Өмір өзегі- тіл тағдыры, ұлт мұраты

Тілге құрмет — елге құрмет. Тіл – әр ұлттың жаны, мінезі, пейілі, оның көп ғасырлық тарихы. Қазақ халқының ана тілі- қазақ тілі. Қазақ тілі – өте оралымды, айшықты, өрнекті, бейнелі бай тіл.
Көпұлтты Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі- қазақ тілі, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің жауапкершілігі орасан зор. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Тіл- қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам — туған жерін, елін, отанын атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі- адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар.
Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер- ана тілі. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995ж), «Тіл саясаты туралы» тұжырымдамасы (1996ж) және осыларға негізделген «Тіл туралы Заң» (1997ж), республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді.
Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл — қазақ тіліне Конституциялық мәртебе беріліп отыр. Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғышарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы , қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы , сондай-ақ қазақ тілінің құрылымдық жүйесі жетілген, тілдік қоры аса бай , ежелден келе жатқан ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Мемлекетіміздің ішкі саясаттағы басым бағытының бірі- мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту. Қазақстанда тұратын барлық халықтардың тілдерін дамытудың стратегиясы негізгі үш мақсатты қамтиды: мемлекеттік тілдің ( қазақ тілінің әлеуметтік – коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту; орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау; этностық топтардың тілдерін дамыту бағытында. Елбасымыз Қазақстан халықтарын біріктірудің шешуші факторы болып саналатын мемлекеттік тілді дамыту мәселесін ғылыми тұрғыдан жүргізуді ұсынды.
Мемлекеттік тіл мәселесі этносаралық мәселе емес, жалпы мемлекеттік мәселе. Мемлекеттік тілді еліміздің барлық азаматтары ұлтына, жынысына қарамастан, өркениетті елдердегідей өз тілім деп қабылдауы тиіс. Қазақстан мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүргізген шын мәнінде татулық пен тұрақтылыққа қол жеткізген өркениетті елдердің қатарынан өзіне лайықты орын алары сөзсіз.
Мемлекеттік тіл әр адамға өзінің қайраткерлік мүмкіндігін кеңейту үшін қоғам, мемлекет ісінде өзін — өзі көрсете білу үшін ел тағдырында ықпалды тұлғаға айналуы үшін керек.
Жаңа әлемдегі жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жаңа Қазақстан тұғыры рухани құндылықтарға негізделген, бұл біздің мемлекетіміз ұстанып отырған саясаттың басты қағидасы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы- қазақ тілінде»- деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Ана тілін дамыту , қорғау дегеніміз- өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анасындай сүю.
Өмір өзегі тілге деген құрмет- халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек!!!

Досмурзина А.Ш.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы