Адам құқығы – азаматтарға тумасынан берілетін мәртебе. Сол себепті адамдарға қатысты нормалар барлық уақытта даму үстінде. Адам қоғаммен, қоғамадммен үнемі бірге дамып отырады.
Жеке адамның құқығы мен қоғамдағы құқық тығыз байланысты. Бірі болса, екіншісі де болады.
Адамның құқығы, бостандығы қоғамның даму деңгейімен байланысты.
Мысалы:
– Алғашқы қоғамдағы;
– құл иелену қоғамдағы;
– феодалдық қоғамдағы;
– буржуазиялық қоғамдағы;
– қазіргі замандағы.
Құқықтық мәртебе – жеке тұлғаның қоғамда заңды түрде қалыптасқан бостандығы, табиғи және саяси құқықтары, әлеуметтік кемеліне келген жағдайы, рухани, мәдени білімі. Мәртебе латын тілінен аударғанда «положение – жағдай» – деген ұғымды көрсетеді.
Сонымен, құқықтық мәртебе негізгі мазмұны мемлекеттің Конституциясында бекітілген жеке тұлғаның бостандығы, құқықтары мен міндеттері.
Құқықтық мәртебе объективтік тұрғыдан бостандықтың, демократияның жетістіктері мен кемшілігінің көрінісінің айнасы деуге болады. Адам қоғамының көне дәуірден даму кезендерінде құқықтық мәртебе әртүрлі болды. Бірақ бұл процесс үнемі прогрестік жолмен дамыды.
Құқықтық мәртебе – адам мен қоғамның, азамат пен мемлекеттің, жеке тұлға мен еңбек ұжымының ара байланысының көрініс – айнасы.
Қазіргі заманда адамдардың бостандығы мен құқықтары барлық мемлекеттердің Конституциясына, Декларациясына енгізіліп, ең негізгі ресми саясатқа айналды. Қазақстан Республикасының 1993-1995 жж. Конституциялары адамның бостандығы мен құқықтарына арнаулы бөлім беріп, бұл мәселені жан-жақты дамыту, жақсарту өзінің мемлекеттік міндеті деп жариялады.
Сонымен, адам қоғамы мыңдаған жылдар бойы сонау көне дәуірден қазіргі заманға дейін әлеуметтік нормалар арқылы басқарылып келеді. Сондықтан жеке адамның құқығы мен бостандығы туралы теорияның мыңдаған жылға созылған тарихы және мол тәжірибесі бар. Оның даму мазмұны, шеңбері қоғамның даму деңгейімен байланысты. Әр формацияда адам бостандығы мен құқығы әр түрлі болады. Бірақ оның дамуы объективтік прогрестік жолмен дамыды. Қоғам дамып, нығайып, жақсарған сайын құқықта, бостандықта нығайып жақсарады, оның әділеттік, демократиялық мазмұны да, кеңістігі де күрделенеді, жақсарады. Егерде бұл бостандыққа, құқыққа шектеу қойылса, оны іске асыруға кедергілер жасалса, адамдардың табиғи бостандықтарына мән берілмесе, ондай қоғамда антидемократиялық (фашизм, тоталитаризм, деспотизм) мемлекет орнап, саяси, экономикалық дағдарысқа ұшырайды. Адам қоғамының тарихында бұған мысал жеткілікті. Осы XX ғасырдың өзінде осындай дағдарыс екі дүниежүзілік соғысты өмірге әкелді.
Қазіргі заманда өркениеттің басты жетістігі адам құқығы мен бостандығын нақты қалыптастыру болып табылса, барлық мемлекет оны қорғап, оған кепіл болуы тиіс. Осындай ізгілікті үрдістен тәуелсіз Қазақстан да шет қалып отырған жоқ.
Қазақстан Ата заңының 1-бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», деп атап көрсетілген. Осы заң сөздері Қазақстанға әлемнің дамыған елдерінің қатарында тұруға моральдік құқық береді.
Жоғарыда айтқанымыздай Қазақстан Республикасы адам құқықтарын қорғау саласында оң қадамдар жасауда. Біздің республикамыз келешекте де адам құқығы жөніндегі айтулы халықаралық, экономикалық, әлеуметтік және саяси пактілерге қосылуға бет бұрып, үнемі басты назарда ұстауға кепілдік берді.
Адам құқығы мен бостандығы оның міндетімен байланысады. Жеке тұлға Қазақстан Республикасының алдында жауапты әрі оның Конституциясы мен Заңдарын, аумағының біртұтастығын сақтауға, салт-дәстүрге, мемлекеттік тіл мен барлық ұлт өкілдерінің тіддеріне құрметпен қарауға, Қазақстан Республикасының қуатын, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға атсалысуға міндетті.
Сонымен, Қазақстандық конституционализм сипаты оның социалистік жалған конституционализм сүрлеуінен тарихи жүріп өту нәтижесінде қалыптасуы және әлемдік қауымдастыққа лайықты өмір сүріп, өркендеу үшін Қазақстанға объективті түрде қажет либералдық-демократиялық құндылықтарды түпкілікті бекіту ерекшеліктеріне байланысты. Бұл ерекшеліктер жаңа тәуелсіз мемлекет бастан кешіп отырған ұзақ өтпелі кезең қиындықтарымен, унитарлы мемлекеттік өкіметінің ұйымдасуымен, мызғымас республикалық басқару нысанынан туындайтын ішкі-сыртқы геосаяси және демографиялық параметрлерімен сабақтас.
БҰҰ соңғы жылдарды Адам құқықтары саласындағы ағарту он жылдығы деп жариялаған болатын. Бұл үлкен бастама. Әр мемлекет, әрбір азамат осынау ізгі бастамаға өз үлесін қосатын болса жақсы. Адам құқықтары туралы білімді дамыту – адам құқықтарының сақталуына кепіл береді. Өз құқықтары мен міндеттерін білген адам еш уақытта жаңсақ баспайды.
Динара Баккараева
Нұр-Сұлтан қ.
Сарыарқа аудандық соты
бас маман сот отырысының
хатшысы