Заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті. Себебі, тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан, әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсібилік көріне білуі қажет.
Қызмет бабында қырағылығымен танылып, елдік мүддені ең биікке қоя білген жанның бірі Арман Ақшораев. Тәжірибесі мол тәртіп сақшысы еңбек өтіліндегі 30 жыл ішінде халықтың алғысына бөленген азамат.
Арман Оңғарұлы 1970 жылы Түркістан облысы, Жетісай қаласында дүниеге келген. Жергілікті жердегі мектепте білім алған соң, әскерде Отан алдындағы борышын өтеді. Содан 1992 жылдан бері ҚР ІІМ сапында қызмет атқаруда.
- Алғаш рет Жетісай АІІБ қылмыстық іздестіру бөлімшесінің кіші инспекторы болып қызмет еттім. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар болғандықтан қиын еді. Қылмыс көп, олармен күресу жолында күндіз – түні жұмыс жасадық. Тәжірибесі мол мамандардың қасында жүріп, біліктілігімізді арттырдық. Шыңдалдық. Ел егемендігін алған соң, полицияға да жаңа міндеттемелер жүктелді. Сол бағытта тәулік бойы жұмыс жасадық – дейді полиция полковнигі.
Арман Ақшораев 1996-2005 жылдар аралығында Мақтаарал аудандық ішкі істер басқармасының екінші полиция бөлімінде жедел уәкіл, қылмыстық іздестіру бөлімшесінің бастығы болды. Кейіннен облыстық ІІД криминалды полиция басқармасының мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, Сарыағаш АІІБ-нің бастығының бірінші орынбасары, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, облыстық ІІД криминалды полиция басқармасының жеке тұлғаларға қарсы жасалған қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы және басқарма бастығының орынбасары болып қызмет атқарды.
2007 жылы ҚР ІІМ-нің бұйрығымен кезектен тыс подполковник шенін алса, 2012 жылы ҚР ІІМ-нің бұйрығымен полковник шенін тақты.
2012-2017 жылдар аралығында Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасына басшылық жасаса, 2017 жылдан бері Қазығұрт АПБ-нің бастығы болып абыройлы еңбек етіп келеді. - Аудан көлемінде атқарылып жатқан бірқатар іс шаралардың нәтижесінде жалпы қылмыс деңгейі төмендеп, ашылуы жоғарылады. Биылғы жылдың 9 айында тіркелген қылмыстардың жалпы саны — 31,5 пайызға (267-ден 183-ке) төмендеген. Соның ішінде, бөтеннің мүлкін ұрлау 120-дан 41-ге, пәтер ұрлығы 27-ден 16-ға, мал ұрлығы 41-ден 7-ге, тонау 6-дан 1-ге, ауыр дене жарақатын салу 5-тен 2-ге, алаяқтық 13-тен 11-ге азайып отыр. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар — 66-дан 54-ке, отбасы тұрмыстық саладағы қылмыстар 6-дан 3-ке, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар — 43-тен 29- ға кеміді – дейді полиция полковнигі.
Бүгінде Қазығұрт ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыспен күресті күшейтуге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастыру және нақты шаралар кешенін жүзеге асыруда. Ең бастысы қоғамдық қауіпсіздікке баса көңіл бөлініп отыр. Жыл басынан аудан көлемінде қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу, оның ішінде бөтеннің мүлкіне қатысты ұрлық қылмыстарының алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілген. - «Мал ұрысы», «арқан», «пәтер» т.б. іс-шаралардың нәтижесінде ауыр және аса ауыр санаттағы мал ұрлығын жасаған 2 қылмыстық топ құрықталды. Олардың 2018 жылдан бері Қазығұрт, Сарыағаш және Төлеби аудандарында орын алған мал ұрлықтарына тікелей қатысы бары анықталып отыр. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолданды – дейді Арман Оңғарұлы.
