Абай-жалғыз қазақтың ұлы емес, адамзаттың ардағы. Әлем мойындаған дара тұлғаны қай жағынан әспеттесек те біздің елдік, ұлттық парызымызды орындағанымыз деп білеміз. Биыл еліміздің ұлы ойшылының дүние есігін ашқанына 175 жыл толып отыр.
Абайдың қазақ баласына өсиет еткен «кемел адам» философиялық ұғымын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та өзінің «Абай туралы сөз» атты кітабында тілге тиек еткен болатын. «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», – деп жазған еді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және 21-ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы-еліміздің рухани өміріндегі мәні зор шығарма. Бұл мақалада Абайдың ел тарихындағы айрықша орнын, ұлттық болмысымызды қалыптастырудағы рөлін айқындап, ұлттың рухани жаңғыру үрдісінің өзегі – ақын мұрасын терең зерделеу керек екеніне назар аударылды. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өз халқының алдына жаңа мақсаттар мен тың талаптар қойып кеткендігі мәлім. Абай шығармаларында ұлттық сананы қалыптастыруға, ел мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ұмтылды.
Абайдың замандасы, екі дәуірді тұтастырған ұлы жырау, ақын, айтыскер, сазгер, жыр алыбы Жамбыл Жабаев 1940 жылы өткен Қазақстан Жазушылар одағының Абай Құнанбаевтың 95 жасқа толуына арналған мерекелік мәжілісінде сахна төрінде ілулі тұрған Абайдың портретіне қарап тұрып;
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?
Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,
Өлеңменен өлмейтін салған нұсқа — деп жыр арнапты.
Бұл — Абай мұрасын танытуда, бағалауда айрықша мәні бар Абайға арналған өлеңдер мен дастандардың бір үлгісі.
Өзі ауқатты әулеттің өкі¬¬лі Абай, әлсіздің, кедей-кеп¬шік¬тер¬¬дің, жоқ-жітіктердің, жатақтардың сот¬¬тарына өзі сұранып барып, оларды қор¬ғап отырған. Бұл – Абайдың сот-құ¬қықтық қызметінің біз білетін бір ерекшелігі, азаматтық ұстанымы.
Абай: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысын» білмек керек», — деп билікке келген азаматтардың көп оқып, көкейіне түйгені мол адам болу керектігін талап етті.
«Ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді», — деп, нақты ұсыныс жасайды. 1885 жылы Қарамола жәрмеңкесінде қабылданған «Ереже» заң нұсқасын жазып дайындаған.
Осылайша өз заманында билік жүргізіп, сот ісін терең меңгерген Абай талабы бүгінгі судьялар үшін маңызды, өзекті.
Қазақтың ұлы ақынының, данышпан перзентінің мәңгілік мұрасы тіл білімі, педагогика, философия ғылымдарында зерттелуде. Ал еңбекке, өнер-білімге, адамгершілікке үндейтін Абай афоризмдері қалың оқырманға кең тараған: «Дүние де өзі, мал да өзі. Ғылымға көңіл бөлсеңіз», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Бойда қайрат, ойда көз болмаған соң айтпа сөз».
«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деп Абай әрбір қазақ баласын өз елінің парасатты және ұлтжанды азаматы болуына шақырды.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп дана ақынның өзі айтқандай, жастарымызды білімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адам ретінде тәрбиелеу -бүгінгі күннің басты мұраты.
Оқу, өнер-білім, тәлім-тәрбие жүйелері –Абай қара сөздеріндегі негізгі мәселелердің бірі.
Абайша ақыл, ғылым, ар, мінез кімде басым-сол адам артық және бағалы. «Тегінде,-дейді Абай, — адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі ақымақтық!».
Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең-оқыт, мал аяма! — дейді.
Абай адамға, қоғамға пайдалы, тұрмыс керегіне қажетті оқуды жақтайды. Оқу елдің ілгері басуына жәрдемдесерлік, заман талабына сай келерлік, өмірге пайда келтірерлік, шындыққа жеткізерлік, әр нәрсені жете танытарлық оқу-ғылым болу керек деген талап қояды.
«Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп түйеді.
Әсіресе, отбасы мен ұстаз, құрбы жолдастарының балаға әсері айрықша болатынын Абай өте ұқыптылықпен ескертеді. Баланы ата-ана дұрыс тәрбиелеуге тиіс; масаттандырмай, орынсыз ерке етпей тәрбиелеуі керек; өтіріктен, қулық-сұмдықтан, тағы да басқа жаман мінездерден аулақ ұстауға тиіс, дейді.
«Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады. Ата –анадан, ұстазынан, құрбысынан, әсіресе солардың қайсысы жақсы көрсе, содан көп жұғады» деп, Абай осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін, олардың тәрбие ісінде рөлдерінің зор екенін ұқтырады. Баланы тәрбиелеуде ерінбеуге, жалықпай ұстаздық етуге шақырады.
Ұлы Абайдың адамшылық қасиет, адамгершілік және мораль тұрғысындағы осы ескертулерін оқып отырып, бүгінгі қоғамдағы отбасы құндылығы туралы ойланасың. Күнделікті жұмыс барысында біз куә болып жүрген ерлі- зайыптылардың ажырасуы, соның салдарынан балалардың әкесіз не шешесіз тәрбиеленуі, қөздері жаудыраған тірі жетімдер санының артуы, жеткіншектердің теріс жолға түсуі сияқты отбасы мәселелері бізді тек маман ретінде ғана емес, адам ретінде де қатты алаңдатады.
Отбасылық тәрбиедегі кенеуі кеткен кемшіліктерді еріксіз мойындаймыз. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында баланың мүддесін басты назарда ұстап, жамандыққа есе жібермеуді көздейміз.
Біз, ата-ана болып, бала тәрбиесіне қатысы бар мамандар болып, жамандықтан сақтандыратын, адамды сүю, құрметтеу, биік адамгершілік пен елжандылыққа бастайтын осындай Абай тағылымын күнделікті ісіміздің басты назарында ұстасақ, ұлтымыздың сапасының артуы, рухани кемелденуі анық.
Ұлы ақын әрбір адамның өзі өміріне көз жіберіп, өткен істерін және болашақтағы ойларын еске ала жүруін керек етеді. Ешбір мәнсіз, мағынасыз, есепсіз өткен өмірді босқа өткен уақыт деп есептеп, оған наразылық білдіріп отырады. Сондықтан да ақыл иесі, есті адамның бір шарты етіп, өткен өмірінен үздіксіз есеп алып отыруды ұсынады. «Егерде,-дейді, -есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе болмаса, жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал, сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды күніңде, өзің өкінбегендей қылықпен өткізіппісің?».
Кемеңгер ойшыл «атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп, өмірдің мәні мен мақсатын Адам болу деп таныды.
Абай халқының, жастардың болашағына қалтқысыз сенді, үлкен үміт күтті. Сондықтан да ол жас буынды дұрыс бағытта тәрбиелеу ісіне үлкен көңіл бөлді. Өз бойындағы бар күшін сол игілікті іске жұмсап, барлық шығармаларының алдына үгіт-насихат мақсатын қойды.
Бізге жүктелген ерекше сот істерін сапалы қарауымызға ұлы Абайдың адамды сүю туралы асыл ойларының рухани көмегі зор. Әсіресе соттың жастар арасындағы құқықтық тәрбие рөлін дамытуда және медиация мен отбасылық сот жобасы қызметтерінде, сот актілерін түсіндіру барысында Абай үлгісіне жүгініп отыруды пайым-парасатымыздың деңгейін танытар парызымыз деп білеміз. Қазақ сөзге тоқтаған дейді, олай болса, билік атқарғанда сол сүйектен өтетін жүйелі сөзіміздің мәңгілік қазынасы -Абай мұрасы.
Ж. Алпысбаева
Нұр-Сұлтан қаласының
Кәмелетке толмағанадар істері
жөніндегі сотының судьясы