Сотқа деген сенімді арттыру бағытындағы қадам

Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу заман талабы ғана емес, азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру мақсатында жасалынған қажетті қадамдардың бастамасы.
Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасының Үкіметімен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілгендігі белгілі.
Осы өзгерістер мен толықтыруларға нақтырақ тоқталсақ.
Қолданыстағы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай-АПК) 2015 жылдың 31 қазанында қабылданғанына қарамастан, 26 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Бірақ қазіргі қаралымдағы өзгерістер мен толықтырулардың орны жалпы Қазақстан Республикасы сот билігінің тарихында ерекше серпіліс болмақ. Атап айтқанда, қолданыстағы АПК-нің 15-бабында сот істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан толық босатылғандығы нақты бекітілген.
Осы мәселе соттың тараптардың өтінішхатынсыз өз бастамасымен дәлелдемелер жинақтауы бірқатар сұрақтарды туындатып қана қоймай, азаматтардың сотқа деген теріс көзқарасын туындатыны анық.
Ұсынылып отырған заң жобасына сай, сот ісін жүргізу міндеттерін іске асыру мақсатында сот өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын анықтау, тараптардың дәлелдерінің негізділігін және олар ұсынған дәлелдемелердің дұрыстығын тексеру бойынша көзделген кез келген шараларды қолдануға құқылы.
Сот, оның ішінде өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын тараптармен (тараппен) талқылауға, тараптардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылауға, іс бойынша дәлелдемелерді уақтылы және толық жинауға, оларды зерттеуге жәрдемдесуге, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған өзге де іс-әрекеттерді орындауға құқылы.
Тиісінше, туындаған дауды шешу мақсатында, сот тараптардың өтініштері мен арыздарын күтпестен, өз бастамасымен дәлелдемелер жинақтау құқығына ие болады. Осы өзгеріс дауды жан-жақты зерттеумен қоса, сот шешімінен кейін туындайтын даулардың алдын-алуға да өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Сонымен қатар, азаматтардың әлеуметтік жағдайы сот төрелігіне қолжетімділігін шектемеу мақсатында, кәсіпкерлік қызметке байланысты дауларды қоспағанда, сот Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайдағы өзге де тұлғаларды босатуға құқылы екендігі туралы толықтыру күтілуде.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік таңдарынан бері, мемлекеттік тіл мәселесі көптеген жарыссөздердің тақырыбы болғандығы баршаға мәлім. Сот саласы да бұл мәселеден қалыс қалған емес. Қуантатын жағдай, мемлекеттік тілдегі істердің саны жылдан-жылға артуда. Сол себепті сот өндірісінде сапалы аударма өзекті сұрақ екендігі айтпаса да белгілі.
Сапалы аударма бірінші кезекте аудармашыға қойылатын талаптар мен міндеттерден бастау алады. Заң жобасына сай, аудармашыға қатысты келісідей толықтырулар орын алуы тиіс:
Аудармашы ретінде аудару үшін білуі қажет тілдерді және (немесе) сурдоаударма техникасын меңгерген іске мүдделі емес адам іске қатысушы адам, сондай-ақ куә, сарапшы, маман іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмеген жағдайларда, сол сияқты жазбаша құжаттарды аудару үшін шақырылады. Аудармашы: 1) сотқа шақыру бойынша келуге; 2) толық және дұрыс аударуды жүзеге асыруға; 3) өзінің қатысуымен өткізілген сот отырысының хаттамасында, сондай-ақ оған аудару үшін берілген өзге де құжаттарда аударманың дұрыстығын өз қолымен куәландыруға; 4) аудармашы ретінде тартылуына байланысты істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және өзіне белгілі болған өзге де деректерді жария етпеуге; 5) сот отырысы кезінде тәртіпті сақтауға міндетті.
Сондай-ақ азаматтардың даудың соттылығын дұрыс таңдамауы салдарынан ұзақ уақыт жоғалтатыны рас. Осы мәсеге қатысты ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, екі тарап та сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша істі бір соттан екіншісіне беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізіледі.
АПК-те көзделген басқа да арыздарды қарау тәртібі нақтылап, мерзімдері анықталмақ. Атап айтқанда, сот өтіп кеткен процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арызды сотқа келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді. Сот іске қатысатын адамдарды шақырмай, өтіп кеткен процестік мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені өз қалауы бойынша қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы.
Сот іске қатысатын адамдарды шақырмай, өз қалауы бойынша қарауға болатын арыздар толықтырылмақ, олар: шешiмдегi қате жазулар мен анық арифметикалық қателердi түзету, алып берiлген ақша сомаларын индекстеу және шешімді түсіндіру туралы.
Сонымен қатар, заман ағымына сай сот процесінде бірқатар техникалық мүмкіндіктер жүзеге асырылмақ. Оның негізгісі — егер куә ауруының, қарттығының, мүгедектігінің, тұратын жерінің алыстығына немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан соттың шақыруы бойынша келуге жағдайы болмаса, сот одан оның болған жерінде не техникалық байланыс құралдарын қолдана отырып жауап алуы мүмкін.
АПК-сі 187-1-баппен толықтырылмақ:
Сот отырысында техникалық құралдарды пайдалану.
Сот, іске қатысатын адамдар, куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар сот талқылауы барысында материалдық және цифрлық ақпарат жеткізгіштері бар техникалық құралдарды соттың рұқсатымен пайдалануға құқылы.Техникалық құралдар істі қарау барысында туындаған құқықтық мәселелер мен істің мән-жайлары бойынша қажетті ақпарат алу, ақпараттық және құқықтық жүйелерге, интернет-ресурстарға қол жеткізу, коммуникациялар желілері операторлары көрсететін қызметтерді пайдалана отырып байланысты қамтамасыз ету үшін, тиісті хабарламаны растау және іс үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау үшін пайдаланылуы мүмкін.Сот талқылауы барысын аудио және бейнежазу осы Кодекстің 19-бабы жетінші бөлігінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады, олардың сақталмауы кейіннен пайдалану мен тарату мүмкіндігін жоққа шығарады және кінәлі адамды сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауапқа тартуға негіз болып табылады.
Өзгертулер мен толықтырулар талап арызды қамтамасыз ету мәселесіне де қатысты болмақ, яғни судья арызды қараудың нәтижелері бойынша қамтамасыз ету шарасын және оның қолданылу мерзімін көрсете отырып, талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Осы бап қамтамасыз ету шарасының қолданылу мерзімімен толықпақ, тиісінше сот көрсеткен мерзімнен кейін қамтамасыз ету шарасы өз күшін жоятын болады.
Кезекті өзекті өзгерістер мен толықтырулар татуластыру рәсімдеріне байланысты.
Ол мәселе талап арызда көрсетілетін және оған тіркелетін құжаттарға қатысты, яғни талап арызда татуластыруға бағытталған, егер мұндай әрекеттер жасалса, тарап (тараптар) қолданған әрекеттер туралы мәліметтер көрсетіліп, егер мұндай әрекеттер жасалса, тараптың (тараптардың) әрекеттер жасағанын растайтын құжаттар тіркелуі қажет.
Бұл өзгеріс тараптарды сот шығындарынан босатуға, азаматтар арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіруден сақтауға ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Қорыта айтқанда, заң жобасы күшіне енген жағдайда, азаматтардың сот төрелігіне деген сенімі артып, сот ісін жүргізу барысында едәуір өзгерістер орын алуы тиіс.

А.Ж.Баймахан
Орал қаласының №2
сотының судьясы