Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының 1-бабының 1-тармағы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», — деп көрсетілген.
Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық терминдерден біраз түсінік беріп өтсек: «Адам саудасы» қанау мақсатында жүзеге асырылатын адамдарды азғырып-көндіруді, тасымалдауды, біреулерге беруді, жасыруды немесе күшпен қорқытуды, оны қолдануды немесе мәжбүрлеудің басқа түрлерін, ұрлауды, алаяқтықты, алдауды, билікті немесе жағдайдың осалдығын өрескел пайдалануды қолдану жолымен, не болмаса басқа адамды бақылайтын адамның келісімін алу үшін төлем немесе тиімділік беру түрінде сатып алу жолымен алуды білдіреді.
Қанау кем дегенде басқа адамдардың жезөкшелігін қанауды немесе сексуалдық қанаудың басқа нысандарын, мәжбүрлі еңбекті немесе қызмет көрсетуді, құлдықты немесе құлдыққа ұқсас әдет-ғұрыптарды, еріксіздік жағдайын немесе ағзасын алып қоюды қамтиды;
«Адам саудасының құрбандары» — адамды саудаға салу қылмысының құрбаны болып табылатын адам.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (2014 жылғы 3 шілдедегі редакциясында) адамдар трафигі мен оған ілеспелі қылмыстарға қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 116-бапта «Адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою», 125-бапта «Адамды ұрлау», 125-бап 3-бөлімінің 2-тармағы «ұрланған адамды қанау мақсатында жасалса», 128-бап бойынша «Адам саудасы», 135-бапта «Кәмелетке толмағандар саудасы», 308-бапта «Жезөкшелікпен айналысуға тарту», 309-бапта «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» секілді заң бұзушылықтар жасаған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Жәбірленуші» түсінігіне жалпылама түрде Қылмыстық-процестік кодексте анықтама беріледі.
Қылмыстық- процестік кодекстің 71-бабына орай, қылмыстық процесте оған қатысты тікелей қылмыс арқылы моральдық, тәндік немесе мүліктік зиян келтірілген деуге негіз бар тұлға жәбірленуші деп танылады.
Адам саудасы жоғары латенттік қылмыстарға жатады. Қылмыстың осы түрін анықтаудағы негізгі проблема адам саудасының құрбандарын сәйкестендіру болып табылады, яғни жәбірленушілерді анықтау.
Бұл көптеген жағдайларда үшінші тұлғалардың хабарламаларының арқасында немесе жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу жолымен іске асырылады. Бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың осы түрлерінің латенттілігінің (жасырын) жоғары болуымен байланысты.
Бұл қылмыстың осы түрлерін ашу ерекшелігімен байланысты. Көп жағдайда жәбірленушілер құқық қорғау органдарына өз бетінше жүгіну мүмкіндігінен айрылады, олар күштеп ұсталып, зорлық-зомбылыққа, қауіп-қатерлерге ұшырайды, қашқан жағдайда қатыгездікпен жазаланады.
Мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, Қазақстанның Жоғарғы Соты жүйелі негізде қаралған істерді талдау мен қорытуды жүргізеді. 2012 жылғы 29 желтоқсанда Республика ратификациялаған заңдары мен халықаралық шарттардың дұрыс және біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында «Адам саудасы үшін жауапкершілікті белгілейтін заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы» Жоғарғы Сотының №7 нормативтік қаулысы қабылданды, онда сот практикасы мәселелері өз көрінісін тапты.
Адам саудасы саласындағы қылмыстар бойынша негізгі дәлелдемелердің бірі жәбірленушілер мен куәлардан жауап алу болып табылады.
Осыған байланысты жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексіне жәбірленуші мен куәнің айғақтарын қылмыстық сот ісін жүргізудің сотқа дейінгі сатысында айғақтарды сақтауға қою сияқты іс жүргізу әрекеттерін енгізу уақтылы болып табылады.
Ол тергеу судьясы іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында алған, куәнің сотқа келуі мүмкін болмаған жағдайда, одан әрі істі сотта қарау барысында пайдаланылуы мүмкін жәбірленуші мен куәнің айғақтарын білдіреді.
Адам саудасы туралы істер бойынша сот тәжірибесінде жәбірленушіден жауап алу сотта үлкен қиындық тудырды, өйткені олардың көпшілігі басқа мемлекеттердің азаматтары бола отырып, істі сотта қарауға дейін кетіп қалады.
Бұл кәмелетке толмаған жәбірленушілерге де қатысты, олардан бірнеше рет қайтара жауап алу, оларға психологиялық жарақат (басқа сөз болғаны жөн) келтіреді.
ҚР ҚПК-нің 217-бабының 3-бөлігіне сәйкес, тергеу судьясы аталған адамдардан прокурордың, күдіктінің, оның адвокатының қатысуымен жауап алуды жүргізеді, процеске басқа қатысушылардың қатысуы да мүмкін.
Егер күдіктінің жауап алуға қатысуы жәбірленушінің, куәнің қауіпсіздігіне қатер төндірсе, заң шығарушымен осы іс жүргізу әрекетін күдіктінің қатысуынсыз жүргізу қарастырылған.
Қылмыстық іс жүргізу заңымен мұндай адамнан құпиялылығын сақтай отырып, жауап алуды жүзеге асырудың көптеген мүмкіндіктері берілген.
Мәселен, ҚПК-нің 217-бабының тәртібінде айғақтарды сақтауға қою кезінде сот талқылауына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тергеу судьясы қорғалатын адамның жеке басы туралы деректерді жария етпестен, ҚПК-нің 98-бабына сәйкес, қорғалатын адамды қалған қатысушылар үшін дауыс және сыртқы деректер бойынша тануды болдырмайтын жағдайларда, лақап аты пайдаланыла отырып, оны сот талқылауына қатысушылардың көзбе-көз бақылауынсыз, басқа да ҚПК-нің 213 бабына сәйкес техникалық құралдарды қолданып, жауап алуға құқылы.
Ең маңызды іс-шара ретінде осы мәселе туралы жұртшылықты хабардар етуді атап өту қажет, нәтижесінде мәселенің мәні танылуы, қоғамдық қолдау көрсетілуі тиіс.
Осы мәселе бойынша жағдайды талдау аталған бағытта, әсіресе жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, мектептен және басқа оқу орындарынан бастап тәрбие жұмысының сапасын жақсартуды талап етеді.
Жәбірленушілерге, соның ішінде адам саудасы құрбандарына өтемақылардың арнайы қорынан өтемақы төлеу Қылмыстық процестік кодексінің жаңа редакциясында көзделген.
Аталған мәселенің өзектілігі жайлы ой қозғағанда, тек біздің елімізде ғана емес, бұл бүкіләлемдік ахуал екенін көрсетеді.
Еркебұлан Наурызхан
Нұр-Сұлтан қаласының
қылмыстық істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маман-сот
отырсының хатшысы