Ана тілім — абырой, ар-намысым

Ата Заңымыз бойынша қазақ тілі — Қазақстанда мемлекеттік тіл.
Алайда, толыққанды мемлекеттік тіл болуы үшін азаматтар тарапынан да, мемлекет тарапынан да әлі де атқарылар іс көп. Ата — баба арманы мен келер ұрпақтың болашағы алдындағы жауапкершілігімізді сезіне алсақ, дәл қазіргі кезеңде қазақ тілін дамыту жолында пәрменді шаралар ойластырып, дәрменді үлес қосуымыз керек.
Өзін қазақпын деп есептейтін азаматтар, ана тілінің қадір — қасиетін білетіндер қолдағы мүмкіндікті пайдаланып, игілікті істерге мұрындық болуы — өз борышымыз.
Екіншіден, қазақ тілін дамыту — тікелей мемлекеттің міндеті. Егер мемлекет болмаса, басқа ешбір жерде қазақ тілі өркендеп, өрісін ұлғайта алмайтындығы айдан анық.
Дана халқымыз: «Ана сүті бойыңды өсіреді, ана тілі ойыңды өсіреді» дейді. Тіл — құрал. Ол ойды жеткізудің құралы. Тіл даму үшін, әуелі ой дамуы керек. Ойды заманға сай жеткізудің шарты — ақпарат көзі.
Ендеше, ойдың кай тілде дамитындығы ақпарат көзінің қай тілде берілуіне тікелей байланысты. Сондықтан әр тұлғаның қазақша ойлауына ықпал жасауымыз керек.
А. Байтұрсынов атамыз «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді. Егер біздің қазақ тілінде алатын ақпаратымыз — сол дүниені толық танып білуге жарамаса, не жеткіліксіз болса, онда амал жоқ басқа тілде ақпарат іздей бастаймыз. Ия, қазір әлемдегі оқиғаларды барлық сала бойынша бір тілде алу әрине қиын.
Бірақ қолдағы бар мүмкіндікті пайдалана отырып, солардың ішіндегі басты — басты жаңалық жөнінде ақпаратты қазақшалап, қазақ тілді азаматтар еркін ұғына алатындай жағдай жасауымыз керек.
Тіпті қазақ тілінен басқа тілді білмейтін адам білімділігі жағынан өзі ешкімнен кем- қор болмай, осы өмірге лайық өмір сүріп, уақыт талабына сай игілікті ғұмыр сүретін мөлшерге жеткізуіміз керек.
Мемлекеттік тілді осы мемлекеттің ішінде тек қана қазақ тілінен басқа тілді білмесе де, қандай лауазымды орынға отырса да, қандай жауапты қызмет атқарса да, өзін жай жартылай білімді, жартылай ақпараттандырылған адам ретінде сезінбей, өзіне сенімді, аяғын нық басатын еркін адам ретінде сезінетін күйге жеткізуіміз керек.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тіл туралы талап міндеттерінде «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» делінген.
Әр жаңалықты және де әрбір айтатын ойымызды қазақ тілінде жеткізіп, әрбір ақпаратты қазақ тілінде таратсақ, біз қандай дүние жазсақ та, тілдің қолданылатын ортасы — өмір, қорғаны қоғам.
Ендеше «Қазақ тілі мемлекеттік тіл» деп бекітіле тұра, өз жерінде ауыз ашқан сөзге, қия басқан қимылға емін — еркін араласатын ең елгезек, ең ұрымтал тіл болуы тиіс.
Сонда ғана мемлекеттік тіл екендігін ішкі де, сыртқа да мойындатып еркін самғайды. Қазақ тілін өз мәнінде емін-еркін дамыт, сөйтіп оны мемлекеттік іс — қағаздарда сауатты қолданып, білім көзіне, ғылым көзіне, дүниетаным көзіне айналдыру — ең алдымен әрбір азаматтың міндеті түпкілікті мұраты.
Ендіше мемлекеттік тілді өзімізде дамытып, ары қарай жылжыту — мемлекеттік тіл оқытушылары, мемлекеттік қызметкерлері, бұқаралық ақпарат саласында отырған адамдары және арнаулы мамандар болсын, ең әуелден олардың ниетіне ынта-ықыласына тіреледі.
Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңында «Тіл — ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениетінің гүлденуімен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы — тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты » делінген.
Сондықтан да адам баласының байлығының бір — сөз өнері. «Өнер алды қызыл тіл» деген аталы сөздің астарында қаншама сыр бар?!
