ТҮНГІ СОТ ТИІМДІ ЕЛОРДАЛЫҚ ТҮНГІ СОТ 5 МЫҢНАН АРТЫҚ ІС ҚАРАДЫ

Уақыт зымыраған заманда адамның әрбір минуты санаулы қазір.
Түнгі сот жобасы да азаматтардың тиімді уақытта өз құқықтарының сотта қорғалуына бағытталған.
Жалпы, Түнгі сот өз жұмысын Жоғарғы Сот бастамасымен былтырғы жылдың маусым айынан бастады. «Түнгі сот» жобасы АҚШ, Сингапур елдерінің тәжірибесін негізінде алғаш рет елорданың әкімшілік сотында іске асырылды.
Бұдан бұрын айтылғандай, азаматтардың және мүдделі органдардың оң пікіріне сай, жоба жұмысы өз тиімділігін көрсетіп отыр.
Түнгі соттың артықшылықтарына тоқталсақ, біріншіден, тараптар жол-көлік оқиғасы орын алған күннен бастап 3 күн мерзім ішінде кешкі уақытта күнделікті күйбең тірліктен қол үзбей-ақ, сот отырысына қатысып, сот шешімін қолына алады, екі жақтың бір-біріне қоятын шарттары бір сот отырысында шешімін табады. Сондай-ақ, сақтандыру төлемдері 15 күн ішінде алынады. Ал көші-қон саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша шетелдік адамдардың кедергісіз, қосымша шығынсыз елден кетуге мүмкіндігі бар.
Былтырғы жылы Түнгі сот 2 111 іс, ағымдағы жылдың 6 айында 3 074 іс қарады. Сөйтіп бүгінгі күнге дейін Түнгі сот жеделдетілген тәртіпте 5 185 іс қарады.
Түнгі сотта қаралған істер басым көпшілігі адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарын немесе өзге де мүлікті бүлдіруге әкеп соққан (ҚР ӘҚБтК 610-бабы), жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтарын құрап отыр. Жоба аясында әкімшілік істердің жекелеген санаттары бойынша басқа да материалдар қаралады.
Келтірілген деректер жобаның жұмыс істеу тиімділігінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Жобамен келген жаңа леп сот отырыстарын анағұрлым жеңіл және жеделдетілген тәртіпте өткізуге, сөйтіп аз уақыт аралығында азаматтардың өз құқықтарын қалпына келтіруіне септігін тигізіп отыр.

Баянова Б.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының
баспасөз хатшысы