Алаяқтық дегеніміз – бұрынғы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді.
Алаяқтық қылмысы әртүрлді тәсілдермен жасалады. Алдау немесе сенімді теріс пайдалану зиян келтірудің тәсілдеріне мыналар жатады: Құмар ойындарын ойнағанда әртүрлі айла қолдану, жасанды асыл бұйымдарды сату, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері немесе банк, мұғалім тағы басқа салада жұмыс істейтін қызметкер ретінде таныстыру жолымен әрекеттер жасау, банктік несиелерді жалған құжаттар жасау арқылы алу, тұрғын үйлерді сату, айырбастау үшін жалған құжаттар жасау үшін, банкоматтан ақша немесе сауда кәсіпорындарынан тауарлар алу үшін біреудің немесе қолдан жасалған карточкаларды пайдалану, мемлекеттік мүлікті жалған құжат арқылы несиеге алу немесе қалған қарызды төлеуден жалтару және тағы басқалар.
Жаңақала аудандық сотымен 2022 жылы «Ә» есімді азаматшаға қатысты ҚР ҚК -нің (бұдан әрі-ҚК) 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен айыптау туралы қылмыстық іс қаралып, айыптау үкімі шығарылды. Сотталушы өзінің танысы «А» есімді азаматшаның ақшасы бар екенін біліп, алаяқтық, яғни алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен, ірі мөлшерде бөтен мүлiкті иемдену қылмыстық ниетімен, жәбірленушіге қоңырау шалып, дауысын өзгертіп, жуандатып сөйлеп, өзін ер адам ретінде таныстырып, жәбірленушінің сеніміне кіріп, қылмыстық іс-әрекеті нәтижесінде әр түрлі «Каспий голд» нөмірлеріне бөліп-бөліп аударып алу арқылы жәбірленушіге жалпы сомасы 6 110 000 теңге материалдық залал келтірілген. Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram әлеуметтік желісінде кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Кез келген адамның арзанға алып, сатқысы келетіні түсінікті. Адамдар ауызша берілген кепілген сеніп, бейтаныс адамдарға жеке және банк мәліметтерін таратып, түрлі мәмілелерге отыруға даяр болады, ал алаяқтар болса бұл жағдайларды өз пайдаларына асырады.
Қазіргі таңда оңай жолмен олжалы болғысы келетіндер талай адамның санын соқтырды. Елде жұмыссыздық, қаржылық дағдарыс жайлаған шақта қаржылық пирамидалар қаптап кеткені даусыз. Бірақ қазір соншалықты қысылтаяң кез емес. Іздесең екі қолға бір күрек табылатын заман. Сонда да көптеген адамдардың қаржылық пирамидалардың қармағына түсуіне не себеп, не түрткі? Қалың көпшілік жеңіл жолмен ақша табуға әуес пе деген ойда қаласың. Кез келген қаржылық пирамиданың мақсаты – жұртшылықты байлыққа кенелту емес, өзгенің есебінен өздерінің қалтасын қалыңдату. Олардың адамдарды арбаудың небір айласын меңгергенін күнделікті естіп те, оқып та жүрміз. Осы пирамиданың іс әрекеті қаншалық қауіпті екенін құзырлы органдар айтып ақ келеді. Десек те осы алдамшы жүйеге алданатындар қатары сиремей тұр. Сақтансаң сақтармын деген, тек сақтық қана, ақшаңызды алаяқтың қолына ұстаудан аман алып қалатынын ұмытпауымыз қажет.
Сағыныш Танатарова,
БҚО, Жаңақала аудандық
сотының бас маманы