырған, татулық пен теңдікті ұстана отырып, бейбіт қоғамды қалыптастыруға қол жеткізіп отырған бірден — бір ұлы рәмізі.
Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Ертеңгі күнге көз жүгірте білетін, көріпкел ұлт өз тілінің тағдырын ойлауға міндетті. Тіл жоқ жерде, ұлт болмайтынын небір зиялылар тектен-текке айтпаған, белгілі бір тілде сөйлейтін адам болмаса, сол ұлттың бар-жоғы да білінбей кететіні хақ. Сондықтан да тіл — қай ұлтта, қай елде болсада қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиіс.
Елбасымыздың «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында, немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды» деген сөзі бүгінгі күннің және келешектің нақты ұстанымы екендігі сөзсіз.Тіл мәселесі ұлт руханиятының алтын қазығы болғандықтан, оған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше мән беріп отырғанда баршамыздың оған қолдау көрсетуіміз абыройлы міндетіміз деп түсінген абзал.
Ал сот саласына келер болсақ, сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың берілуіне қарай жүргізіледі, әрбір азамат істі өзінің ана тілінде, немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге құқылы және өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу және кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі, сол сияқты онымен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14 бабында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады деп көрсетілген. Осы бапта, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізу сотқа талап арыз берілген тілге қарай белгіленеді деп көрсетілген.
Әрбір адам өз ана тілін білу және мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті. Батыс Қазақстан облыстық сотымен және аудандық және оған теңестірілген соттарда мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілуде: қазақ тілін оқыту курстары, үздік аудармашыларды анықтау бойынша байқаулар ұйымдастырылып тұрады.
Қорыта келгенде, Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесін, оның құзыретін іс жүзінде нығайту мәселесі, өкінішке орай, әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл шындығында бәрімізге артылған жауапкершілік жүгі, барша қазақстандықтардың ортақ ісі.
У.Е. Хайруллина
Батыс Қазақстан облысының
мамандандырылған ауданарлық
экономикалық сотының судьясы