Қазығұрт көрші елмен шекаралас аймақ болғандықтан еңбек мингранттары да көп келетін өңірдің бірі. Жалпы заңсыз жұмысқа келген шет ел азаматтарын анықтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Жыл басынан шетел азаматтарына қатысты 27 әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылған. - 2019 жылы 246 әкімшілік хаттама толтырылған болатын. «Қазақстан Республикасының халық арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша бірқатар шектеулер енгізілуіне байланысты, шет елден азаматтардың келуі уақытша тоқтап, соның салдарынан әкімшілік хаттамалар төмендеп отыр. Жалпы көші-қон саласы бойынша 1 028 415 теңге айыппұл салынып, 100 пайыз өндірілді. Жыл басынан ауданымызға 365 шетелдік азаматтар жұмыс істеуге келген – дейді аудандық полиция бөлімінің басшысы.
Ал, карантин тұсында полиция күшейтілген режимге көшкен. Басты мақсат – елдің амандығын мен халықтың қауіпсіздігін сақтау. Бұл бағытта тәртіп сақшылары күнделікті рейдке шығуда. Қызмет бабында карантин талаптарының бұзылуына жол берген 210 жәйіт анықталып, барлығы ӘҚБтК-нің 425 бабымен айыппұл салынған. «Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақыттада жалғасады» — дейді Арман Оңғарұлы. - Қаншама ескерту шараларының жүргізіліп жатқанына қарамай, карантин талаптарының бұзылуына жол беру деректері тоқтамай келеді. Нақтырақ айтар болсам құдалық, қыз ұзату, беташар, туылған күн сияқты бас қосулар және түнгі мезгілдегі кафелер мен сауда орындарының жұмыс жасауы тоқтар емес. Бұл бір өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарда тек полиция қызметкерлері ғана емес, қоғам болып жұмыс атқаруымыз қажет. Қандайда бір мәлімет болған жағдайда жергілікті жердегі учаскелік полиция инспекторына немесе «102» телефонына хабарлама жасауға болады – дейді ол.
Жалпы аудан орталығында 13 бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Алдағы уақытта аудан көлемінде қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қосымша бейнебақылау камераларын орнатып, шағын жедел басқару орталығын ашу жоспарланып отыр.
Арман Ақшораев қызмет бабында қатал болғанымен, отбасында балаларына қамқор әке. Бүгінде жұбайы Кларамен бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Барлығы да жоғары білімді. Қазіргі таңда қызы Маржан тұрмыста болса, үлкен ұлы Мейіржан мемлекеттік қызметкер. Ал, кенжесі Берік әке жолын қуып, полиция қызметкері болып жұмыс жасауда.
Білікті басшы қызмет бабында көптеген марапаттарға ие болған. Ішкі істер саласындағы ерен еңбегі үшін медальдармен және аудандық әкімдік пен мәслихат хатшысының, облыстық полиция департаменті басшылығының алғыс хаттарын иеленген. - Еңбек жолымда елдің алғысын алдым. Мені қуантатын сол жағдай. Әсіресе, Түркістандық қариямен кездесуім әлі күнге есімнен кетпейді. Біршама уақыт бойы ашылмаған қылмыстық істі ашып, кінәлілерді темір торға отырғызған кезімде, «Арыстаным» деп құшақтап, арқамнан қақты. Алғысын айтып, бата берді. Мен жігерлендіріп, жол сілтеді – дейді Арман Ақшораев.
Білікті басшы спортты жанына серік еткен. Бос уақытында залға барып, жаттығу жасайды. Жас полицейлерге қоян-қолтық ұрыстың тәсілдерін үйретеді. Одан бөлек, кітап оқып, білімін шыңдау күнделікті әдетке айналған. - Бұл салада білімді болумен қатар, бірді ғана емес, бірнешеуін жығатын білекті де болу шарт. Дене шынықтырумен айналысу, спортпен машықтану – полиция қызметкерінің өмірінен ойып тұрып орын алатын нәрсе. Сонымен қатар, полицейлер үшін талап пен жігер қажет деп ойлаймын. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, полиция қызметкерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Ал бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс – дейді полковник.
Н.Қуанышбек
Түркістан облысы
Полиция департаменті