Әрбір елдің қуатты күші, байлық — бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен айқандалады.
Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл ойының көрінісі — тілге тәуелді екені белгілі. Атадан балаға жеткен ұлы құбылыс ретінде тіліміз талай сыннан сүрінбей өтті, дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, өткір, таза, терең, күшті, кең тіл — ана тілімізден артық халқымыз үшін қасиетті ештеңе болмаған.
Себебі, тіл — тарихымыз, тіл — мәдениетіміз, тіл — әдебиетіміз. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым ел тоқтаған.
Бұл халықтың тіл өнеріне деген ыстық сүйіспеншілігінің белгісі. Ана тілінің күші мен құдіретінен туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін, бар өнердің басы деп санаған.
Тіліміздің қадір — қасиетіне үлкен мән берген ғұлама адамдар пікіріне тоқталсақ: «Тілімізді жаман сөзден сақта, жақсы сөзге үйрет»,- деп ежелгі дәуірде өмір сүрген Махмұд Қашқари айтса, сол өткен ғасырдың өзінде француз ғалымы Жорри де Манси: «Қазақ тілі — түркі тілдерінің ішіндегі ең бай тілдердің бірі» деп тамсанса, орыстың әйгілі ғалымы В.В. Радлов: «Ең сауатсыз деген қазақтың өз тілін жете меңгергені сондай, ондайды біз Еуропада француздар мен орыстардан ғана байқаймыз.
Егер олар әңгіме айта қалса, сөз оралымдары көркем де сүйкімді, тілі өткір, әрі майда, шешен де тапқыр» деп әділ бағасын беріпті.
«Адамға екі нәрсе тірек тегі,
Бірі — тіл, бірі — ділің жүректегі», — деген Жүсіп Баласағұнидың сөзін қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың «Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін — ұлы» деген. Бұл мысалдардан біз тіл мәселесінің қай кезеңде де, мәселе болғандығын және әлі де бола беретінін түсінгендейміз. Себебі ана тілінің, мемлекеттік тілдің жағдайы бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселеге айналғаны қашан?!
Тіл туралы қабылданған заңдарды да өмірдің өзі, әлеуметтік әдептілікті қалпына келтіру қажеттігі және қоғамның рухани жаңаруы туғызған еді.
Тіл саясаты бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасындағы ең өзекті, өткір мәселе болып отырғаны баршамызға аян. Әрине, тәуелсіз еліміздің болашағы өз тілімен ғана алға ғарыштары белгілі.
«Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» делінген (Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы 4-бап).
Міндет сол тілді тек меңгеріп қана қою емес, оны бүгінгісінен де әрі қарай жетілдіріп, ұрпақ санасына сіңіре беру, әр адамның өз ана тіліне деген жауапкершілік сезімін оятып, ана тілі үшін күресе білуіне қол жеткізу деп түсіну керек.
Қазақстан Респбуликасының 2050 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасында Мемлекет басшысы, тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс.
Сондықтан алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру табандылықпен жалғасады.
Егер әрбір қазақ ана тілінде ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді.
Қазақ тілі туралы айтқанда, істі өзімізден бастау керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.
Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық.
Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» -деген.
Ұяда не көрсең ұшқанда соны іледі — дегендей, әрбір ата-ана отбасындағы тәрбиеде перзентінің дүниеге келген күнінен бастап өзінің ұлтына, ана — тіліне деген махаббатты оятуды міндет ету керек.
Тәуелсіз елдің ертеңгі ұрпағы өз тілінің жанашыры ғана емес, кез-келген ортада, ғылымның қай саласын меңгерсе де ең алдымен өз ана тілінде ойлап, өз ана тілінде сөйлей алатын, пікір сайыстыра алатын өзіндік «мені» бар тұлға болуы керек.
Олай болса, біздің алдымызда егемен елдің жан-жақты біліммен, тәрбиемен қаруланған, саналы, көкірегі ояу, көзі ашық, халқының бай ауыз әдебиетінен сусындаған, сайып келгенде намысын қорғай алатын, ана тілін құрметтейтін ұрпағын тәрбиелеу міндеті тұр.
Сондықтан да, қазақ тілінің көсегесін көгерту — өзін намысты қазақпын деп санайтындардың ғана емес, жалпы Қазақстан топырағында тұратын азамат атаулының, бәріміз үшін мәртебелі міндет.

Сандуғаш Байбосынова
Нұр-Сұлтан қаласы
Алматы ауданының №2
аудандық сотының төрағасы