Қазақстандағы сот жүйесін әлемдік стандарттарға барлық параметрлермен сәйкес келтіру мақсатында сот жүйесінде ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осыған орай, судья лауазымына тағайындауға біліктілік талаптар күшейтіліп, үміткерлерді іріктеуден өткізу тетігі қатаңдатылды.
Судья Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңында белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн іске асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болатын мемлекеттің лауазымды адамы болып табылады.
Қазіргі таңда, сот актілеріне де қойылатын талаптарда күшейтілді. Ол шешім не үкім болсын, олар мазмұны бойынша оңай, жеңіл, түсінікті тілмен жазылуы қажет. Тараптардың әрбір уәждеріне сот актілерде жауап болуы міндеттелген. Сонымен қатар, сот актілері заңи не кәсіби түсініксіз терминдермен қамтылмауы қажет. Оны оқығанда халық түсінетіндей қарапайым тілмен жазу талап етіледі.
Сондықтан судьялар қатарда кездейсоқ адамдардың болмауы қажет. Олар заң саласында белгілі бір жетістікке жеткен, заң үстімдігін орнатып, әділ төрелікке кепіл бола алатын тұлғалар болуы тиіс.
Бұны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, үміткерге қойылатын талаптар бірнеше өлшемдер бойынша анықталады, бұл ретте аудандық соттың судьясы болып:
1) отыз жасқа толған;
2) жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар;
3) біліктілік емтиханын тапсырған (мамандандырылған магистратурада оқу бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады);
4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған;
5) негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін бір жылдық тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағылымдама нәтижесі бойынша сот жалпы отырысының оң қорытындысын алған (мамандандырылған магистратурада оқу бiтiрген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы тағылымдамадан өтуден босатылады);
6) полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұған дейінгі заң талаптары бойынша аудандық соттың судьясы болып:
1) жиырма бес жасқа толған;
2) медициналық куәландырудан өткен;
3)біліктілік емтиханын, оның ішінде мамандандырылған магистратурада тапсырған;
4) жоғары заң бiлiмi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар;
5) сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн болатын.
Қазіргі таңда, жаңа талаптарға сай судьялыққа кандидаттарды іріктеудің тетіктері күшейтіліп, судья лауазымына үміткер атану үшін бірнеше кезеңнен тұратын жан-жақты сынақтан өту қарастырылған. Олар:
-психологиялық тестілеу;
-эссе жазу;
-заңнаманы білуіне тестілеу;
-жағдаяттық тапсырмалар;
-сұхбат;
-полиграфологиялық зерттеу.
Әрқайсына жеке тоқталсақ, үміткердің білімі мен оны дұрыс қолдану мүмкіндігін тексерумен ғана шектелмей, оның стресстік жағдайларға қарсы иммунитетін және адамдармен жұмыс істеу қабілетін айқындауға көмектесетін психологиялық тестілеу кезеңінен өткізу жолға қойылды.
Одан кейін, судьяға үміткердің эссе жазу міндеті көзделген. Мақсаты үміткердің өз бетінше шығармашылық ойлауы мен ойларын жазбаша мазмұндау дағдыларын анықтау болып табылады.
Содан соң, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінде бірнеше заңнаманы білуіне тестілеуден өтеді.
Егерде тест қорытындысы нәтижелі болғандар жағдаяттық тапсырмаларды шешу кезеңінен өтеді. Бұдан үміткердің өз ойын анық және сауатты тұжырымдауын, негізгі ұғымдарды дұрыс қолдана отырып, себеп-салдар байланысын анықтап, өз қорытындыларын дәлелдей білуін айқындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, үміткерлермен әлеуметтік-писхологиялық өзара әрекеттестікке негізделеген сұхбаттасу жүргізеді.
Соңғы кезең үміткердің сыбайластық жемқорлыққа көз-қарасын тексеру болып табылады. Онда оның қызметіне адалдығы мен әділдігін тексеру мақсатында полиграфологиялық зерттеуден өту көзделген.
Осы айтылғандар бойынша біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі күрделеніп, олар бірнеше кезеңдерден тұрады.
Осы сынақтардан нәтижелі көрсеткішке қол жеткен үміткерлер ғана, судьялыққа кандидат болып саналады және жергілікті соттарда жұмыстың ерекшеліктерін зерделеу, судья лауазымындағы жұмыс үшін қажетті практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру мақсатында тұрғылықты жері бойынша талығымдамадан өтуге жіберіледі. Тағылымдамадан өту мерзімі 1 жыл, ол негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады. Тағылымдаман өтушіге негізгі жұмыс орнынан жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі. Оларға тағылымдамадан өту кезеңінде оған 1 жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясы лауазымдық айлықақысының 70%-ы мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді. Тағылымдаманың басты мақсаты кандидаттың іскерлік, кәсіби және адамгершілік қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективасын айқындау болып табылады.
Бұлар төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие, білімді тұлғаларды судья қатарына іріктеп алуға бағытталған бірден бір қадамдар. Қазіргі таңда, күшейтілген іріктеулер өз нәтижесін көрсетуде.
Б.Қ.Идирисов
Астана қаласы
Байқоныр ауданының
№ 2 сотының судьясы